«Жалғызбасты анамын»: блогерге жазылған хаттың соңы күтпеген жағдайға ұласты

«Жалғызбасты анамын»: блогерге жазылған хаттың соңы күтпеген жағдайға ұласты
Фото: коллаж AI / El.kz

Блгер Айдын Тоқсанбаева  Аяулым есімді келіншекке көмектескенін, алайда оның алаяқ болып шыққанын мәлімдеді. 

«Жалғызбасты анамын, маған көмек керек»

Instagram-да janym_baklajanym лақап атымен танымал блогер Айдын Тоқсанбаеваның айтуынша, оған алғаш рет 2025 жылғы 29 қарашада Аяулым есімді әйел хабарлама жазады. Ол өзін жалғызбасты ана ретінде таныстырып, екі баласын жалғыз асырап отырғанын айтып, материалдық көмек сұраған. Хабарламада Аяулым 7 жастағы қызына қысқы күртеше, 3 жастағы ұлына етік алып беруге жағдайы жоқ екенін жазған.

Араға жеті айға жуық уақыт салып, 2026 жылғы 6 шілдеде әйел блогерге қайта хабарласады. Бұл жолы ол тұрмыстық қиындықтан бөлек, баласының денсаулығына байланысты ауыр жағдайға тап болғанын жеткізген. Оның айтуынша, ұлы судоргы ұстап ауруханаға түсіп, өзі сәбиге арналған сүт қоспасы мен жөргек сатып алуға шамасы жетпей отырғанын жазады. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Janym Baklajanym (@janym_baklajanym)

Жағдайға бейжай қарамаған Айдын Тоқсанбаева әйелге жанашырлық білдіріп, ақша аударады. Кейіннен Аяулымның оқиғасын әлеуметтік желіде жариялап, халықтан көмек жинауды ұсынады. Алайда Аяулым көпшілік алдына шығуға бірден келіспейді. Себебін Instagram парақшасын бұрынғы күйеуі де көретін болғанымен байланыстырады. 

«Жалғызбасты анамын, жағдайым қиын»

Осыдан кейін блогер әйелдің бұрынғы күйеуіне қатысты мән-жайды анықтауға тырысады. Одан күйеуінің фотосын және араларындағы хат алмасуды жіберуді сұрайды. 

Аяулым бұрынғы күйеуінің Тараз қаласында тұратынын, өзінің Алматыға көшіп кеткенін айтып, 1995 жылы туған Ұлан есімді жігіт екенін жазады.  Ulan9508.095 аккаунтын жібереді. Дегенмен, оның нақты фотосы жоқ екенін, бірге түскен суреттердің сынған телефонда қалып қойғанын жазған. Кейіннен әлдекімнің суретін жіберіп, экс-күйеуі екеніне сендіреді. 

Кейін блогер әлеуметтік желідегі оқырмандарынан қаражат жинап, оны Аяулымға аударады. Алайда жиналған қаржының көлемі әйелдің өзі күткеннен әлдеқайда көп болған. Ол бірнеше рет ақшаны жұмсауға қорқып отырғанын айтып, блогерге қайта-қайта хабарлама жазады.

Артынша, ұлының жағдайы түзеліп қалғанын, бұған дейін де құрысу ұстамасын бастан өткергенін жазады. Дәрігерлер енді оны неврологтың тұрақты бақылауына алғанын айтып,  қалған қаражатты қызының мектепке дайындығына жұмсайтынын ескертеді. Тіпті ол жұмсалған әрбір теңге үшін есеп беруге дайын екенін айтып, барлық чекті жинап, блогерге жіберіп отыруды ұсынады.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам

Алайда арада біршама уақыт өткенде блогердің төбесінен жай түскендей болады. Блогердің айтуынша, өзіне Аяулымның бұрынғы күйеуімін деп таныстырған азамат хабарласқан. Аяулым жіберген екі суреттегі адам екі түрлі екенін айтады.  Ол ешқашан үйленбегенін айтып, өзінің фотосының рұқсатсыз жарияланғанына наразылық білдіреді. Сондай-ақ сотқа жүгінетінін ескертеді. Тағы бір келіншек хабарласып, суреттегі өзінің күйеуі екенін, арада екі бала барын жазады. 

Ал Аяулым бастапқыда блогерге жолдаған хабарламаларында бұл мәлімдемемен келіспейтінін жазады. Оның айтуынша, олар заңды некеге тұрмаған, себебі «енесі рұқсат бермеген». Сонымен қатар, ер адаммен бір жарым жылдан бері бірге тұрмайтынын, ауруханаға түскен кезде ғана байланысқа шыққанын жеткізеді. 

Екі тараптың бір-біріне қарама-қайшы мәлімдемелерінен кейін Айдын Тоқсанбаева құқық қорғау органдарына жүгінетінін айтады. Сонда Аяулым өзінің алаяқтық жасағанын, қаражаттан қиналғанын жеткізеді. Бұған жауап ретінде Аяулым блогерден арыз жазбауды өтініп, халықтан жиналған қаражатты толық көлемде қайтаруға уәде берген.

«Бір Алладан ғана қорқамын. Қатты қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмын. Маған уақыт беріңізші. Барлық ақшаны тиынына дейін қайтарамын», – деп жазған ол.

Сондай-ақ баласының еміне, дәрі-дәрмек пен қажетті заттарға ақша жұмсалғанын айтып, екі ай ішінде барлық қаражатты қайтарып беруге дайын екенін мәлімдейді. Блогер Айдын Тоқсанбаева болса, деректерді толық тексермей жатып халықтан көмек сұрағаны үшін, басқа біреудің жеке деректерін жариялағаны үшін қандай жаза болса да тартуға дайын екенін айтады. 

Халық мұндай алаяқтардың көп екенін, кез келген деректі барынша тексеріп алып, жариялау керегін жазды. 

Оқи отырыңыз