Жаңалықтар

Жамбыл облысындағы 26 округты қаржыландыруға 24 млрд теңге бөлінді

Жамбыл облысындағы 26 округты қаржыландыруға 24 млрд теңге бөлінді
Фото: gov.kz 20.08.2023 16:27 606

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетейік, ағымдағы жылы 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылған. Бұл округтердегі 13157 аулада жалпы 69 514 адам тұрады.

Ал, жалпы халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған жобаның 5 бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген жалпы қаражаттың 30 пайыздан астамы Жамбыл облысына тиесілі.

Атап айтқанда, 2019-2023 жылдары 42,3 млрд. теңге бөлініп, 50 ауылдық округте 11 мыңға жуық адам өз кәсіптерін бастаған.

Басқосуда облыс әкіміне ағымдағы жылы қаржыландыруы тиіс округтердегі өтінімдердің қабылдануы және қаржыландырылуы бойынша шаралардың барысы баяндалды.

Аймақ басшысы көрсеткіші төмен аудан әкімдерінен жауаптар алып, сылбыр жұмыстарды сынға алды.

Ауылдықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған игі жобаның маңыздылығын баса айтқан Нұржан Нұржігітов, құжаттарды рәсімдеуде ешқандай кедергі болмау керектігін атап өтті.

Барлық ауылдық округтерде ағын су мәселесін реттеу, ұңғымалар қазу, кооперативтердің жұмысын жүйелей отырып, күшейту, техника алып беру, кешенді түрде әлеуметтік игіліктермен қамту секілді жұмыстар да назардан тыс қалмау керектігін тағы да ескертті.

Жоба бойынша барлық жұмыстар сапалы әрі нәтижелі жүзеге асуы тиіс. Бөлінген қаржыны мақсатты игеру шараларын жүргізе алмай отырғандар үшін қабылданатын шара жеңіл болмайды. Талап күшейген сайын, жауапкершілікті де арттыра береміз. Қатаң бақылау болмаса, нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.

Бұл ретте ауыл әкімдері мен аудан басшылықтарына көп міндет жүктеледі. Халықпен түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуы керек,-деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жобаға енген округтерге жан-жақты талдау, жаңадан тіркеліп жатқан кәсіпкерліктерге зерделеу жүргізу бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Жиында алдағы уақытта жоба аясында өндірілген өнімдерді облыстағы әлеуметтік мекемелерге өткеру, Тараз қаласындағы коммуналдық базардан әр ауданға орын бөлу мәселелері де талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға