«Зейнетақыңызды көбейтеміз»: алаяқтардың жаңа айласы әшкереленді

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтарға қатысты алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

SMS арқылы келген кодтарды айтып қойған

Қордың мәліметінше, соңғы уақытта БЖЗҚ филиалдарына өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары төленбегені туралы хабар алған салымшылар жиі жүгінуде. Алаяқтар өзін қор қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға бірнеше жылдық еңбек өтілі зейнетақыны есептеу кезінде ескерілмей қалғанын айтады. Кейін зейнетақы төлемін ұлғайту үшін қайта есептеу жүргізуді ұсынып, сенімге кіруге тырысады.

Мәселені шешетіндей көріну үшін олар БЖЗҚ-ның нақты жұмыс істеп тұрған бөлімшелерінің мекенжайын айтып, сол жерге келуге шақырады. Сондай-ақ қызметті жылдам алу үшін электронды кезекке жазып береміз деп, телефонға келген SMS-кодты сұрайды.

Өкінішке қарай, кейбір салымшылар мен төлем алушылар алаяқтарға SMS арқылы келген кодтарды айтып қойған, – деп хабарлады қор.

Қор қызметкерлері ешқашан жеке мәлімет сұрамайды

БЖЗҚ өкілдері қор қызметкерлері ешқашан телефон арқылы, электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректерін және басқа да жеке мәліметтерді сұрамайтынын ескертті.

БЖЗҚ барлық қызметті тегін көрсетеді. Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу заңда белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады. Қоңырау шалушы сіздің аты-жөніңізді, ЖСН-іңізді, мекенжайыңызды немесе жұмыс орныңызды білсе де, бұл оның ресми қызметкер екенін білдірмейді. Мұндай деректер ашық көздерден алынуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Қор азаматтарды ешқандай жағдайда SMS-кодтар мен жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді қоңырауларды дереу тоқтатуға, ақпаратты тек ресми арналар арқылы тексеруге және алаяқтыққа қатысты күдік туындаған жағдайда полицияға жүгінуге шақырды.

Біз бұған дейін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін қалай алуға  болатыны жайлы жазғанбыз. 

Оқи отырыңыз