Hyundai компаниясы бесінші буындағы Tucson кроссоверін Оңтүстік Корея нарығына шығарды. Жаңартылған модель бұрышты дизайнмен, кеңейтілген салонмен, заманауи мультимедиалық жүйемен және қуаты артқан гибридті қозғалтқышпен ерекшеленеді. Көлік төрт түрлі жинақтамада ұсынылады.
Жаңа Hyundai Tucson NX5 алдымен 2026 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Кореяда таныстырылды. Кейін модельдің АҚШ пен Еуропаға арналған нұсқаларының тұсаукесері өтті. Енді кроссовердің отандық нарықтағы бағалары жарияланып, дилерлер тапсырыстар қабылдай бастады.
Бұрышты дизайн және үлкейген өлшемдер
Бесінші буындағы Tucson сыртқы келбеті жағынан айтарлықтай өзгерген. Өндіруші жаңа Art of Steel дизайн тұжырымдамасын қолданған. Көліктің алдыңғы бөлігінде күндізгі жүріс шамдарының қызметін атқаратын тұтас жарықдиодты жолақ орналасқан. Негізгі фаралар төменірек орнатылып, артқы шамдар тік әрі бұрышты пішінде жасалған. Массивті бамперлер мен бедерлі бүйір бөліктері кроссоверге айбарлы көрініс береді.
Жаңа модельдің ұзындығы 4700 мм, ені 1905 мм, биіктігі 1685 мм. Доңғалақ базасы 2785 мм-ге жеткен. Алдыңғы буынмен салыстырғанда көліктің ұзындығы 60 мм-ге, ені 40 мм-ге, биіктігі 20 мм-ге артқан. Жүксалғышының көлемі — 645 литр. Артқы есіктердің ашылу бұрышы да 73 градустан 83 градусқа дейін ұлғайтылған.
Еуропа нарығына арналған қысқа нұсқаның ұзындығы 4560 мм болады.
Заманауи салон және жаңа технологиялар
Көлік салонында аспаптар панелі мен мультимедиалық жүйеге арналған экрандар бір-бірінен бөлінген. Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Pleos Connect мультимедиалық жүйесі 12,9 дюймдік дисплеймен жабдықталған. Ал жоғарғы жинақтамаларда экран өлшемі 17 дюймге дейін жетеді. Орталық экранның астында физикалық батырмалар мен басқару тетіктері сақталған.
Базалық нұсқада жарықдиодты оптика, 17 дюймдік дөңгелектер, алдыңғы орындықтар мен рөлді жылыту, тоғыз қауіпсіздік жастығы, айналаны шолу камералары және адаптивті круиз-бақылау бар. Сонымен қатар автоматты тежеу және тасжолда қозғалысқа көмектесу жүйелері қарастырылған.
Exclusive жинақтамасында екі аймақты климат-бақылау, электр жетегі бар жүксалғыш есігі, алдыңғы орындықтарды желдету және сымсыз қуаттау мүмкіндігі ұсынылады. XRT нұсқасы жол талғамайтын көліктерге тән сыртқы әрлеуімен, ерекше радиатор торымен және қорғаныш қаптамаларымен ерекшеленеді.
Ал Inspiration топтамасында табиғи былғары орындықтар, салондағы ағаш әрлеу элементтері, артқы орындықтарды жылыту және кеңейтілген жүргізуші көмекшілері бар. Қосымша жабдықтар қатарында панорамалық люк, проекциялық дисплей, Bang & Olufsen аудиожүйесі және бейнетіркегіш ұсынылады.
Қозғалтқыш қуаты артты
Оңтүстік Кореяда жаңа Tucson екі нұсқада сатылады. Біріншісі — 1,6 литрлік турбобензин қозғалтқышы. Оның қуаты бұрынғы 180 ат күшінен 193 ат күшіне дейін артқан. Қозғалтқыш сегіз сатылы автоматты беріліс қорабымен жұптасады.
Екінші нұсқа — электр желісінен қуатталмайтын HEV гибриді. Оның жалпы қуаты 245 ат күшіне жетеді. Гибридті жүйе алты сатылы автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді. Екі нұсқа да алдыңғы немесе толық жетекті болып ұсынылады.
Бағасы қанша?
Оңтүстік Кореяда жаңа Hyundai Tucson-ның бензинді нұсқасы шамамен 10,2-12,4 млн теңге тұрады. Гибридті нұсқасының бағасы салықтық жеңілдіктерді есептегенде 11,8-14 млн теңге аралығында болады.
Толық жетекті жүйе үшін қосымша шамамен 790 мың теңге төлеу қажет.
Жаңа буындағы Hyundai Tucson басқа елдердің нарықтарына 2027 жылдан бастап шыға бастайды. Қазақстандағы сатылым мерзімі мен бағасы әзірге нақтыланбаған.