Жаңалықтар

"Жағдай біртіндеп түзеледі". Смайылов коммуналдық саладағы проблемалар туралы

"Жағдай біртіндеп түзеледі". Смайылов коммуналдық саладағы проблемалар туралы
Фото: primeminister.kz 28.12.2023 21:51 1191

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «24KZ» телеарнасына берген сұхбатында өңірлерде жылу, энергия және сумен жабдықтау саласында жинақталған проблемаларды шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы бұған дейін инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне жеткілікті көңіл бөлінбегенін атап өтті.

Көптеген жыл бойы тарифтер жасанды түрде тежелді, яғни көтерілмеді. Жылу, энергия, сумен қамтамасыз ету және су бұру желілерін жаңғыртуға және күрделі жөндеуге қаражат салынған жоқ. Инфрақұрылым әбден тозған, тіпті кей жерлерде жағдай өте қиын болды. Сондықтан биыл инфрақұрылымды жаңарту және жөндеу бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдадық, — деді Әлихан Смайылов. 

Атап айтқанда, мемлекет осы желілердің барлығын жаңғыртуға және күрделі жөндеуге шамамен 300 млрд теңге жұмсады. ЖЭО-дың меншік иелері де тиісті жұмыс жүргізіп, энергия көздерін жөндеуге 19 млрд теңге салды.

Мұндай жұмысты бір жылдың ішінде жасау мүмкін емес. Жұмыс тұрақты негізде жүруі керек. Ол үшін біз арнайы “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасын қабылдадық. Тозуды нормативтік деңгейге дейін төмендету үшін бұл жұмыстардың барлығы ең кемі 5-6 жыл бойы жүруі керек. Жағдай біртіндеп түзеледі, — деп түйіндеді Премьер-Министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға