2026 жылғы қыркүйектен бастап қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жинағының 100 пайызына дейін жеке басқарушы инвестициялық портфель басқарушы компанияларға (БИП) аудара алады. Алайда бұл өзгеріс азаматтарға зейнетақы ақшасын жеке қажетіне шектеусіз шешіп алуға мүмкіндік бермейді.
Қаржы сарапшысы Сұлтан Елемесов әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға қатысты түсініктеме беріп, зейнетақы жинағын пайдалану тәртібіндегі негізгі өзгерістерді түсіндірді.
Оның айтуынша, қыркүйектен бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағын шектеусіз алып, тіс емдеуге, ипотекаға немесе жылжымайтын мүлікке жұмсауға рұқсат берілмейді.
«БЖЗҚ-дағы ақшаны шектеусіз шешіп алуға ешкім мүмкіндік бермейді. Егер осылай ойлаған болсаңыз, бәрін шатастырып отырсыз», - деді сарапшы.
Сұлтан Елемесовтің сөзінше, бүгінде БЖЗҚ жүйесінде зейнетақы жинағын пайдаланудың үш түрлі шегі бар.
Бірінші шек – зейнетақы жинағының артық бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және заңда көзделген басқа мақсаттарға пайдалану мүмкіндігіне қатысты. Сарапшының айтуынша, дәл осы шек биыл маусым айында айтарлықтай көтерілді. Соның салдарынан көптеген азамат үшін зейнетақы жинағын аталған мақсаттарға пайдалану қиындаған.
Екінші шек – өмірді сақтандыру компаниясына қаражат аударып, зейнетақы немесе сақтандыру аннуитетін сатып алуға қатысты. Сұлтан Елемесов бұл шектердің өзгермегенін атап өтті.
Оның айтуынша, сақтандыру компаниялары салымшыларды тарту үшін аталған шектің 10 пайызын ақшалай қайтаруы мүмкін. Бұл ер адамдар үшін шамамен 1 млн теңге, әйелдер үшін 1,2 млн теңге. Сонымен қатар БЖЗҚ-да қалған қаражатты заңда рұқсат етілген мақсаттарға пайдалануға болады.
Ал қыркүйектен бастап күшіне енетін негізгі өзгеріс зейнетақы жинағын жеке басқарушы инвестициялық портфель басқарушы компанияларға аудару тәртібіне қатысты.
Бұған дейін азаматтар зейнетақы жинағының 50 пайызына дейін өзге инвестициялық портфель басқарушы компанияның басқаруына бере алатын. Енді бұл шек 100 пайызға дейін көтеріледі.
«Бұл ақшаны қолма-қол алу деген сөз емес. Қаражат тікелей басқа басқарушы компанияға аударылады. Яғни барлық жинақты бір немесе бірнеше жеке БИП-ке беруге болады. Бірақ бұл шешім салымшының өз тәуекелімен қабылданады», — деп түсіндірді сарапшы.
Осылайша, зейнетақы жинағын пайдалану шектері өзгеріссіз қалады. Қыркүйектегі жаңашылдық азаматтарға ақшаны шешіп алуға емес, оны инвестициялық басқаруға беру мүмкіндігі кеңейе түспек.