Зейнетақы мәселесі тағы күн тәртібіне шықты. Жаңа бастамалар мен ұсыныстар көбейіп жатыр. Ең маңызды өзгерістер қандай, соны тарқатып көрейік.
Жұмыс беруші есебінен жаңа төлем
Реформаның ең басты жаңалығы – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының толық енгізілуі. Енді жұмыс беруші қызметкері үшін өз қаражатынан жарна аударып, сол арқылы болашақта қызметкерге өмір бойғы төлем қалыптасады.
Енді зейнетақы үш бағыт бойынша жиналады. Атап айтқанда, мемлекет беретін төлем, азаматтың жеке жинағы және жұмыс беруші аударатын қаражат.
Бұл өзгеріс 1975 жылдан кейін туған азаматтарға тікелей қатысты. Яғни, бұрынғы «ынтымақты зейнетақыға» сүйену кезең-кезеңімен тоқтайды. Енді негізгі салмақ – адамның өз жинағына және қанша уақыт жұмыс істегеніне байланысты болады.
Қазірдің өзінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері шамамен 35 мың теңге деңгейінде. Бұл қаражатпен толыққанды өмір сүру қиын екені белгілі. Сондықтан мемлекет біртіндеп шегініп, жауапкершілікті азамат пен жұмыс берушіге ысырып отыр деуге болады.
Жарна мөлшері қалай өседі
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бірден емес, кезең-кезеңімен өсіп келеді.
- 2024 жылы – 1,5%,
- 2025 жылы – 2,5%,
- 2026 жылы – 3,5%,
- ал 2028 жылға қарай 5%-ға жетеді.
Алғашында бұл жүйе тек қауіпті өндірісте жұмыс істейтіндерге қатысты болса, енді барлық жұмыс істейтін қазақстандықты қамтиды.
Қазір ел бойынша 5,8 миллионға жуық адам осы жүйеге қосылған. Жинақ көлемі де өсіп келеді. Үш ай ішінде 760 млрд теңгеден 950 млрд теңгеге дейін жеткен.
Бизнеске қандай жеңілдік бар
Жұмыс берушілер үшін бұл қосымша шығын болғанымен, мемлекет оларды салықтық жеңілдіктер арқылы ынталандырып отыр. Яғни, төленген жарналар компанияның салық салынатын табысынан шегеріледі.
Бұл бір жағынан бизнесті «көлеңкеден» шығарып, қызметкерлерге ашық әлеуметтік саясат жүргізуге итермелеуі тиіс.
40 жыл еңбек етіп, зейнетке шығуға бола ма
Қазақстанда зейнетке шығу жасын қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шықты. Әсіресе ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарға жеңілдік беру жайы қызу талқыланып жатыр. Бұл бастамаға сенатор Амангелді Нұғманов себеп болды.
Оның айтуынша, егер адам 40 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, денсаулығы сыр бере бастаса, оған зейнетке ертерек шығуға мүмкіндік берген дұрыс.
Егер азаматтың еңбек өтілі жеткілікті болып, денсаулығы жұмыс істеуге мүмкіндік бермесе, оған белгіленген жасты күтпей-ақ зейнетке шығуға құқық беру керек, – деген еді сенатор депутаттық сауалында.
Ұсыныс бойынша, тек еңбек өтілі ғана емес, адамның нақты денсаулығы мен жұмыс істеу қабілеті де ескерілуі тиіс. Мұндай тәжірибе Қазақстанда бар. Әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері «еңбек сіңірген жылдары үшін» ерте зейнетке шығып келеді.
Сенатор бұл бастама бірнеше мәселені шешеді деп санайды. Оның пікірінше, ерте зейнетке шығу мүмкіндігі жұмыссыздықты азайтып, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашуы мүмкін. Сонымен қатар, азаматтарды ресми еңбекке ынталандырып, көлеңкелі жұмысты азайтуға ықпал етеді.
Алайда бұл ұсыныстың екінші жағы да бар. Егер зейнеткерлер саны көбейсе, зейнетақы жүйесіне түсетін жүктеме артуы мүмкін. Осы тұста сарапшылар нақты есеп пен сақтық қажет екенін айтып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл мәселе қазір жан-жақты қаралып жатқанын мәлімдеді.
Бұл бастамалардың барлығы мұқият зерделеуді және нақты есептеулерді қажет етеді. Арнайы жұмыс тобы бюджет пен зейнетақы жүйесінің мұндай жүктемеге қаншалықты дайын екенін анықтайды, – деді министр.
Қазір үш негізгі нұсқа талқыланып жатыр:
- 40 жыл еңбек өтілімен ерте зейнетке шығу;
- «4+1» моделі (жұмыс беруші 4% жеке шотқа, 1% ортақ қорға аударады);
- сақтандыру зейнетақы жүйесін енгізу.
Бұл бастамалардың нақты қайсысы жүзеге асатыны әзірге белгісіз.
Әйелдердің зейнет жасы қайта өседі
Қазір әйелдердің зейнет жасы 61 жаста. Бірақ бұл уақытша ғана.
2028 жылдан бастап ол қайта көтеріле бастайды:
- 2028 – 61,5 жас;
- 2029 – 62 жас;
- 2030 – 62,5 жас;
- 2031 – 63 жас.
Яғни, әйелдер мен ерлердің зейнет жасы теңестіріледі.
Министрлік мұны қарапайым логикамен түсіндіреді. Кім ұзақ жұмыс істесе, сол көбірек жинайды. Бірақ бұл барлық әйелдің өмірлік жағдайына сай келе бермейтіні де анық.
Жеткіліктілік шегі өзгеруі мүмкін
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі енді аннуитет құнына қарай қайта есептелуі мүмкін. Еңбек министрлігі осыған қатысты қаулы жобасын әзірлеген. Ресми түсіндірмеде бұл өзгеріс болашақ төлемдерді тұрақты әрі теңгерімді етуге бағытталғаны айтылған.
Бір қарағанда, ұсыныс орынды. Адам қартайғанда өзін қамтамасыз етуі үшін жеткілікті соманы жинауы керек. Бірақ мәселе аннуитеттің әр адамға әртүрлі есептелуінде. Оның құны өмір сүру ұзақтығына, инфляцияға, кірістілікке және нарықтағы жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады.
Сарапшылар осы тұста қауіп барын айтады. Егер жеткіліктілік шегі аннуитетке тәуелді болса, ол тұрақсыз болып кетуі мүмкін. Бүгін бір көрсеткіш, ертең басқа көрсеткіш болуы ықтимал. Мұндай жағдайда халық үшін нақты бағдар жоғалып, межеге жету қиындай түседі.
Соған қарамастан, министрлік азаматтар шектен асқан жинағын бұрынғыдай тұрғын үй алуға немесе емделуге пайдалана алатынын еске салды. Ал шекті қайта есептеу актуарлық есептеулерге негізделіп, өмір сүру ұзақтығы мен экономикалық факторлар ескеріледі.
Дегенмен, бұл жерде бәрі сенімге тіреледі. Егер талап күшейіп, бірақ жинақтың табыстылығы соған сай болмаса, қоғамда күмән күшейе түсуі мүмкін.