«Астана» футбол клубы командада қаржы мәселесіне қатысты қиындық барын растады. Бұдан бұрын желіде ойыншылар басшылыққа жалақы мәселесі шешілмесе, алдағы матчқа қатыспайтыны туралы арыз жолдағаны туралы айтылған-ды. 2025 жылы Туризм және спорт министрі клубқа инвестор ретінде кандидат табылғанын мәлімдеген еді.
«Астана» былыққа батты ма?
Иә, жеме-жемге келгенде жағдай басқа. «Астана» ойыншылары басшылықтан кемінде үш айдың жалақысын беріп, қарызын өтеуді талап еткен. Бұл туралы арнайы хат жазған көрінеді. «Жолдаудың» мәтіні әлеуметтік желіде тарап кетті. Бұдан кейін клубтың Instagram-да ресми мәлімдеме жасаудан басқа амалы қалмады. Қаржы мәселесі туындағанын растады.
«Астана» ФК негізгі құрамдағы бірқатар футболшылар алдындағы жекелеген келісімшарт міндеттемелері бойынша берешектің бар екенін және осыған байланысты клубқа ұжымдық өтініш келіп түскенін растайды. Клуб басшылығы футболшылардың ұстанымына түсіністікпен қарайды. Қалыптасқан қаржы қиындықтарына қарамастан, футболшылар мен жаттықтырушылар штабы ұзақ уақыт бойы өздерінің кәсіби міндеттерін толық орындап, жаттығу үдерісіне және ресми матчтарға қатысып, алаңда «Астана» ФК мен елорда намысын абыроймен қорғап келеді, – делінген мәлімдеме.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сондай-ақ «Астана» ФК басшылығы құрылтайшымен бірлесіп, клубтың қаржы жағдайын тұрақтандыруға және қалыптасқан берешекті реттеу үшін жұмыс істеп жатқанын айтады. Бұл жағдайға қарамастан клуб чемпионатты жалғастыратынын, маусымды толық аяқтайтынын атап өтті.
Клубтың чемпионатқа қатысуын тоқтату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Қажет болған жағдайда негізгі құрамға резервтік команданың, жастар командасының ойыншыларын немесе Клуб атынан өнер көрсетуге құқығы бар басқа да футболшыларды тарту мүмкіндігі қарастырылады. Клуб күнтізбеге сәйкес барлық матчтарға қатысуды қамтамасыз етеді, – дейді клуб басшылығы.
Клубтың қанша қарызы бар?
Футбол сарапшысы Рымбек Ізғали клубтың қалай мұнша былыққа батқанын түсінбей дал. Өйткені астаналық команда бірнеше жерден қаржы тартып отыр. Оған қоса министрлік TengriSport-тың ресми сауалына, биыл «Астана» клубының Sport Qory бірыңғай операторынан қайырымдылық көмек алғанын мәлімдеген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Астана» соңғы үш жыл Sport Qory-нан 5 млрд көлемінде бюджет алып келген. Биыл жыл басында үш млрд теңге алды. Сонымен қоса олар Грипши, Чинеду, Камара, Аманович деген ойыншыларын сатып, біраз ақша тапты. Оған қоса УЕФА-дан тапқан қаржысы бар. Соның бәрін жеткізе алмай, қарызға батып отырғандары түсініксіз. Ал клуб құрылтайшысының Sport Qory-на жазған хаты тіпті түсініксіз, күлкілі. Келесілген бюджетін жылдың басында алды, енді неге соншама шоу жасап, хат жазып, ақша сұрап отыр?, – дейді Рымбек Ізғали.
Расымен биыл Туризм және спорт министрлігі де клубтың Sport Qory-нан тиісті көлемде қаржы алғанын, оны қарыздың бір бөлігін жабуға пайдаланатынын айтқан-ды. Дегенмен сарапшылар мен жанкүйерлерді бір сұрақ мазалайды. «Астана» футбол клубы жүйеде проблема бар екенін растағанымен, мұндай жағдайға қалай түскендерін ашып жазбады. Сол үшін әлеуметтік желіде түрлі сценарий желісі тарап жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Клубтың балансында ештеңе жоқ. Иә, кезінде Чемпиондар лигасында тарихты жазып, Еуропа лигасынан да біраз қаражат алған. Бірақ оны қайта инвестициялау үрдісін іске асырмады. Тіпті командада жаттығу жасайтын база да жоқ. Тек «Астана-Аренада» жаттығу жасап жүреді. Қарызы бар болғасын кәсіпкерлер де аяқ тартады, – дейді Әлім Динасылов.
Сарапшылар мұндай қарызы бар клубтың инвестор тауып, жекеменшікке өтуі неғайбыл екенін айтады.
Жекеменшікке өтуге келер болсақ, бәрі сол қарыздың кесірі. Жылдың басында «Астана» 6 млрд теңге қарыз деген ақпарат шықты. Сонда жыл сайын 5 млрд бюджеті бар, оған қоса әртүрлі түсімдері бар клубтың 10 млрд теңгенің үстіне қызмет сатып алғаны ақылға сыймайды. Ондай клубты ешбір бизнесмен сатып алмайды, – дейді Рымбек Ізғали.
Астаналық клубқа қалай «жарнама» жасаймыз?
Осы тұста үлкен сұрақ туады? Сонда министрдің инвестор табылғанын айтып, сүйінші сұрағаны қайда қалды? Әлде жоғарыдағылар «Астана-Аренада» осынша сұрақ жауапсыз жатқанын білмеген бе?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қош, 2025 жылдан бастап ҚПЛ клубтарының кезекпен жекешелендіруге көшкенін білеміз. Сондай кезектің легі елордаға жеткен. Бірақ осынша қарызы бар клубты кім алады деген сұрақ туары даусыз.
Меніңше, Астана қаласының әкімдігі қарызды жауып беруге мәжбүр болады. Өйткені ешбір кәсіпкер клубтың қарызын жабуға бел шеше кіріспейді. Sport Qory толық қарызды жауып бере алмайды. Биыл шыққан заң бойынша мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым есебінен шетелдіктерге жалақы төленбейді. Қаржы бөліп жатса да, Марин Томасов, Иван Башич сияқты шетелдік ойыншылардың жалақысын жабуға құқылы емес, – дейді Әлім Динасылов.
Ал Рымбек Ізғали Астана әкімдігінің мұндай қадамға баратынына күмәнмен қарап отыр. Егер осылай жалғаса берсе «Астана» «Жеңістің» кебін кие ме?
Астана әкімдігі 2019 жылы Астана футбол клубына 4.5 млрд теңге қаржы бөлген. Егер «Жеңіс» сияқты банкрот болса, онда «Астананың» қайта түлеуі екіталай. Ал «Астана» клубының жекеге өтуіне 2 фактор кері әсерін беріп тұр: миллиардтаған қарыз және Саян Хамитжанов. Жалпы «Астана» клубының жекеменшікке өтеді дегенге сенбеймін. Дәл қазіргі жағдайда мүмкін емес сияқты. ҚПЛ клубтары жекеге өтуі қиын процесс. Тіпті жекеге өткен күннің өзінде бірнеше жыл жергілікті басқару органдары клубтың ішкі ісіне араласады. Бұл ешбір бизнесменге ұнамайды, – дейді сарапшы Рымбек Ізғали.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал сарапшы Әлім Динасилов инвесторларды қызықтырып, түрлі жеңілдік жасап көрсе, жағдайдың оңалатынына сенеді.
Инвестор тарту үшін субсидия беріп, қолдау көрсету керек. Мысалы, белгілі бір компания қарызды жауып берді десек, оған басқа бір салада болмаса спорт саласында мемлекеттік қолдау көрсетсе. Немесе инвесторға клубтың академиясын не базасын салып беріп, ынталандыруға болады деп ойлаймын, – дейді сарапшы Әлім Диансылов.
«Ордабасы» мен «Қайраттың» арасында астаналық клубтың мұрты майлана ма?
Кешелі-бері Threads желісінде «Ордабасы» мен «Астаның» арасында 12 қыркүйекте өтетін кездесуге астаналық ұжым екінші құрамын жіберетіні туралы қауесет шықты. Иә, ойлағаныңыздай, бірінші құрам басшылыққа жалақы мәселесі туралы базынасын айтып, Шымкентке бармайтыны туралы хабарлағанын еске түсіріңіз. Сәйкестік пе, әлде «қойылым» ба?
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал «Ордабасы» кездесуі алдында ақша жоқ екені кенеттен есіне түсіп кеткені неше түрлі теория туғызатыны түсінікті. Сұрақ көп, жауап жоқ. Бұған дейін де «Ордабасы» және «Астан»а клубтарының арасында осыған ұқсас жағдайлар болған. Тіпті бірнеше рет қайталанды. Яғни екі клуб бір біріне екінші, үшінші құрам шығарып тұрған. Сондықтан логикаға салсақ, бұл жағдай мәжбүрлікке қарағанда, қойылымға қатты ұқсайды. Егер «Ордабасы» клубы «Астана» – «Қайрат» матчы қарсаңында астаналық командаға премия ұсынса, онда негізгі құрам шығуы бек мүмкін. Және бұл ешқандай да заңға қайшы емес, – дейді Рымбек Ізғали.
Алда 17 қыркүйек күні елорда төрінде «Астана» мен «Қайрат» түйіседі. Қазір ел чемпионатында шымкенттік клуб пен алматылық ұжым арасында қиян-кескі «ұрыс» жүріп жатыр. Мұнда ортадағы «Астана» факторының маңызы зор. Сонда бірінен жеңіліп, бірін жеңсе, кімге пайдалы?..
Осынша шудан кейін елордалық команда Шымкентке негізгі құрам аттанатынын мәлімдеді. Алайда сарапшылардың күмән-күдігі сейілер емес.