Жалақы, еңбек дауы: мұғалімдерге арналған байланыс орталығы іске қосылды

Жалақы, еңбек дауы: мұғалімдерге арналған байланыс орталығы іске қосылды
Фото: © pixabay.com

Қазақстанда педагогтерге құқықтық, еңбек және өзге де мәселелер бойынша көмек көрсететін жаңа байланыс орталығы жұмысын бастады.

Енді мұғалімдер 1472 нөміріне хабарласып, жалақы мен қосымша төлемдерге, еңбек жағдайына, басшылықпен немесе ата-аналармен туындаған келіспеушіліктерге қатысты кеңес ала алады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында хабарлады.

Министрдің айтуынша, жаңа байланыс орталығы «Ұстаз» платформасында жұмыс істейді. Ол педагогтердің күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелерін жедел шешуге көмектесуге арналған.

Құрметті педагогтер! Оқу-ағарту министрлігі «Ұстаз» платформасында педагогтерді қолдауға арналған жаңа құрал – «1472 байланыс орталығын» іске қосып отыр. Мұғалімдердің күн сайын жедел шешуді қажет ететін көптеген сұрағы туындайтынын жақсы түсінеміз. Олардың қатарында еңбек қатынастары, жұмыс жағдайы, басшылықпен немесе ата-аналармен арадағы түсінбеушіліктер, әдістемелік қолдау, жалақы мен қосымша төлемдерді есептеу және басқа да мәселелер бар, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, бұған дейін көптеген мұғалім өз өтінішіне жауап алу үшін айлап күтуге, бір мәселе бойынша бірнеше рет сұрау жолдауға немесе түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болған.

Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біздің міндетіміз – осы тәсілді өзгерту. Енді әр педагог 1472 нөміріне хабарласып, қажетті кеңес пен өз мәселесін шешуге көмек ала алады. Өтініштер педагогтердің құқықтарын сақтай отырып, құпия түрде қабылданады.

Біз үшін мұғалімнің өз мәселесімен жалғыз қалмауы, оның өтініші ескерусіз қалмай, дер кезінде қаралып, нақты шешім табуына көмектесу маңызды. Бұл байланыс орталығын ең алдымен әр педагогтің үнін есту үшін құрып отырмыз. Өйткені мұғалімнің құқығы мен қадір-қасиетін қорғау, оған лайықты еңбек жағдайын жасау – білім беру жүйесінің тікелей жауапкершілігі, – деді министр.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Министр Жұлдыз Сүлейменова (@ministr_suleymenova_zhuldyz)

Байланыс орталығы әзірге сынақ режимінде жұмыс істейді

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 1472 байланыс орталығы қазір техникалық сынақтан өтіп жатыр. Осы және келесі аптада оның жұмысы тексеріліп, ықтимал ақаулар анықталып, жойылады.

Жүйені толық іске қосқан кезде байланыс орталығы тұрақты жұмыс істеп, әр педагог қажетті көмек пен кеңесті еш кедергісіз ала алуы керек. Сондықтан қазір барлық үдерісті сынақтан өткізіп, техникалық кемшіліктерді дер кезінде түзетіп жатырмыз, – деді ол.

Министр педагогтерді жаңа мүмкіндікті қазірден бастап пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, мұғалімдерден түсетін өтініштер мен кері байланыс орталықтың жұмысын жетілдіруге көмектеседі.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жалақысы қайта қаралуы мүмкін

Айта кетейік, бұған дейін, 2026 жылғы 16 қарашада, Жұлдыз Сүлейменова ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагогтердің жалақысын қайта қарау мәселесін қолдауға дайын екенін мәлімдеген болатын.

Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мың бала есепте тұр. Елде 541 арнайы мектеп, 240 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) және аутизмі бар балаларды қолдауға арналған 12 орталық жұмыс істейді.

Қазір есепте ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мың бала тұр. 2021 жылы елімізде инклюзивті білім беру туралы заң қабылданды. Онда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қалыпты дамып келе жатқан балалармен бірге жалпы білім беретін мектептерде оқуына мүмкіндік беру көзделген, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, бүгінде мыңнан астам мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылған. Дегенмен олардың саны әлі де жеткіліксіз. Оның үстіне ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қатары жыл сайын артып келеді.

10 мың бала ПМПК қорытындысын күтіп отыр

Жұлдыз Сүлейменова биыл осы бағытта ауқымды талдау жүргізілгенін айтты. Оның түсіндіруінше, ПМПК мамандары баланың білім алу қажеттілігін бағалап, дамуындағы ерекшеліктердің жеңіл немесе күрделі екенін анықтайды.

Қазір шамамен 10 мың бала осындай қорытындыны күтіп отыр. Министрлік есебіне сәйкес, қосымша 16 ПМПК кабинеті мен сегіз түзету кабинетін ашу қажет.

Бұл мәселені кешенді шешу үшін мемлекет басшысының жолдауын іске асыру аясында жаңа үлгідегі арнайы мектептер салуды да қарастырып отырмыз, – деді министр.

Оның айтуынша, жаңа форматтағы арнайы мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған үш бағыт – оңалту, білім беру және қолдау қызметтері бір жерге шоғырланбақ.

Министр бұл мәселе ведомствоның тұрақты бақылауында екенін атап өтті.

Қазақстанда 11 мың арнайы педагог жұмыс істейді

Кадр тапшылығы да инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Қазіргі уақытта елімізде 11 мың арнайы педагог еңбек етеді. Алайда министр бұл көрсеткіштің қажеттілікті толық өтемейтінін айтты.

Бүгінде тоғыз колледжде 900-ден астам дефектолог, ал тағы сегіз колледжде 200-ге жуық арнайы педагог даярланып жатыр.

Сонымен қатар министр осы сала мамандарының жалақысы да қайта қарауды қажет ететінін жеткізді.

Арнайы педагогтерге қатысты мәселе әлі де көп. Соның ішінде жалақы мәселесі де өте өзекті. Сондықтан қазір Құрылтайда талқыланып жатқан заң жобасы аясында инклюзивті білім берумен айналысатын педагогтердің еңбекақысын қайта қарау бастамасын қолдауға дайынбыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқи отырыңыз