Жалған ақпарат дәуірі: БАҚ-қа жүктелер жауапкершілік қалай өзгерді?

 Ажар Лаубаева
Фото: Ажар Лаубаева

Бүгінде жалған ақпарат тек медиаға емес, қоғамның тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздікке және адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды факторға айналды. Әсіресе цифрлық технологиялардың дамуы, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері артқан сайын шынайы ақпарат пен фейкті ажырату бұрынғыдан да күрделене түсті. Мұндай жағдайда БАҚ өкілдеріне жүктелер жауапкершілік те еселеп артып отыр.

Осы өзекті мәселені талқылау мақсатында Астанада Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы алаңында түрік тілінде сөйлейтін журналистердің дәстүрлі басқосуы өтті. Биылғы кездесу «Жалған ақпарат дәуіріндегі БАҚ» тақырыбына арналды.

Фото: Ажар Лаубаева 
Фото: Ажар Лаубаева 
Фото: Ажар Лаубаева 

Іс-шара барысында фейк жаңалықтардың жаһандық деңгейден бастап, ел ішіндегі қоғамдық тұрақтылыққа, отбасы құндылықтарына және балалардың психологиясына тигізетін кері әсері кеңінен талқыланды. Жиынға дипломатиялық корпус өкілдері, Түркиядан келген арнайы қонақтар және қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты.

Дезинформациямен күрес – стратегиялық бағыт

Түркия Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Байланыс жөніндегі кеңесшісі Хасан Кучуккандемир бұл бағыттың маңызын ерекше атап өтті.

Фото: Ажар Лаубаева 

Ол дезинформациямен күрес тек тексеру немесе жалған ақпаратты жоққа шығарумен шектелмейтінін, бұл жүйелі түрде жүргізілуі тиіс кешенді жұмыс екенін айтты.

Біз бұрынғы баспасөз қызметінен бөлек, қоғамдық дипломатия мен стратегиялық коммуникация бағытында да жұмыс істейміз. Дезинформациямен күрес – қазіргі кезеңдегі маңызды басымдықтардың бірі, – деді ол.

Кеңесші Түркияда бұл бағытта арнайы құрылымдар жұмыс істейтінін және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

TRT: жалған ақпаратқа қарсы жаһандық күрес

TRT телеарнасының координаторы Мехмет Чалышкан медиа саласындағы қауіптердің жаңа деңгейге шыққанын атап өтті.

Оның сөзінше, жалған ақпарат, киберманипуляция және фейк жаңалықтар бүгінде халықаралық сипат алған.

Фото: Ажар Лаубаева 

TRT дұрыс ақпарат тарату арқылы қоғамның манипуляцияға ұшырамауын басты мақсат етеді. Біз жалған ақпаратты анықтап, оның рас-өтірігін нақтылап, дұрыс мәліметті уақтылы ұсынамыз, – деді ол.

Сонымен қатар TRT Түркі мемлекеттерімен бірлесіп, цифрлық қауіптерге қарсы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға күш салып жатқанын айтты.

Біздің мақсат – дұрыс ақпаратты мүмкіндігінше жылдам жеткізу. Сол арқылы қоғамды жалған мәліметтен қорғау, – деп атап өтті Мехмет Чалышкан.

Фейк ақпарат – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер

Журналист, «Aman bala» әлеуметтік жобасының авторы Гүлмира Алякпарова жалған ақпараттың салдарына кеңінен тоқталды.

Оның сөзінше, бүгінгі күні фейк ақпарат тек медиа мәселесі емес, ол ұлттық қауіпсіздікке дейін әсер ететін күрделі құбылысқа айналған.

Жалған ақпарат тек ақпараттық мәселе емес. Ол қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке, тіпті жеке адамдардың тағдырына әсер ететін үлкен қатер, – деді Гүлмира Алякпарова.

Фото: Ажар Лаубаева 

Журналист әсіресе балаларға әсер ететін контенттің қауіптілігіне назар аударды.

Жасанды интеллект арқылы жасалған фото мен видеолар шынайыға өте ұқсас. Оны кейде ересектердің өзі ажырата алмайды. Ал балалар үшін бұл тіпті қауіпті, – деп атап өтті ол.

Фото: Ажар Лаубаева 
Фото: Ажар Лаубаева 

Айта кетейік, жиында Гүлмира Алякпаровадан бөлек, түрлі БАҚ өкілдері де жалған ақпараттың қоғамға әсері, жауапкершілік және ақпараттық мәдениет туралы пікір білдірді.

Цифрлық дәуірдегі жауапкершілік: журналист рөлі өзгерді

Жиында қазіргі журналистің рөлі түбегейлі өзгергені айтылды. Енді журналист тек ақпарат жеткізуші емес, сонымен қатар фактчекинг жүргізетін сарапшы әрі қоғам алдындағы жауапты тұлғаға айналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге ерекше назар аударып, цифрлық технологияларды дамыту барысында ақпараттық қауіпсіздік пен қоғам мүддесін қорғау қатар жүруі тиіс екенін бірнеше рет атап өткен.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр… Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады, – деген еді президент.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары цифрлық сауаттылық пен ақпараттық гигиена қоғам үшін негізгі дағдылардың біріне айналады.

Басқосудың соңына қарай қатысушыларға тақырыпқа қатысты маңызды цитата жазуға тапсырма берілді. Бұл бастама журналистердің ой еркіндігін арттырып, дезинформациямен күрестегі көзқарастарын ашық білдіруге мүмкіндік берді.

Фото: Ажар Лаубаева 
Фото: Ажар Лаубаева 

Нәтижесінде үздік деп танылған жұмыстарды Хасан Кучуккандемир мен Мехмет Чалышкан арнайы атап өтіп, оларға кітап мен алғыс хат табыстады.

Жиын қорытындысында қатысушылар жалған ақпаратпен күрес тек журналистердің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ақпарат ағыны күшейген заманда әрбір жарияланған сөздің салмағы артып келеді. Сондықтан медиа үшін басты қағида – жылдамдық емес, шынайылық.

Фото: Ажар Лаубаева 
Фото: Ажар Лаубаева 

Оқи отырыңыз