Жаңалықтар

Жалған ақпарат көзіне тосқауыл қоятын уақыт жетті

Қоғамдық бірлестік мүшелері «Stop Fake» үндеуіне қол қойды
Жалған ақпарат көзіне тосқауыл қоятын уақыт жетті
Фото: автор 11.11.2022 17:28 2297

Ақпараттық-коммуникациялық технологияның дамуымен бірге фейк ақпарат тез таралуда. Интернет ресурстағы ақпараттық ағынның ақ-қарасын ажыратып, ақиқатын айту маңызды міндетке айналды. Өйткені, жалған ақпарат адамның көңіліне күдік ұялатып, сенімсіздік тудыратыны анық. Міне, «Бас редакторлар клубының» кезекті отырысында осындай өзекті мәселе талқыланды.

Қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбайдың төрағалығымен өткен жиынға медиа холдинг және ақпарат құралының басшылары, ел зиялылары қатысты. Журналистер қауымы онлайн режимде қосылып, өз ойын ортаға салды.

 «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин жалған ақпаратты тарату заңға қайшы екенін айтты.

«Өз пікірін ашық және батыл айту дұрыс. Ол жариялануы тиіс. Журналистер арасында блогердің фейк ақпаратын алып, соған сілтеме жасап таратуын қалай түсінеміз? Бұл – ақылға қонымсыз және заңсыз. Саяси науқандар тұсында түрлі фейк ақпараттардың көбейіп кететінін байқап жүрміз. Алдымызда Президент сайлауы келе жатыр. Осы тұста бұқаралық ақпарат құралдарының сайлауға қатысты фейк ақпараттардың жарияланып кетпеуін мұқият қадағалау аса маңызды. Өйткені онсыз да ғаламторда, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар аз емес. Осы келеңсіз көрініске жол бермеу – біздің басты мақсатымыздың бірі. Себебі ел тағдыры, келешегі шешілетін саяси науқанның қалыпты жағдайда өтуіне бәріміз де мүдделі болуға тиіспіз. Ал фейк-ақпаратпен күресу үшін БАҚ редакцияларындағы шұғыл хабарлармен айналысатын бөлім фейк-ақпараттарды шұғыл тексеріп, басылымда жарияланбауын ерекше қадағалағаны жөн», – деді ол.

Ал «Человек и закон» республикалық газетінің бас редакторы Марат Башимов заңгер ретінде фейк ақпараттарды жиі оқитынын сөз етті.

«Фейк ақпарат таратқандар Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Шын мәнінде, фейк ақпараттар қоғамды адастырып, сеніміне селкеу салады. Елде ауқымды саяси науқан жүруде. Мұндай кезде жалған ақпаратты таратудың алдын алу маңызды», – дейді қоғам қайраткері.

Академик, қоғам қайраткері Кәрімбек Құрманәлиев ғылым саласында да мұндай келеңсіздіктер орын алатынына тоқталды.

«Қазір жалған мен ақиқатты ажырату қиын. Тіпті ғылым саласында ақиқатты ажыратып, нақты дерек көздерінен мәлімет алу өзекті бола бастады. Ғылыми еңбектер арасында плагиат жиі кездеседі. Біз жастарға қандай үлгі көрсетеміз?! Жастардың ақиқатшыл, шыншыл болып қалыптасуы үшін фейк ақпаратты ажыратуды үйретуіміз керек», – дейді академик Кәрімбек Арыстанбекұлы.

«Qazcontent» АҚ басқарушы директор Махат Садық «фейк» біздің ғана емес әлемдік мәселе екенін айтады.

«Фейк біздің заманға дейін 153 жыл бұрын пайда болды. Бұл мәселе мемлекеттік мүддеге қарама-қайшы деуге толық негіз бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ел сенетін мықты аналитик журналистерді дайындау қажет, мейлі ол блогер болсын. Алдымызда қандай жағдай болатынын болжай алмаймыз. Сол себепті, ақпаратты дұрыс беретін БАҚ өкілдері керек. Фейкті жою үшін ақпаратты дұрыс беретін мемлекетшіл журналистердің клубын құру қажет», – деді.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов кейінгі жылдары жалған ақпарат көзінің өршігенін тілге тиек етті.

«Қазір әр ақпараттың артында мүдде тұрғанын ажырату қиынға соғуда. Ақпаратты бірден қабылдап оны әріқарай таратып, сонымен қорытынды жасауға машықтанып кеттік. Осыдан кейін фейкке неге сенесіңдер деп айыптау артық болады. Маманның оны анықтауға мүмкіндік болса, ал қарапайым оқырманда ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті үлкен қауіпке қарсы тұрудың жолын қазірден ойластырған дұрыс», – дейді.

Әлеуметтік желі ақпарат таратуда кең мүмкіндік беріп отыр. Қазір смартфон ұстаған кез келген адам ақпарат тарата алады. Ал олар фейк ақпаратты ажырата бермейтіні анық. Демек қоғамның ақпараттық сауаттылығын арттыру керек.

«Қазір журналист қайсы, блогер қайсы екенін анықтау қиындап кетті. Әлеуметтік желіде кәсіби журналистер әртүрлі жазба жазады және оның түбі ақылы екенін немесе белгілі бір мүддеге жұмыс істейтінін аңғару қиын емес. «Масс медиа» туралы Заңға осы мәселені де енгізу керек», – деді журналист Еркін Таңатқанұлы.

Медиаменеджер Бибігүл Жексенбай егер жалған ақпарат анықталса, өзге өңірдегі әріптестерге фейк ақпарат туралы хабардар ету маңызды екенін айтады.

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай газет процесінде жалған ақпаратпен жиі ұшырасатынын айтты.

«Өндірістік тәжірибеде жас маманды жиі аламыз. Олар қайсы жалған, қайсы шын ақпарат көзі екенін ажырата алмай жатады. Мұны екі-үш адам тексереміз. Бұл жерде үлкен қауіп бар. «Масс медиа» туралы заңда осындай мәселе қамтылуы тиіс. Үкіметтік емес және шетелдік ұйымдар осы жалған ақпаратпен күресу жолы туралы дәріс өткізеді. Алдағы уақытта мықты маманды шақырып, тәжірибе алмасса дұрыс болар еді», – деді ол.

 «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай еліміздегі әр кәсіби журналист жалған ақпараттың таралмауына өз үлесін қосу керек деген ұсыныс айтып, «Stop Fake» үндеуіне қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға