«Жаңа көлігім жарты жылдан бері сервисте тұр»: қытайлық автокөлік иесінің жанайқайы

«Жаңа көлігім жарты жылдан бері сервисте тұр»: қытайлық автокөлік иесінің жанайқайы
Фото: AI көмегімен жасалды

Кейінгі жылдары Қазақстанда қытайлық  автокөліктерге сұраныс айтарлықтай артты. Қолжетімді бағасы, заманауи дизайны және бай техникалық жабдықталуы көптеген жүргізушінің таңдауына айналды. Алайда кейбір көлік иелері жаңа автокөліктің өзі қысқа уақыт ішінде күрделі ақау шығарып, сервисте айлап тұрып қалатынын айтып шағымдануда.

«Жаңа көлік ұзақ жылдар қызмет етеді деп сендім»

Осындай жағдайға тап болғандардың бірі – астаналық Гүлмира Аймағанбет. Оның айтуынша, жаңа Jetour көлігі автоматты беріліс қорабындағы ақауға байланысты жарты жылдан бері сервис орталығында тұр.

Гүлмира Аймағанбет Jetour маркалы автокөлікті 2024 жылдың 29 наурызында ресми дилерден сатып алғанын айтады. Таңдау жасау кезінде ол брендтің сыртқы келбетіне ғана емес, ресми кепілдік пен техникалық мүмкіндіктеріне де сенген.

Бұл көлікті таңдауыма бірнеше себеп болды. Заманауи дизайны ұнады, техникалық сипаттамасы көңілімнен шықты. Бағасы да өз санатындағы басқа көліктермен салыстырғанда қолжетімді көрінді. Ең бастысы – ресми дилердің кепілдігі бар болғандықтан, жаңа көлік ұзақ жылдар бойы еш қиындықсыз қызмет етеді деп ойладым. Сондықтан бұл шешіміме сенімді болдым, – дейді ол.

<em>AI көмегімен жасалды&nbsp;</em>
AI көмегімен жасалды 

Күрделі ақау тоғыз айдан кейін шыққан

Иесінің сөзінше, көлікті алғашқы айларда еш қиындықсыз пайдаланған. Алайда желтоқсан айында күтпеген жерден автоматты беріліс қорабы істен шыққан.

Алғашқы кезде бәрі қалыпты болды. Бірақ желтоқсан айында көлік өздігінен дұрыс жүрмей қалды. Автоматты беріліс қорабында ақау шықты. Жаңа көліктен мұндай күрделі мәселе болады деп мүлде күтпедім. Бұл мен үшін үлкен тосын жағдай болды, – дейді Гүлмира Аймағанбет.

Оның айтуынша, осыдан кейін көлік сервис орталығына жеткізіліп, содан бері иесіне қайтарылмаған.

«Жарты жылдан бері нақты жауап жоқ»

Көлік иесі сервис орталығынан әртүрлі түсініктеме берілгенімен, мәселенің нақты қашан шешілетіні туралы ешқандай ақпарат айтылмағанын жеткізді.

Көлікті сервис орталығына тапсырғаннан бері «қосалқы бөлшекті күтіп отырмыз», «қорап әлі келген жоқ» деген сияқты түрлі себептер айтылып келеді. Бірақ тұтынушы ретінде мені ең көп қынжылтатыны – мәселенің жарты жылдан астам уақыт бойы шешілмеуі және нақты мерзімнің айтылмауы. Жаңа көлікке қомақты қаражат төлеген адам мұндай жағдайға тап болмауы керек деп есептеймін, – дейді ол.

Гүлмираның айтуынша, көлік үшін толық төлем жасағанына қарамастан, бүгінде өзі қоғамдық көлікпен қатынауға мәжбүр.

«Алдымен мәселені бейбіт жолмен шешкім келеді»

Әлеуметтік желіде бұл оқиға жарияланғаннан кейін көпшілік оған сотқа жүгінуге кеңес берген. Алайда көлік иесі мәселені алдымен келісім арқылы шешуге мүдделі екенін айтады.

Мен ең алдымен мәселенің сотқа жетпей, бейбіт жолмен шешілгенін қалаймын. Егер компания тұтынушының құқығын құрметтеп, заң талаптарына сәйкес әрекет етсе, бұл екі тарап үшін де тиімді болар еді. Бірақ мәселе шешілмесе, өз құқығымды қорғау үшін заң аясында сотқа жүгінуге дайынмын, – дейді ол.

«Тек жарнамаға сенбеңіз»

Өз тәжірибесіне сүйенген Гүлмира жаңа көлік алуды жоспарлап жүрген азаматтарға бірнеше кеңес айтты.

Көлік сатып алар алдында тек жарнамаға сенбей, брендтің беделін, сервистік қызметінің сапасын және қосалқы бөлшектердің қолжетімділігін мұқият зерттеген дұрыс. Кепілдік шарттарын толық оқып шығып, барлық құжатты сақтап қою қажет. Егер ақау анықталса, әр әрекетті құжатпен рәсімдеп, ресми жауап талап еткен жөн. Тұтынушы өз құқығын біліп, оны қорғаудан қорықпауы керек. Жаңа көлік адамға сенімділік пен жайлылық сыйлауы тиіс, ал оның айлап сервис орталығында тұруы қалыпты жағдай емес, – деді.

<em>архив сурет&nbsp;</em>
архив сурет 

Гүлмира Аймағанбеттің жағдайы әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бірі компаниямен келіссөз жүргізуге кеңес берсе, енді бірі сотқа жүгініп, көліктің толық құнын қайтаруды талап ету қажет екенін жазды.

Бұл мәселеге заңгер Абзал Құспан да пікір білдірді. Оның айтуынша, егер көлік иесі баяндаған жағдай құжаттармен расталса, тұтынушының сот арқылы өз құқығын қорғауға мүмкіндігі жоғары.

Егер жағдай шынымен айтылғандай болса және ол тиісті құжаттармен дәлелденсе, тұтынушының сотта жеңіске жету мүмкіндігі өте жоғары. Ең алдымен жауапты компанияның атына көлік үшін төленген толық соманы қайтару туралы сотқа дейінгі талап жолдау қажет. Бұл кейінгі сот процесін жеделдетіп, істің қаралуын жеңілдетуге ықпал етеді, – деді Абзал Құспан.

Қытай көлігін аларда кепілдікке мән беру керек

Автосарапшы Санат Нұрбайдың айтуынша, Қазақстанда қытайлық автокөліктерге сұраныс соңғы екі жылда күрт артқан. Соның салдарынан бұрын байқалмаған бірқатар техникалық ақау да анықталып, өндірушілер оларды кейін түзетуге кіріскен.

Оның сөзінше, 2024 жылдан бастап қазақстандық нарыққа қытайлық брендтер көптеп келе бастаған кезде ең жиі тіркелген шағымдардың бірі автоматты беріліс қорабына қатысты болған.

Қытайлық көліктер Қазақстан нарығына 2024 жылдан бастап өте көп келе бастады. Сол кезде алғашқы шағымдардың бірі автоматты беріліс қорабына қатысты болды. Оның ішінде вариатормен жабдықталған модельдерде мәселе жиі кездесті. Мысалы, Jetour X70 көліктерінің вариаторында ақаулар болды. Кейбір көліктер қозғалыс кезінде теуіп, енді біреулері мүлде орнынан қозғалмай қалатын жағдайлар тіркелді, – дейді Санат Нұрбай.

Сарапшының айтуынша, мұндай мәселелер бірнеше өңірде жаппай байқалған. Соның салдарынан көлік иелері дилерлерге наразылық білдіруге мәжбүр болған.

Көкшетауда ондаған, Семейде 50-60-қа жуық көлік иесі автосалон алдына жиналып, өз талаптарын қойды. Осыдан кейін Қытайдан арнайы мамандар келіп, көліктерге диагностика жүргізді. Вариатордың бағдарламалық жасақтамасы қайта бейімделіп, кейбір электрондық бөлшектері жаңартылды. Соның нәтижесінде бұл мәселе біртіндеп шешімін тапты, – дейді ол.

<em>AI көмегімен жасалды&nbsp;</em>
AI көмегімен жасалды 

Алайда, маманның айтуынша, бүгінгі таңда да кейбір модельдер бойынша техникалық шағымдар кездеседі.

Мысалы, Changan CS55 көліктерінде қозғалтқышқа қатысты мәселелер әлі де кездесіп жатыр. Оның бір себебі – турбоқозғалтқыштың күтім ерекшеліктерін жүргізушілердің толық білмеуі. Кей жағдайда техникалық қызмет көрсету сапасыз жүргізіліп, салдарынан қозғалтқыш істен шығатын жағдайлар болып жатыр, – дейді автосарапшы.

Сонымен бірге Санат Нұрбай қытайлық автокөліктерді сапасыз деп біржақты бағалауға болмайтынын атап өтті.

Мен қытай көліктерін алмаңдар деп отырған жоқпын. Қаласақ та, қаламасақ та бұл көліктер қазір әлемдік нарықты жаулап алды. Қазақстанда да олардың саны жыл сайын артып келеді. Бірақ бұрынғыдай «екі-үш жыл мініп, дәл сол бағасына сатып жіберемін» деген түсініктен арылу керек. Бұл көзқарас кезінде жапон және неміс көліктеріне қатысты қалыптасты. Ал қытайлық көліктердің екінші нарықтағы бағасы әзірге басқаша қалыптасып жатыр, – дейді ол.

Автосарапшының пікірінше, қытайлық көліктердің ұзақмерзімді сенімділігі туралы нақты қорытынды жасауға әлі ерте.

Жапон немесе неміс көліктері сияқты 20-30 жыл еш қиындықсыз қызмет етеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бірақ қытайлық өндірушілер анықталған ақауларды тез талдап, келесі модельдерде түзетуге тырысып жатыр. Мысалы, бұрын вариаторға қатысты мәселе шықса, кейін оны өзгертіп, басқа трансмиссия түрін қолдануы мүмкін. Яғни олар әрбір шағымды талдап, жаңа модельдерді жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді, – дейді Санат Нұрбай.

Оның айтуынша, қазіргі таңда тағы бір өзекті мәселе – кепілдік жөндеу мерзімінің ұзақтығы.

Көлік кепілдікте тұрғанымен, қозғалтқыш немесе беріліс қорабы істен шыққан жағдайда оны бірден ауыстырып бермейді. Алдымен ақаудың себебі анықталады, өндірушінің шешімі күтіледі, кейін қажетті бөлшекке тапсырыс беріледі. Мұның бәрі уақыт алады. Қытайлық көліктердің көп сатылуына байланысты логистика мен қосалқы бөлшектерге сұраныс та күрт артты. Сондықтан кейбір жүргізушілердің көлігі сервис орталығында ұзақ тұрып қалатын жағдайлар кездесіп жатыр, – дейді ол.

Сарапшы мұндай жағдайда тұтынушылар өз құқықтарын белсенді қорғауы қажет екенін айтады.

<em>архив сурет&nbsp;</em>
архив сурет 

Ең алдымен кепілдік келісімшартын толық оқып шығу керек. Егер жөндеу мерзімі негізсіз созылып кетсе, міндетті түрде ресми талап қойып, қажет болған жағдайда сотқа жүгінген дұрыс. Ал егер осындай мәселеге бірнеше адам тап болса, бірігіп әрекет ету әлдеқайда тиімді болады. Ортақ талап көбіне мәселенің тезірек шешілуіне ықпал етеді, – дейді Санат Нұрбай.

Сөз соңында автосарапшы қытайлық автокөліктердің Қазақстандағы танымалдығына ең алдымен баға факторы әсер етіп отырғанын айтты.

Бүгінде қытайлық өндірушілер көптеген әлемдік брендтермен бірге жұмыс істеп жатыр. Кейбір жапон, корей және еуропалық модельдер де Қытайдағы зауыттарда шығарылады. Әрине, сапасы жағынан оларды әзірге жапон немесе неміс көліктерімен толық теңестіру қиын. Бірақ халық үшін шешуші фактор – баға. Егер ұқсас сипаттамадағы көлік бірнеше миллион теңгеге арзан болса, тұтынушы соны таңдайды. Сондықтан алдағы жылдары да қытайлық автокөліктерге сұраныс сақталады деп ойлаймын, – деп түйіндеді автосарапшы.

Оқи отырыңыз