Жаңалықтар

Жамбыл облысында екі жылда 8 ескерткіш заңсыз орнатылған

Жамбыл облысында екі жылда 8 ескерткіш заңсыз орнатылған
Фото: El.kz 15.06.2023 11:15 701

Жамбыл облысында 2020-2022 жылдар аралығында жаңадан 14 ескерткіш орнатылған. Алайда, оның 8-і заңсыз бой көтерген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өңірдің тарихи нысандары мен жәдігерлеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланған жиында айтылды.

Мәселен, Сарысу ауданында 2020 жылы «Чернобыль құрбандарына», «Ауған соғысы жауынгерлеріне», «Саяси-қуғын сүргін құрбандарына», «Қаратау қыраны», «Тыл ардагерлері», «Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне», «Семей ядролық сынақтарында әскери міндет өтегендерге» ескерткіштері мен стеллалары, «Айтбай Назарбекұлы» бюсті заңсыз орнатылған. Бірақ, соған қарамастан, биыл Т.Рысқұлов ауданы Көкдөнен ауылында да Оңғар Айтқұлұлына заңсыз бюст бой көтерген.

Осыған орай, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне жаңадан ескерткіш орнату кезінде аудан әкімдіктері тарапынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» №103 бұйрығымен бекітілген талаптар орындауды, аудан әкімдіктері бөлген жер учаскесін және қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда, ескерткіштің идеялық ұсынысты жетекшілік ететін аудан әкімі орынбасарының қолымен ұсынуды тапсырамыз, – деді басқосуда Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай.

Жалпы, басқарма басшысының айтуынша, монументалдық өнер құрылыстарын орнату ережелері бойынша белгілі бір ескерткішті орнату үшін республикалық комиссия тарапынан ол екі кезеңде дәйекті түрде қаралуы керек.

Бірінші кезең – ескерткіштің орнату идеясын келісу.

Екінші кезең – ескерткіштің жұмыс жобасын келісу. Бұл кезеңде таңдау үшін жұмсақ материалдан жасалған кемінде 2 жоба ұсынылады.

Тек екі мақұлдаудан өткеннен кейін ғана аудан әкімдіктері алдын ала бөлінген жер учаскесіне жобасы мақұлданған ескерткішті орнатулары тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға