Атақты кастинг-директор Нина Голдтың жетекшілігімен жаңа Джеймс Бондты іріктеу ресми түрде басталды. Ең қызығы фавориттердің қатарында Дональд Трамп та болуы мүмкін. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Amazon MGM Studios әйгілі франшизаның келесі жұлдызын таңдауға кірісті. Кастингті британ киноиндустриясындағы ең беделді мамандардың бірі - Нина Голд жүргізіп жатыр. Ол бұған дейін «Тақтар ойыны», «Тәж», «Баяу аттар», «Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы» және «Конклав» секілді жобаларға актер таңдаған.
Студия өкілдері «келесі Джеймс Бондты іздеу қарқынды жүріп жатқанын» растағанымен, нақты үміткерлер туралы ресми пікір білдіруден бас тартты. Алайда бұл мәлімдеме кастинг төңірегіндегі қауесеттерді бұрынғыдан бетер күшейтті.
Неге жаңа Бондты таңдау соншалық маңызды?
Джеймс Бонд - жай ғана кино кейіпкері емес, бірнеше буынның мәдени символына айналған образ. Сондықтан жаңа 007-ні таңдау әрдайым кино әлеміндегі ең үлкен интригалардың бірі болып келеді.
Тарихқа үңілсек, Бонд рөлі көбіне актерді әлемдік жұлдызға айналдыратын мүмкіндік болған. Мысалы, Шон Коннери Бондқа дейін аса танымал болмаған. Джордж Лэзенби тек жарнамаларға түскен. Роджер Мур тележұлдыз болғанымен, үлкен кинодағы басты есім саналмады. Ал Дэниел Крейг бұрын бірнеше ірі фильмге түскенімен, оны нағыз әлемдік деңгейдегі актерге айналдырған – «Казино Рояль» болды.
Сондықтан продюсерлер әдетте өте танымал жұлдыздан гөрі, әлі толық ашылмаған, бірақ әлеуеті жоғары актерлерге басымдық береді.
Қазір фавориттер қатарында кімдер бар?
Қазіргі таңда БАҚ пен кино сарапшылары бірнеше есімді жиі атап жүр. Олардың қатарында Аарон Тейлор-Джонсон, Том Холланд, Харрис Дикинсон және Каллум Тернер бар.
Соңғы айларда басты фавориттердің бірі ретінде Джейкоб Элорди есімі ерекше жиі атала бастады. «Франкенштейн» және «Күркіреген асулар» фильмдерінен кейін оның танымалдығы айтарлықтай артқан.
Сонымен бірге Нина Голдпен бұрыннан жұмыс істеген актерлер де назарға ілінді. Солардың бірі – Джек Лоуден. Ол «Баяу аттар» сериалындағы тыңшы рөлі арқылы Бонд стиліне жақын актер ретінде бағаланып отыр.
Тағы бір үміткер – Луи Партридж. 23 жастағы актер «Айыптау» және «Паддингтон 2» жобаларында ойнаған. Сондай-ақ ол Netflix түсірген «Гиннесс әулеті» сериалында рөл сомдады. Бұл жобаның авторы – жаңа Бонд фильмінің сценарисі Стивен Найт. Сарапшылардың пікірінше, Amazon ұзақмерзімді франшиза үшін жас актер іздеуі мүмкін.
Үміткерлер қатарында Том Фрэнсис те бар. Ол «Күн батуы бульвары» мюзикліндегі рөлі үшін Лоренс Оливье сыйлығын алған. Сонымен қатар Джордж Клунимен бірге «Джей Келли» фильміне түсіп, «Сен» сериалында көрінді.
Amazon франшизаны өзгерте ме?
Былтыр Amazon MGM Studios Бонд франшизасының шығармашылық бақылауын көпжылдық продюсерлер Барбара Брокколи мен Майкл Дж. Уилсоннан алған еді.
Сондықтан кей сарапшылар Amazon дәстүрді бұзып, әлдеқайда танымал актерді таңдауы мүмкін деп болжайды. Бірақ мұндай шешімнің тәуекелі де бар. Мысалы, Том Холланд көрермен санасында әлдеқашан Өрмекші адам образымен байланысты. Бұл жағдайда аудитория жаңа Бондты қабылдауы қиындауы мүмкін.
Трамп неге бұл тақырыпқа араласты?
Кастингтің басталғаны жарияланғаннан кейін Ақ үй әлеуметтік желіде Дональд Трампты агент 007 кейпінде көрсеткен сурет жариялады. Бұл пост интернетте бірден әжуаға айналды.
Қолданушылар «Азғыруға лицензия» және «Бәліштің басқа күні» секілді сарказмға толы пікірлер жазып, тіпті агент 007 образындағы Джеффри Эпштейннің суреттерін тарата бастады. Ал Джефф Безостың Трамппен жақын қарым-қатынасы бұл талқылауды одан әрі күшейтті.
👀 https://t.co/k8RYZ3XSDW pic.twitter.com/FEnJjOvmWS
— The White House (@WhiteHouse) May 16, 2026
«Бонд 26» қашан шығады?
Франшизаның келесі бөлімі – «Бонд 26» фильмін Дени Вильнев түсіреді. Ал сценарийін «Үшкір тымақтылар» сериалының авторы Стивен Найт жазып жатыр.
Түсірілім 2027 жылы басталады деп жоспарланған. Ал фильм 2028 жылы прокатқа шығуы мүмкін.