Жаңалықтар

Жаһандық мегатрендтер қазақстандық білім беру жүйесіне қалай әсер етеді?

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты
Жаһандық мегатрендтер қазақстандық білім беру жүйесіне қалай әсер етеді?
Фото: gov.kz 23.11.2022 15:22 2017

Бүгін Алматы қаласында білім берудегі жаңа технологиялар жайлы EdCrunch Reload конференциясының ашылу салтанаты өтті. Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек спикер ретінде сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы конференцияның негізгі тақырыбы – «Ақыл-ой мен технологиялардың тоғысуы». Сарапшылар нейробиология мен технологиялар туралы білімді біріктіріп, білім беруді өзгерту, оқытушылар мен білім алушыларға бағытталған формалды тәсілдерді жою мәселелерін талқылайды.

Өз сөзінде министр Саясат Нұрбек жаһандық білім беру жүйесінің даму бағыты, сын-қатерлер мен мәселелері және қазақстандық білім беру жүйесінің қалай бейімделуі керектігі туралы айтты.

​«Қазір бүкіл әлемнің білім беру жүйелерінде кездесетін бірнеше мегатрендтер айқын қалыптасты. Біріншіден, болашақ қызметкерге қойылатын талаптар өзгеруде. Бүгінгі күннің идеалды қызметкері – бірнеше саланы игерген шығармашылық және икемді маман. Екіншіден, оқу сипаты өзгереді. Бүгінгі таңда дәрістер, семинарлар, студент толы аудиториялар тиімді цифрлық шешімдермен алмастырылуда. Үшіншіден, университеттердің мәртебесі мен рөлі өзгеруде. Университеттер біртіндеп монополиялық рөлін жоғалтады. Еңбек нарығындағы өзгермелі жағдайға бейімделген балама бейресми білім беру платформаларға сұраныс артуда», – деп атап өтті министр.

​Сонымен қатар Саясат Нұрбек отандық жоғары оқу орындарын уақыт талабына сай бейімдеу үшін министрлік қабылдап жатқан шараларға тоқталды.

​«Біз еңбек нарығының қажеттіліктерін болжау құралын – Қазақстанның жаңа мамандықтар атласын енгізе бастадық. Өткен жылы Өмір бойы оқыту тұжырымдамасы бекітілді. Жаппай ашық онлайн курстар кеңінен қолданылады. Бірқатар курстар халықаралық платформаларда орналастырылды. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Coursera-да «Methods of Molecular Biology» курсын жариялады. Министрлік осы білім беру платформасымен меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, Huawei компаниясымен бірлесіп жоо-лар базасында IT-академияларды ашу мәселесі пысықталуда», – деді министр.

​Айта кетсек, Edcrunch – жаңа білім беру технологиялары бойынша Еуропадағы ең ірі конференция. Конференция 5 000 қатысушының, 20 000 онлайн-трансляция тыңдаушысының және әлемнің 25 елінен келетін 350 спикердің басын қосады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға