Қытайдың Great Wall Motor (GWM) концерні жаңа флагмандық Haval H10 жол талғамайтын көлігіне алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады. Жаңа модель үнемді гибридті қозғалтқышымен, жоғары қуатымен және заманауи технологияларымен ерекшеленеді.
Бағасы қанша?
CarNewsChina мәліметінше Haval H10 екі нұсқада ұсынылады: бес және алты орындық. Бастапқы бағасы 219 800 юань (шамамен 15,5 млн теңге), ал ең қымбат жиынтықтың құны 239 800 юань (шамамен 16,9 млн теңге).
Көлік екінші буындағы Hi4 гибридті жүйесімен жабдықталған. Қуат қондырғысының құрамына 1,5 литрлік турбоқозғалтқыш (167 ат күші) және сыйымдылығы 42,8 кВт/сағ болатын литий-темір-фосфат аккумуляторы кіреді.
Жүйенің жиынтық қуаты 598 ат күшіне, ал айналу моменті 722 Нм-ге жетеді. Соның арқасында Haval H10 100 км/сағ жылдамдыққа небәрі 4,9 секундта үдейді.
Бір қуатта 1400 шақырымнан асады
Жаңа H10 толық электр режимінде 180 шақырымға дейін жүре алады. Ал гибридті жүйемен бірге жалпы жүріс қоры 1404 шақырымға дейін жетеді.
Өндірушінің мәліметінше гибрид режиміндегі орташа жанармай шығыны – 100 шақырымға 0,87 литр, ал аккумулятор толық таусылған жағдайда – 100 шақырымға 6,6 литр.
Жолсыз жерге де дайын
Haval H10 жол талғамайтын көлік ретінде де кең мүмкіндіктерге ие. Модельде:
- қос иінді алюминий алдыңғы аспа;
- бес иінді тәуелсіз артқы аспа;
- EDC электронды амортизаторлары;
- 220 мм клиренс;
- 600 мм тереңдіктегі су бөгетін еңсеру мүмкіндігі қарастырылған.
Автокөлік Coffee Pilot 3 жүргізушіге көмек көрсету кешенімен жабдықталған. Негізгі жабдықтың өзінде LiDAR лазерлік сканері орнатылған. Жалпы 27 түрлі датчик көліктің айналасын бақылайды.
Жүйе алдыңғы бағытта – 250 метрге дейін, бүйірлерде – 120 метрге дейін және артқы жағында – 150 метрге дейін бақылау жүргізе алады.
Салонда қандай жабдықтар бар?
Жаңа Haval H10 жайлылыққа да басымдық береді. Көлікте:
- 15,6 дюймдік орталық мультимедиа экраны;
- 29 дюймдік проекциялық дисплей;
- төбеге орнатылған 17,3 дюймдік ойын-сауық экраны;
- көлемі 7,7 литр болатын тоңазытқыш;
- екінші қатардағы жиналмалы үстел қарастырылған.
Жаңа Haval H10 гибридті технологияны, қуатты қозғалтқышты және кең жабдықталуын біріктіретін заманауи жол талғамайтын көлік ретінде нарықтағы бәсекені күшейтуі мүмкін.