Жаңалықтар

Жамбы атудан әлем чемпионатында Қазақстан алтын медаль жеңіп алды

Жамбы атудан әлем чемпионатында Қазақстан алтын медаль жеңіп алды
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы 13.06.2024 17:16 293

8-13 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының Силин-хот қаласында жамбы атудан (ат үстінде садақ ату) әлем чемпионаты өтті. Чемпионатқа бірнеше елден, атап айтқанда, Қазақстан, Аустралия, Малайзия, Түркия, Қытай, Индонезия, Қатар, Моңғолия, Пәкістан елдерінен және Тайпей мен Макао провинциясынан 60-қа жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Қазақстанның намысын ұлттық құраманың 4 мүшесі: Абзал Тұлыбеков, Айтбек Сарыбай, Нұрсұлтан Бірлікбаев және Батыр Бексауыт қорғады. 4 күнге созылған дүбірлі дода «Мажар», «Азия», «Император», «Саран» стилдері бойынша өтті.

Жарыстың алғашқы күні спортшылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсіп, бұл сайыста «Алтын тұғыр-2023» иегері Батыр Бексауыт үздік үштікке ілінді. Ал алтын және күміс жүлдені Моңғолия елінің мергендері иеленді.

Жарыстың екінші күні мергендер «Азия» нысанасын көздеді. Үшінші күні біздің спортшыларымыз бұрын-соңды атып көрмеген «Император» стилі бойынша жарыс болды. Соған қарамастан ұлттық құрама мүшесі Айтбек Сарыбай осы стильдің күміс жүлдесін жеңіп алды. Алтынға небәрі жарты ұпай жетпей қалғанына қарамастан, бұл – жерлестеріміз үшін жақсы нәтиже.

Жарыстың соңғы күні «Саран» стиліне арналды. Осыған дейін бұл нысананы да көздеп көрмеген мергендеріміз тағы да ерледі. Батыр Бексауыт басты қарсыласымыз саналған моңғол спортшыларының алдын 1 ұпаймен орап, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен әлем чемпионатын аяқтады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қытай жамбы ату федерациясының өкілдері құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға