Жаңа бақылау жүйесі: камера алдында баяулап, кейін қайта үдету енді көмектеспейді

Жаңа бақылау жүйесі: камера алдында баяулап, кейін қайта үдету енді көмектеспейді
Фото: AI көмегімен жасалды

Ақтөбе облысында көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын жаңа жол учаскесі іске қосылды. 10 тамыздан бастап жүйе Жайсаң – Ақтөбе – Қызылорда автожолындағы Ұлғайсын мен Қалыбай елді мекендерінің арасында жұмыс істейді. 

Орташа жылдамдық қалай есептеледі?

Камералар көлікті бақыланатын жол учаскесінің басында және соңында тіркейді. Жүйе автомобильдің осы аралықты қанша уақытта жүріп өткенін есептеп, орташа жылдамдығын анықтайды. Яғни жүргізуші камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендетіп, кейін қайта үдетсе, бұл тәсіл көмектеспейді. Егер бүкіл учаске бойынша орташа жылдамдық рұқсат етілген шектен асып кетсе, жүйе жол ережесінің бұзылғанын автоматты түрде тіркейді.

Полицияның мәліметінше, мұндай бақылаудың негізгі мақсаты – жүргізушілердің жылдамдық режимін камера тұрған жерде ғана емес, жолдың бүкіл бойында сақтауына ықпал ету. Сонымен қатар 10-12 тамыз аралығында елімізде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шара жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Орташа жылдамдық тағы қай жолдарда бақыланады?

ІІМ мәліметінше, бүгінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі Қазақстанның бірнеше өңіріндегі автожолдарда жұмыс істейді. Абай облысында камералар Павлодар – Семей – Қалбатау тасжолының үш учаскесінде орнатылған. Ақмола облысында жүйе Астана – Павлодар және Астана – Щучинск жолдарында, ал Батыс Қазақстан облысында Орал – Саратов тасжолында жұмыс істейді.

Павлодар облысында орташа жылдамдық Астана – Павлодар, Павлодар – Омбы және Павлодар – Семей – Қалбатау жолдарында өлшенеді. Түркістан облысында камералар Шымкент – Қызылорда және Шымкент – Тараз бағыттарында, ал Қызылорда облысында Шымкент – Қызылорда тасжолының бір учаскесінде жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, 10 шілдеден бастап Алматы – Қорғас, Көкшетау – Петропавл автожолдарында және Астана – Теміртау тасжолының Аршалы – Ошақты учаскесінде орташа жылдамдықты өлшеу жүйесі іске қосылды. ІІМ дерегінше, 17 наурыз бен 23 шілде аралығында осы жол учаскелерінде жылдамдық режимін бұзудың 600 мыңнан астам дерегі анықталған.

Алдағы уақытта орташа жылдамдықты бақылау жүйесін жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесінде іске қосу жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз