Жаңа «Өрмекші адам» 927 миллион доллар жинады: фильм Қазақстанда қашан көрсетіледі?

Жаңа «Өрмекші адам» 927 миллион доллар жинады: фильм Қазақстанда қашан көрсетіледі?
Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures

Marvel пен Sony Pictures студияларының жаңа туындысы – «Өрмекші адам: Жаңа күн» әлемдік прокатта сенсациялық бастама жасады. Том Холланд басты рөлді сомдаған фильм алғашқы демалыс күндері әлем бойынша 927 миллион доллар касса жинап, кино тарихындағы ең сәтті старттардың біріне айналды.

Бұл көрсеткіш бойынша жаңа фильм тек 2019 жылы алғашқы уикендте 1,2 миллиард доллар жинаған «Кек алушылар: Финал» фильмінен ғана қалып қойды.

Әлемдік прокаттағы рекордтық көрсеткіштер

Жалпы табыстың 355 миллион доллары АҚШ-тағы көрсетілімдерден түскен болса, қалған 572 миллион доллар әлемнің 66 еліндегі кинотеатрлардан жиналды. Ең үлкен шетелдік нарық Қытай болды – мұнда фильм 121 миллион доллар табыс әкелді. Одан кейін Ұлыбритания (49 миллион доллар), Мексика (38,3 миллион доллар) және Оңтүстік Корея (25 миллион доллар) орналасқан.

Сонымен қатар картина Франция, Үндістан, Бразилия және Испанияда алғашқы демалыс күнгі кассалық түсім бойынша жаңа рекорд орнатты. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қарқын сақталса, фильмнің әлемдік табысы 2 миллиард доллардан асуы мүмкін. Осы уақытқа дейін мұндай нәтижеге кино тарихында небәрі жеті фильм ғана қол жеткізген.

Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures
Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures

Айта кетейік, франшизаның алдыңғы бөлімі – «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» әлемдік прокатта 1,9 миллиард доллар жинаған еді. Бұл көрсеткішке фильм Қытай нарығында көрсетілмесе де қол жеткізген.

Премиум форматтарға сұраныс артты

Жаңа фильм көрермендерді премиум форматтағы кинозалдарға да көптеп тартты. Dolby форматында АҚШ-та 10 миллион доллар, 4DX форматында әлем бойынша 17 миллион доллар, ал ScreenX көрсетілімдерінен 14,4 миллион доллар табыс түсіп, жаңа рекордтар тіркелді.

Ал АҚШ-тағы IMAX кинотеатрларында «Өрмекші адам: Жаңа күн» көрсетілмеді. Себебі бұл залдар үш апта бойы режиссер Кристофер Ноланның «Одиссея» фильміне берілген. Соған қарамастан Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореядағы IMAX көрсетілімдері фильмге қосымша 23 миллион доллар әкелді.

Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures
Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures

Фильм не туралы?

Фильм оқиғасы «Өрмекші адам: Үйге жол жоқ» картинасынан кейін жалғасады. Бұған дейінгі бөлімнің соңында Питер Паркерді бүкіл әлем ұмытып кеткен болатын. Енді ол Нью-Йоркке төнген жаңа қауіппен күресіп қана қоймай, өзгеріп жатқан ерекше қабілеттерін меңгеруге де мәжбүр болады.

Картина сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Rotten Tomatoes платформасында фильмнің рейтингі 90 пайызды құраса, CinemaScore көрермендер сауалнамасында «A» бағасын алды.

Фильмнің продюсері Эми Паскаль көрермендерге алғысын білдіріп, олардың режиссер Дестин Дэниел Креттонның батыл әрі эмоцияға толы идеясын жылы қабылдағанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай табыс көрермендердің әлі де ауқымды оқиғалармен қатар адам тағдырын шынайы бейнелейтін фильмдерге қызығушылық танытатынын көрсетеді.

Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures
Фото: Sony Pictures UK/Columbia Pictures

Қазақстандық көрермендер де жаңа туындыны көп күтпейді. «Өрмекші адам: Жаңа күн» фильмі еліміздің кинотеатрларында 6 тамыздан бастап прокатқа шығады.

Айта кетейік, қазір кинотеатрларда Кристофер Ноланның «Одиссея» киносы көрермендер арасында хитке айналды.

Оқи отырыңыз