Жаңа Конституция жағдайындағы мәслихаттар: Алматыда жергілікті өкілді органдардың рөлі талқыланды

Жаңа Конституция жағдайындағы мәслихаттар: Алматыда жергілікті өкілді органдардың рөлі талқыланды
Фото: gov.kz

Алматыда ғалымдар мен саясаттанушылар конституциялық өзгерістерден кейін мәслихаттардың жұмысы қалай өзгеретінін талқылады. «Жаңа Конституция жағдайындағы жергілікті өкілді органдар: рөлі, функциялары және даму перспективалары» тақырыбындағы сарапшылық отырысты 27 қарашада Философия, саясаттану және дінтану институты ұйымдастырды.

Жиынға қатысушылар қолданыстағы сайлау жүйесінің ерекшеліктерін және республикалық деңгейден бастап аудандық деңгейге дейінгі өкілді билік органдарын жаңарту мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ мәслихаттардың өңірлер мүддесін қорғау және тұрғындардың нақты мәселелерін шешу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік

Отырысқа Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев модераторлық етті. Ол қазіргі сайлау науқанының дербес сипатына назар аударып, сайлауды азаматтардың саяси өмірге қатысуына ықпалы тұрғысынан бағалау қажет екенін айтты.

Институттың бас ғылыми қызметкері Асқар Шоманов мәслихаттарды жергілікті деңгейде халық мүддесін білдіретін маңызды институт деп атады.

«Олардың рөлі қоғамдық сұраныстарды білдірумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар өкілді және атқарушы билік органдары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету де маңызды», – деді ол.

Ғалымның пікірінше, қазір мәслихаттардың дербестігін арттырып, бақылау функцияларын күшейту аса маңызды. Бұл ретте депутаттар халықтың өміріне тікелей әсер ететін шешімдер үшін жеке жауапкершілік алуы керек.

Жергілікті саясаттағы жаңа есімдер

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Әсел Назарбетова жергілікті өкілді органдар құрамының жаңаруына тоқталды. Оның айтуынша, жастарға, түрлі сала мамандарына және азаматтық қоғам өкілдеріне жергілікті саясатқа қатысуға мүмкіндік көбейген. Жаңарған депутаттық корпус мәслихаттарға жаңа құзыреттерді, тәжірибе мен қоғамдық бастамаларды алып келеді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану кафедрасының меңгерушісі Жомарт Симтиков студенттердің қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

«Бұл бастаманы қолдап, студенттердің қоғамдық талқылауларға қатысуына, өз идеяларын ұсынуына және қоғамның дамуы үшін маңызды мәселелерді шешуіне мүмкіндік жасау қажет», – деді ол.

Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен бұл мәселені ғалымдардың қызметімен байланыстырды. Оның пікірінше, саяси өзгерістер ғылыми тұрғыдан зерделенуі керек. Ал жас ұрпақтың қоғамдық қызметке қызығушылығын мақсатты түрде қалыптастыру маңызды.

Сайлаушылармен кері байланыс

Талқылау барысында депутаттардың тұрғындар үшін қаншалықты қолжетімді екеніне де назар аударылды. Атап айтқанда, азаматтарды тұрақты қабылдау, сайлаушылар алдында есеп беру және шешім қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеру мәселелері қозғалды.

Сарапшылар бұл тетіктерді «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен байланыстырды. Өйткені дәл осы құралдар тұрғындар мен мәслихаттар арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.

«Жас ғалымдар ретінде біз қоғам мен саяси билік арасындағы өзара түсіністік пен диалогты қалыптастыруға үлес қосуға тырысамыз», – деді Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Шынар Топаева.

Осы мақсатта институт зерттеушілері сайлау үдерісін ішінен зерделеп жүр. Олар кандидаттардың сайлаушылармен кездесулеріне қатысып, сұрақтар қояды және үміткерлердің қоғам сұранысына жауап беруге қаншалықты дайын екенін бағалайды.

Институттың ғылыми қызметкері Марлен Тұрысбек алдағы зерттеулердің негізгі бағыттарын белгіледі. Олардың қатарында жергілікті өкілдік жүйесіндегі өзгерістер, саяси қатысудың жаңа формалары және мемлекеттік институттар мен қоғам арасындағы байланысты дамыту мәселелері бар. Оның пікірінше, бұл өзгерістердің жергілікті басқару тиімділігіне әсерін жүйелі түрде зерттеу қажет.

Талқылауға қатысушылар өкілді органдар құрамының жаңаруы олардың жұмыс сапасының артуымен қатар жүруі керек деген ортақ пікірге келді. Өйткені мәслихаттар өңірлік күн тәртібіне, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктеріне және аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша жақын институт болып саналады.

Сарапшылар мәслихаттар жұмысының басты өлшемі ретінде тұрғындардың мүддесін білдіру, олардың өтініштеріне жедел жауап беру және өңірлердегі нақты мәселелерді шешуге қатысу қабілетін атады.

Оқи отырыңыз