Зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы өлім қаупін арттырады – ғалымдар

Зейін тапшылығы және гиперактивтілік синдромы өлім қаупін арттырады – ғалымдар
Фото: © pixabay.com

Ғалымдар зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы (ЗТГС / СДВГ) бар адамдардың денсаулығына қатысты ұзақ мерзімді зерттеулерді талдап, маңызды тұжырымға келді.

Нәтижелерге сәйкес, бұл диагнозы бар адамдарда мезгілсіз қайтыс болу қаупі жоғары болуы мүмкін. Ал дәрі-дәрмек қабылдаған адамдар арасында өлім қаупі ем қабылдамағандарға қарағанда төмен болған, дегенмен дәрінің тікелей қатысы нақты дәлелденген жоқ.

Зерттеу нәтижесі

JAMA Network Open журналында жарияланған зерттеуде Ливерпуль университетінің және басқа да ғылыми ұйымдардың мамандары 15 миллионнан астам адамды қамтыған 19 ғылыми жұмыстың нәтижелерін талдаған. Олардың арасында диагноз қойылған және ондай диагнозы жоқ адамдар да бар. Кейбір зерттеулерде қатысушылардың денсаулығы 20 жылдан астам уақыт бойы бақыланған.

Талдау нәтижесінде ЗТГС диагнозы бар адамдар арасындағы жалпы өлім-жітім деңгейі бұл диагнозы жоқ адамдармен салыстырғанда 70 пайыз жоғары болғаны анықталды.

Сондай-ақ ЗТГС бар адамдарда:

өзіне қол жұмсау салдарынан қайтыс болу қаупі 90 пайыз;

жарақат салдарынан көз жұму қаупі 55 пайыз;

табиғи себептерден қайтыс болу қаупі 27 пайыз жоғары болған.

Зерттеушілер дәрі-дәрмек қабылдаған адамдардың көрсеткіштерін де салыстырған. Нәтижесінде ем қабылдаған ЗТГС диагнозы бар адамдарда бақылау кезеңіндегі өлім қаупі дәрі қабылдамағандарға қарағанда 25 пайыз төмен болған. Алайда бұл көрсеткіш дәрілердің өлім қаупін тікелей төмендететінін толық дәлелдемейді. Нәтижені нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет.

ЗТГС адам денсаулығына қалай әсер етуі мүмкін?

Зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы зейінді шоғырландырудың қиындауы, шамадан тыс белсенділік және импульсивті әрекеттер арқылы байқалады. Оның белгілері көбіне балалық шақта басталады. Дегенмен кейбір адамдарға бұл диагноз ересек кезінде ғана қойылады, ал кейбіріне синдром мүлде анықталмауы мүмкін.

ЗТГС адамның күнделікті өміріне ғана емес, денсаулығына да әсер етуі ықтимал. Мәселен, бұл жағдай ұйқының бұзылуымен, зиянды немесе тыйым салынған заттарды тұтыну мәселелерімен және күйзелістің артуымен қатар жүруі мүмкін. Сондай-ақ кей адамдарға тұрақты жұмыс табу немесе жұмыс орнын сақтап қалу қиынырақ болады.

Мұндай қиындықтар уақыт өте келе адамның жалпы денсаулығына және өмір сүру ұзақтығына ықпал етуі мүмкін.

Бұған дейінгі бір зерттеуде ЗТГС диагнозы қойылған ер адамдардың болжамды өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 6,78 жылға, ал әйелдердікі 8,64 жылға қысқаруы мүмкін екені айтылған. Дегенмен бұл көрсеткіштердің нақты ауқымы әлі де зерттеліп жатыр.

Дәрі-дәрмек емдеудің жалғыз жолы емес

Зерттеу авторлары алынған нәтижелерді дәрі-дәрмектің қорғаныш әсерін түпкілікті дәлелдейтін қорытынды ретінде қабылдауға болмайтынын ескертеді.

Талдауға енген 19 зерттеудің үшеуі ғана дәрі қабылдаған және дәрі-дәрмекпен емделмеген ЗТГСдиагнозы бар адамдар арасындағы өлім-жітім көрсеткіштерін тікелей салыстыруға мүмкіндік берген. Бұған қоса, зерттеулердің әдістері мен жүргізілу жағдайларында айырмашылық бар. Сондықтан дәрілердің адамның ұзақ мерзімді денсаулығына нақты қалай әсер ететінін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.

Мамандар ЗТГС бар адамдарға көмек көрсету тек дәрі-дәрмекпен шектелмеуі керектігін де атап өтеді. Оларға жағдайына қарай медициналық бақылау, психологиялық қолдау және күнделікті өмірдегі қиындықтарды жеңуге көмектесетін кешенді қолдау қажет болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз