Қазақстан соңғы жеті жылда саяси, әлеуметтік және құқықтық жаңғыру жолында маңызды қадамдар жасады. Соның ішіндегі ең ауқымды өзгерістердің бірі – конституциялық реформа. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстан жаңа өркендеу дәуірінің табалдырығында тұрғанын атап өтті. Бұл кезеңнің негізгі құқықтық тірегі ретінде жаңа Конституция айқындалды.
2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы жаңа Ата Заңды қолдады. Ал 1 шілдеден бастап Конституция күшіне енді. Жаңа құжат елдің ұзақ мерзімді даму бағыттарын айқындап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға негіз қалады.
Халықтың ұсынысы мен қоғамдық сұраныстың нәтижесі
Жаңа Конституцияны әзірлеу жұмысына мемлекеттік органдармен қатар сарапшылар қауымдастығы мен азаматтық қоғам өкілдері де қатысты. Құрамында 130 адам болған Конституциялық комиссия қоғамдық талқылау барысында түскен ұсыныстарды қарастырды. Азаматтар өз пікірлерін цифрлық платформалар арқылы да жолдай алды. Жалпы, қоғамдық талқылау кезінде 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту түскен.
Жаңартылған Конституция 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Онда мемлекеттік құрылымның жаңартылған қағидаттары, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктері және ел дамуының стратегиялық басымдықтары бекітілген.
Ата Заңның преамбуласы да толық жаңартылды. Онда «Қазақстанның біртұтас халқы» ұғымы азаматтардың ортақ бірлігін, тарихи сабақтастықты және мемлекеттіліктің іргелі негіздерін айқындайды.
Сонымен қатар Әділетті Қазақстан идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, бірлік пен ынтымақ, білім мен ғылым, инновация, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік және табиғатты қорғау құндылықтары Конституцияның негізгі бағдарларына айналды.
Адам құқықтары мен бостандықтары
Жаңа Конституцияның алғашқы баптарында мемлекеттің негізгі ұстанымдары нақты көрсетілген.
Атап айтқанда, 1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде белгіленген. Ал 2-бапта Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы және президенттік басқару нысанының мызғымастығы бекітілген.
3-бап мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарын айқындайды. Олардың қатарында егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру бар.
Сондай-ақ қоғамдық диалог, жауапты әрі жасампаз патриотизм, еңбекқорлық, экологиялық мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны сақтау маңызды құндылықтар ретінде көрсетілген. Адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновация мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттары болып белгіленді.
Ал 4-бапқа сәйкес, егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық.
Еңбек пен отбасы құндылықтарына басымдық берілді
Жаңа Конституцияда азаматтардың еңбек ету құқығына да ерекше мән берілген. 27-бап әр адамның еңбек етуге, қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдауға құқығын қамтамасыз етеді.
Бұл норма 3-бапта бекітілген еңбекқорлық қағидатымен сабақтас. Яғни Конституция азаматтардың еңбек ету құқығын қорғап қана қоймай, еңбекті қоғамның маңызды құндылығы ретінде орнықтырады.
30-бапта неке мен отбасы, ана, әке және балалық шақ мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Неке ер мен әйелдің заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өткен ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған.
Бұл нормалар отбасы институтының маңызын арттырып, ерлі-зайыптылардың теңдігін және ұрпақ тәрбиесіне деген ортақ жауапкершілікті құқықтық тұрғыдан бекітеді.
Экологиялық жауапкершілік
Жаңа Ата Заңда қоршаған ортаны қорғау мәселесіне де айрықша назар аударылған. Азаматтар табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға міндетті. Ал мемлекет адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
Осылайша, экологиялық қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі ретінде қарастырылады.
Бұл бағыт «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының құндылықтарымен де үндеседі. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Мемлекеттік басқару жүйесі жаңартылды
Конституциялық реформаның маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік билік институттарын қайта ұйымдастыру.
Жаңа басқару моделіне сәйкес, 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай қалыптастырылды. Сонымен қатар Қазақстанның Халық Кеңесі құрылды.
Конституцияның 70–71-баптарында Халық Кеңесінің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалған. Оның ішінде заң шығару бастамасы және республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығы қарастырылған.
Жаңа модель мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, парламенттік бақылауды күшейтуге және Үкіметтің қоғам алдындағы есептілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құқық қорғау кепілдіктері күшейтілді
Конституциялық жаңғырудың негізгі нәтижелерінің бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерінің кеңеюі.
Мәселен, 18-бапта ұсталған адамға оны ұстаудың негіздері мен құқықтарын түсіндіру міндеті бекітілген. Бұл халықаралық тәжірибеде «Миранда ережесі» деп аталатын қағидатқа сәйкес келеді. Сонымен бірге азаматтың ұсталған сәттен бастап адвокат көмегін алу құқығына кепілдік беріледі.
15-бапта мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекет есебінен өтеу қарастырылған. Ал 86-бапта адвокатураның сот арқылы қорғануды және заң көмегін көрсетуді қамтамасыз етудегі рөлі алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалған.
Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Цифрлық дәуірдегі азаматтардың құқықтары қорғалады
Технология қарқынды дамыған кезеңде жеке деректердің қауіпсіздігі мен зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері де өзекті.
Осыған байланысты 21-бапта азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау кепілдіктері бекітілген. Бұл талап цифрлық технологияларды қолдану жағдайында да сақталуы тиіс.
23-бап ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауға кепілдік береді.
Аталған нормалар инновацияларды дамытуға, ғылыми ізденістерді қолдауға және цифрлық ортада азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз етуге құқықтық негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету үшін 5-бапта азаматтардың жағдайын нашарлататын, жаңа міндеттер жүктейтін немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдардың кері күшіне ие болуына тыйым салынған.
Жаңа Конституция – ел дамуының құқықтық негізі
Жалпы алғанда, жаңа Конституция мемлекеттік құрылымның негізгі қағидаттарын сақтай отырып, билік институттарын жаңартуға және адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтуге бағытталған.
Реформаның басты ерекшелігі – мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті нақтылау, халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту және елдің болашақ даму бағдарларын құқықтық тұрғыдан бекіту.
Ата Заңда белгіленген қағидаттар әділетті қоғам қалыптастыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат қана емес, Қазақстанның алдағы даму кезеңіне арналған ортақ бағдар. Оның тиімділігі қабылданған нормалардың күнделікті өмірде жүзеге асуына, мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне және әрбір азаматтың заңға құрметпен қарауына байланысты.