Бүгінгі адамзат соғыс, технология және моральдық таңдау секілді күрделі сынақтардың алдында тұрғанда, Кристофер Нолан үш мың жыл бұрын жазылған Гомердің «Одиссеясын» экранға шығарды. Бірақ режиссер ежелгі эпосты қайталаған жоқ. El.kz интернет порталының тілшісі биылғы жылдың басты фильміне шолу жасады. Айта кетейік, мақалада фильмнің сюжетіне қатысты спойлерлер бар.
Әлемдік кинематографияда классикалық әдеби шығармаларды экранға шығару бұрыннан бар. Алайда үш мың жыл бұрын жазылған, 12 мыңнан астам жолдан тұратын Гомердің «Одиссеясын» заманауи көрерменге түсінікті әрі әсерлі киноға айналдыру кез келген режиссердің қолынан келе бермейді. Бұл тәуекелге әйгілі режиссер Кристофер Нолан барып, үш сағаттық «Одиссей» фильмін ұсынды. Туынды жарыққа шыққан сәттен бастап халықаралық баспасөздің назарын аударып, биылғы жылдың ең көп талқыланған киножобаларының біріне айналды.
Фильмнің ерекшелігі – ол Гомердің поэмасын дәлме-дәл қайталамайды. Нолан ежелгі эпосты бүгінгі көрерменнің қабылдауына лайықтап қайта пайымдап, классикалық сюжетке жаңа философиялық мән береді.
Гомерден Ноланға дейінгі үш мың жыл
Гомердің «Одиссеясы» – әлем әдебиетінің ең көне эпикалық туындыларының бірі. Онда Троя соғысынан кейін Итака патшасы Одиссейдің туған жеріне он жыл бойы орала алмай, түрлі сынақтардан өткені баяндалады. Поэмада құдайлар адамдардың тағдырын айқындайтын басты күш ретінде көрінеді. Афина (даналық құдайы) Одиссейді қорғаса, Посейдон (теңіз құдайы) оған кедергі жасайды. Кейіпкердің сапары циклоптармен, сиреналармен, сиқыршы Киркемен, Калипсомен және өлілер әлемімен кездесулер арқылы өрбиді.
Нолан бұл оқиғалардың негізгі желісін сақтағанымен, олардың мағынасын түбегейлі өзгертеді. Оның фильмінде құдайлардың ықпалы әлсіреп, оқиғаның өзегіне адамның ішкі дүниесі шығады. Афина енді нақты құдай емес, Одиссейдің ар-ожданы мен ішкі дауысының символы ретінде беріледі.
Ноланның «Одиссеясы» визуал саяхат қана емес, дәл қазір қажет ойды айта білген туынды. Одиссей – даңқты қаһарман емес, таңдаған даңқ жолы үшін өкінген кейіпкер. «Троя» фильмімен тақырып жалғастығы болғанымен, екеуі кереғар фильмдер. Петерсонның «Троясы» (2004) – қаһармандықты романтизациялайтын, майдан аңсаған батырларды дәріптейтін, даңқты – өмірдің мәні деп түсіндіретін фильм. Ол соғысуды, өлтіруді әспеттейді, «не үшін?» деп сұрақ қоймайды, астарлы түрде «қандай ерлер өтіп еді, қазіргілер тым ұсақ, тым пәс (с)» дейді. «Одиссея» – даңқты қуып, адасқанын тым кеш түсінген, «не үшін?» деген сұрақты тым кеш қойған адам/зат туралы фильм, – дейді киносыншы Әсия Бағдәулетқызы.
Киносыншының айтуынша, Гомердің Одиссейі үйіне жету үшін барын салса, Ноланның Одиссейі, керісінше, үйіне оралмауға тырысатын кейіпкер ретінде бейнеленген. Сарапшының пікірінше, бұл Одиссейдің жиырма жыл бойы үйіне қайтқысы келмеуінің себебі – Трояны күйреткен кезде өзінің туған жері Итаканың да тағдырына балта шапқанын кеш түсінуінде. Егер Гомердің Одиссейін жеңіс пен даңқ сезімі кернесе, Ноланның Одиссейін өкініш пен кінә сезімі билейді. Киносыншының пайымдауынша, кейіпкердің жолында кездесетін құбыжықтар мен сынақтардың барлығы оның ішкі жан дүниесінің көрінісі. Трояға алып келген шарасыздық, заңсыздық пен қорқыныш ақыр соңында өзіне қарсы айналып, оның жан азабына себеп болады.
Үш сағатқа сыйған эпос
Дауыстап оқуға бір тәулікке жуық уақыт кететін поэманы үш сағатқа сыйғызу үшін режиссер көптеген эпизодтарды қысқартуға мәжбүр болды.
Фильмнен Гомер шығармасындағы бірқатар маңызды желілер алынған. Мысалы, Одиссейді туған жеріне жеткізетін феактар елі мен ханшайым Навсикая туралы бөлім мүлде жоқ. Өлілер әлемінде Ахилл, Аякс, Элпенор және Одиссейдің анасымен кездесулері де экраннан тыс қалған.
Сондай-ақ Пенелопаның күйеуін ерекше тәсілмен сынайтын әйгілі «зәйтүн ағашынан жасалған төсек» көрінісі де қысқартылған. Оның орнына Нолан Одиссейдің кім екенін дәлелдеу үшін Афинаның мүсіншесін пайдаланады.
Режиссер поэмадағы аса қатыгез эпизодтардың бірін – опасыздық жасады деп айыпталған күңдердің дарға асылуын да көрсетпейді.
Нолан не қосты?
Фильм тек «Одиссеяға» ғана негізделмеген. Нолан Гомердің «Илиадасынан», Вергилийдің «Энеидасынан» және кейінгі аудармалардан алынған эпизодтарды бір туындыға біріктірген.
Соның бірі – Троя аты туралы кеңейтілген көрініс. Гомер бұл оқиғаны егжей-тегжейлі суреттемегенімен, фильмде дәл осы эпизод негізгі драмалық бастауға айналады. Сондай-ақ Вергилий шығармасындағы Синон бейнесі фильмге енгізілген.
Режиссер ежелгі тарихшылардың еңбектеріне сүйеніп, Троя соғысын тек Елена үшін болған шайқас емес, сауда жолдары үшін күрес ретінде де түсіндіруге талпыныс жасаған.
Одиссей ойлап тапқан Троя аты – бүгінгі әлеуметтік желі мен AI деген де ой келді. Адамзатқа сый ретінде келіп ішінен ірітетін күш, – дейді киносыншы.
Уақытпен ойнайтын режиссер
Кристофер Ноланның басты ерекшелігі – уақытты ерекше құрастыру тәсілі. «Одиссейде» де режиссер оқиғаны хронологиялық тәртіппен баяндамайды.
Өткен шақ, қазіргі уақыт, естеліктер мен елестер бір-бірімен қабаттасып жатады. Осы тәсілдің арқасында үш сағатқа жуық фильм қарқынды қабылданады. Көрермен кейіпкердің өткенін біртіндеп танып, оның психологиялық күйін сезіне бастайды.
Батыр емес, соғыстан жараланған адам
Гомердің Одиссейі айлакер әрі шешен қолбасшы ретінде танылса, Ноланның Одиссейі – ең алдымен соғыстың психологиялық жарасын арқалаған адам.
Фильмде оның ең үлкен қарсыласы циклоп немесе Посейдон емес. Ең ауыр күрес – өзінің ар-ұжданымен арпалысы.
Режиссер кейіпкердің үйіне кеш оралуының себебін құдайлардың қаһарымен ғана байланыстырмайды. Одиссейдің өзі де Трояда жасаған әрекеттері үшін өзін кінәлі сезінеді. Бұл интерпретация фильмді заманауи психологиялық драмаға жақындатады.
Киносыншы Әсия Бағдәулетқызының пікірінше, фильмнің негізгі идеясы – қантөгістің дүниенің іргелі заңдылықтарын бұзып, адамзат өркениетінің негізіне сызат түсіретінін көрсету. Оның айтуынша, адамзат тарихы соғыстардан тұрса да, Троя соғысы, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар немесе Газадағы қақтығыс секілді бүкіл әлемнің тағдырына ықпал ететін қантөгістер болады. Мұндай соғыстар Хеленнің жүзіндегі тыртық секілді адамзат жадында мәңгі сақталып, әлемнің келбетін түбегейлі өзгертеді.
Троя «Зевс заңдарын», ал қазіргі замандағы Газа қақтығысы халықаралық құқық қағидаларын бұзғанымен, екеуінің де ортақ салдары – адамзатты біріктіріп тұрған көзге көрінбес байланыстардың үзілуі, – дейді ол.
Сондықтан киносыншы Ноланның «Одиссеясын» бүгінгі адамзатқа аса қажет туынды деп бағалайды. Оның пікірінше, фильм көрерменге өкінудің, соғыс құрбандарын құрметтеудің маңызын еске салып, «өзгеге істегенің – өзіңе істегенің» деген ойды алға тартады.
Соғыс романтика емес
Фильмдегі Троя шайқасы жеңіс туралы аңыз ретінде емес, адамзат трагедиясы ретінде көрсетілген.
Бейбіт тұрғындардың қаза болуы, қаланың күйреуі, сарбаздардың моральдық құлдырауы – режиссер назар аударған негізгі тақырыптардың бірі. Бұл арқылы Нолан кез келген соғыстың артында адам тағдыры тұрғанын еске салады.
Фильмді «Қатардағы Райанды құтқару» (1998) секілді соғыс травмасы фильмдерімен салыстырғандар бар. Бірақ олардан ерекшелігі, «Одиссейде» травма мен мағынасыз құрбандық қана емес, кінәні арқалау мен жеке жауапкершілікті түсіну бар. Сол тұрғыда бұл «Райандардан», тіпті Хирошима үшін жауапкершілік арқаламайтын «Оппенхаймерден» гөрі маңызды фильм. Соңғы жылдардың «Гладиатор» сияқты эпикалық фильмдерінен түңіліп, ондай жанрдың дәуірі өтті ме, біз есейіп кеттік пе деген екіұдай ойда жүр едім. Нолан мәселе мағынада, уақытқа сай интерпретацияда ғана екенін тағы бір көрсетті, – дейді Әсия Бағдәулетқызы.
Киносыншының пікірінше, Ноланның «Одиссеясы» идеялық тұрғыдан Фрэнсис Форд Копполаның «Мегалополис» фильмімен үндеседі. Оның айтуынша, екі туынды да іргелі құндылықтардың күйреуін арқау еткенімен, оқиғаны үмітпен аяқтайды. Сарапшының сөзінше, қос фильм де қандай ауыр сынақ болмасын, адамзаттың жарқын болашаққа деген сенімін жоғалтпау керектігін меңзейді.
Неліктен фильмнің финалы өзгерді?
Гомердің поэмасы Одиссейдің Пенелопамен қауышуымен аяқталмайды. Кейін күйеу жігіттердің рухтары өлілер әлеміне барады, Одиссей әкесі Лаэртпен кездеседі, ал соңында олардың туыстары кек алу үшін шабуыл жасайды. Бұл қақтығысты Афина тоқтатып, бейбітшілік орнатады.
Нолан бұл бөлімдерді алып тастап, оқиғаны әлдеқайда жинақы аяқтайды. Фильмде Телемах Итаканың билігін қабылдайды, ал Одиссей мен Пенелопа қаза болған серіктерінің рухына тағзым ету үшін жаңа сапарға аттанады. Осылайша режиссер оқиғаны соғыстың аяқталуымен емес, рухани тазару мен жаңа өмірдің басталуымен түйіндейді.
Патриархал қоғамның теңсіздігі туралы Пенелопаның бір сөзі бар: «20 жыл тақта отырғанымды тақ бос тұрды дейсіңдер!» дейтін. Бұл да заманауи оқу. Гомердің «Одиссеясы» әйелді қауіпті, сенуге болмайтын жаратылыс деп санайтын ер сана тұрғысынан жазылған. Ноланның фильмдерінде әйелдер ер адам ұмтылатын destination рөлінде, сирек көрінетін. «Одиссея» да сол желіні сақтап, тіпті бірнеше әйел кейіпкерді қырқып тастағанына қарамастан, әр әйелді есте қаларлықтай түсірген. Әсіресе су перісі Калипсоның рөлін уыздай қыз емес, Шарлиз Теронның қалай сомдағаны ерекше ұнады. Лупитаның сұлулығы мен тыртығының өзі сөйлеп тұр. Энн Хэтуэй үшін жаңа кезеңге бастайтын рөл. Басқа актерлерге де сөз жоқ, – дейді киносыншы.
Сонымен қатар, Әсия Бағдәулетқызының пікірінше, фильмде толық ашылмай қалған маңызды тақырыптардың бірі – патриархал қоғамның соғысқа ықпалы. Оның айтуынша, Троя соғысының түпкі себебі әйелдің өзі емес, әйелді ер адамның меншігі, трофейі немесе ар-намысының өлшемі ретінде қабылдайтын патриархал түсінік. Егер Менелай Хеленді өз таңдауы бар, дербес шешім қабылдай алатын тұлға ретінде қабылдап, оның еркіндігін құрметтегенде, Троя соғысы да болмас еді, ал Одиссей де жиырма жылдық азапты бастан өткермес еді.
2 аптада 639,6 миллион АҚШ долларын жинады
Кристофер Ноланға дейін Гомердің «Одиссеясы» бірнеше мәрте экранға жол тартқан. Олардың ішінде ең танымалдарының бірі – режиссер Марио Камеринидің 1954 жылғы Ulysses фильмі болса, 1997 жылы Андрей Кончаловскийдің екі бөлімді The Odyssey мини-сериалы көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар эпостың жекелеген оқиғаларына негізделген түрлі фильмдер мен тележобалар түсірілгенімен, олардың ешқайсысы Нолан туындысындай ауқымды мәдени құбылысқа айнала алған жоқ.
Мұны кассалық көрсеткіштер де дәлелдейді. Фильм прокатқа шыққан екі апта ішінде әлем бойынша 639,6 миллион АҚШ долларын жинап, жылдың ең табысты жобаларының біріне айналды. Сарапшылар фильмнің 1 млрд долларлық межеге жетуі мүмкін екенін болжайды.
Ноланның «Одиссеясының» тағы бір ерекшелігі – оның түсірілім технологиясында. Бұл – толығымен IMAX пленкалық камераларымен түсірілген әлемдегі алғашқы көркем фильм. Режиссер мен оператор Хойте ван Хойтема түсірілім үшін IMAX компаниясымен бірлесіп жаңа буындағы камераны әзірлеген. Түсірілім барысында шамамен 2,1 миллион фут IMAX пленкасы пайдаланылған.
IMAX форматының басты артықшылығы – көрерменге кадрдың барынша толық әрі анық бейнесін ұсынуы. Дәстүрлі киноэкрандарға қарағанда IMAX экраны әлдеқайда үлкен, ал 70 мм пленкадағы кескіннің айқындығы мен түстердің тереңдігі жоғары. Фильмнің кейбір көріністері 1,43:1 арақатынасында көрсетіледі. Бұл көрерменге кәдімгі форматқа қарағанда шамамен 40 пайызға дейін көбірек бейне көруге мүмкіндік береді. Әлемде мұндай форматты толық көрсете алатын санаулы ғана кинотеатр бар.
Осылайша, Кристофер Нолан «Одиссеяны» жай ғана кезекті экранизация ретінде емес, бүгінгі заманның тілімен қайта сөйлетілген философиялық туынды ретінде ұсынды.