Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов Оңтүстік Кореяның LNGSHOT тобына клип түсірді.
Bananas әніне түсірілген бейнебаян 10 қарашада топтың YouTube арнасында жарияланды. Бұл – режиссердің K-pop индустриясындағы алғашқы жұмысы.
Бейнебаянның соңғы титрлерінде Айсұлтан Сейітов жалғыз режиссер ретінде көрсетілген. Үш минутқа да жетпейтін клипті түсіруге Ambience продакшн компаниясы атсалысқан. Оператор әрі колорист – Ечан Шин, кеңістік дизайнына Минкю Чон жауап берген. Ал монтаж жұмыстарын Константин Сыромятников пен Қайсар Әділхан атқарып, визуалды эффектілерді де Қайсар Әділхан жасаған.
Bananas – LNGSHOT тобының 10 қарашада жарық көрген S.W.I.S.H. атты екінші мини-альбомының басты әні. Бейнебаянның көркемдік шешімінен K-pop-тің ескі мектебі мен BIGBANG тобының эстетикасы байқалады. Ал әннің әуені Гвен Стефанидің Pharrell Williams продюсерлік еткен Hollaback Girl хитін еске түсіреді.
«Бұл – мен үшін жабық әлемге ашылған есік»
Айсұлтан Сейітовтің айтуынша, биыл шілдеде Оңтүстік Корея астанасы Сеулге барған кезінде More Vision лейблінің өкілдері онымен байланысқа шығып, кездесуге шақырған. Алғашында LNGSHOT тобын танымаған режиссер кездесуге барар жолда олардың Moonwalkin' әнін тыңдап көрген. Музыкасы ұнап, топтың шығармашылығына қызыға бастаған.
Бұған дейін LNGSHOT тобының кім екенін білмейтінмін. Бірақ кездесуге бара жатқанда Moonwalkin' әнін қосып тыңдадым. Маған қатты ұнады. Топтың өзіне де, музыкалық продакшнына да қызығып, шығармашылық әлеміне тереңірек үңілдім.
Маған топтың алдағы жоспарларын айтып, кеңсесін көрсетті. Сондай-ақ режиссерлік орынға тек мені көргісі келетіндерін жеткізді. Бұған дейін K-pop индустриясымен мүлде жұмыс істеп көрмеген едім, сондықтан бұл мен үшін тың тәжірибе болды.
Ұсынысты бірден қабылдаған жоқпын. Өйткені музыкалық бейнебаян түсірмегеніме бес жыл болған, біраз дағдымды жоғалтып алғандай сезіндім. Дегенмен K-pop әлеміне еніп көргім келді. Бұл мен үшін үлкен белес, маңызды тәжірибе еді. Себебі K-pop – сырт көзге жабық әлем сияқты. Осындай мүмкіндіктен бас тартқым келмеді. Мұны бұрыннан байқап көргім келетін, – деді режиссер Instagram парақшасында.
Ол бұл жұмысын K-pop бағытындағы алғашқы қадамы деп атап, LNGSHOT тобына сенім артқаны үшін алғыс білдірді.
LNGSHOT тобы туралы не белгілі?
LNGSHOT – More Vision лейблі құрған Оңтүстік Кореяның төрт адамнан тұратын K-pop тобы. Атауы Long Shot тіркесінен қысқартылып алынған. Топты кореялық текті америкалық рэпер әрі продюсер Джей Пак құрған.
Ұжым құрамында Оюль (OHYUL), Рюль (RYUL), Уджин (WOOJIN) және Луи (LOUIS) бар. Топ хип-хоп, R&B және альтернатив K-pop бағытында ән орындайды.
LNGSHOT 2026 жылғы қаңтарда SHOT CALLERS атты алғашқы мини-альбомын шығарып, сахнаға қадам басты. Ал S.W.I.S.H. – топтың екінші мини-альбомы. Қысқа уақыт ішінде тыңдарман жинаған ұжымның Spotify платформасындағы айлық тыңдармандары 4,3 миллионнан асқан. YouTube-тағы ең танымал бейнебаяны 64 миллионнан астам қаралым жинаған.
Сондай-ақ топ АҚШ-тағы музыкалық нарықта жұмыс істеу үшін америкалық лейблмен ірі келісімшартқа отырған алғашқы кореялық топ атанғаны айтылады.
Айсұлтан Сейітовтің шетелдік әртістермен жұмысы
Айсұлтан Сейітов бұған дейін де әлемдік музыка жұлдыздарына бейнебаян түсірген. Ол 21 Savage пен J. Cole орындаған A Lot әнінің клипін режиссер ретінде түсіруге қатысқан. Бұл жұмыс Rolling Stone журналының нұсқасы бойынша үздік 150 хип-хоп бейнебаянның қатарына енген.
Биыл қазан айында режиссер америкалық рэпер A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірілген клиптің режиссерлерінің бірі болды. Алайда бейнебаянның соңғы нұсқасында жасанды интеллект көмегімен жасалған кадрлардың қолданылуы дау туғызды. Видеорежиссер әрі визуалды эффект маманы Cache Bunny клип авторларын «еңбегімді рұқсатсыз пайдаланды» деп айыптады. Алайда Сейітов өзі жіберген бастапқы нұсқада ешқандай авторлық құқық бұзылмағанын айтып, дәлел ретінде режиссерлік жұмысын да көрсетті.
Қазақстандық көрерменге Айсұлтан Сейітов «Қаш» тарихи драмасы арқылы да жақсы таныс. 2022 жылы жарық көрген бұл фильм режиссердің алғашқы толықметражды туындысы болды. Ал 2023 жылы ол Шанхай халықаралық кинофестивалінде үздік режиссер атанды.