Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасы төмендей бастады. Қоғам белсендісі Олжас Байділдиновтің айтуынша, 2026 жылдың наурыз айында жаңа көліктердің құны 7,5 пайыз арзандаған.
Оның пікірінше, бұл – кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Естеріңізде болса, екі жыл бұрын премьер-министр Олжас Бектенов Алматы индустриялық аймағына барған сапарында отандық автоөндіріс қалыптасқанын және оның әрі қарай дами беретінін айтқан. Байділдиновтің пікірінше, бүгінде бұл сөздер нақты нарықтағы өзгерістермен дәлелденіп отыр.
Қазір автосалондардағы ұсыныстар кей жағдайда екінші нарықтағы көліктерден де тиімді бола бастаған.
Кепілдігі бар жаңа көлік пен тарихы белгісіз үш жылдық автокөлік арасындағы баға айырмашылығы күн сайын азайып келеді, – дейді ол.
Бұл жағдай қазақстандықтардың тұтынушылық әдетіне де әсер етуде. Бұрын автосалонға баруға жүрексінген көптеген азамат енді жаңа көлік сатып ала алады.
Қоғам белсендісі 2023 жылдан бері утильалымды қолдап, отандық автоөндірісті дамыту қажеттігін айтып келгенін жеткізді. Оның сөзінше, сол кезде бұл бастама қоғамда түрлі пікір тудырғанымен, Үкімет стратегиялық бағыттан таймаған.
Бүгінде автосалонға барғанда немесе көлікті онлайн сатып алғанда 3-5 жылдық кепілдікке таңғалмаймыз. Тегін техникалық қызмет көрсету, көліктің техникалық әрі заң тұрғысынан тазалығына алаңдамау да қалыпты дүниеге айналды. Бұрын мұның бір де бірі болған жоқ, – дейді Байділдинов.
Оның пікірінше, бағаның төмендеуі – мемлекеттік қолдаудың тікелей нәтижесі. Сонымен қатар ол кезінде утильалымға қарсы шыққан кейбір сарапшылар мен БАҚ бұл өзгерісті назардан тыс қалдырғанын атап өтті.
Сол кезде Роман Скляр мен Қанат Шарлапаевқа қатысты сын өте көп айтылған еді. Дегенмен автомобиль өндірісіне көрсетілген мемлекеттік қолдау өз тиімділігін дәлелдеді – бағалар төмендеп, сапа артып келеді, – деді ол.
Байділдиновтің айтуынша, егер ел утильалымды алып тастау жолын таңдағанда, шетелден әкелінетін ескі және апатты көліктер мәселесі қайта өзекті болар еді.
Оның орнына Қазақстанда автокөлік өндірісі дамып, алдағы уақытта тіпті экспортқа шығару мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Қоғам белсендісі бұл жетістіктердің негізінде жүйелі саясат жатқанын атап өтті. Мемлекет қажетті жағдай жасап, бизнес инвестиция салды. Соның нәтижесінде елде жаңа зауыттар ашылып, жұмыс орындары құрылып, жергілікті өндіріс үлесі артып келеді.
Бүгінде елімізде даму жолына түскен отандық автоөндіріс, жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері және өркениетті автонарық қалыптасты, – деп түйіндеді Олжас Байділдинов.