Зертханадан өндіріске: қазақстандық ғалымдардың жаңалықтары өнеркәсіпке жол ашуда

Зертханадан өндіріске: қазақстандық ғалымдардың жаңалықтары өнеркәсіпке жол ашуда
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелері бүгінде зертханалардан шығып, нақты өндіріс орындарында қолданылып жатыр. Аккумуляторлар мен металл өндіруден бастап, ветеринариялық вакциналар мен жемшөп қоспаларын жасауға дейінгі отандық технологиялар ішкі нарықта сұранысқа ие болып қана қоймай, шетелге де экспортталуда.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, мемлекет қолдау көрсеткен ғылыми жобалардың экономикаға қосқан жалпы үлесі 143,3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл көрсеткішке өнім сатудан түскен кіріс, жеке инвестициялар, салық түсімдері және сатып алынған негізгі құралдардың құны кіреді.

Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру нәтижесінде өнім сатудан 61,7 миллиард теңге табыс түскен. Оның 1,6 миллиард теңгесі экспорт есебінен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жобаларға шамамен 28,2 миллиард теңге жеке инвестиция тартылып, бюджетке 13,2 миллиард теңге салық түскен. Нәтижесінде 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

2022 жылғы желтоқсаннан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған төрт гранттық конкурс өткізді. Осы мақсатқа 57,1 миллиард теңге бөлінді. Конкурстардың қорытындысы бойынша 148 жоба нарыққа шығып, 24 миллиард теңгеден астам сомаға өнім сатты. Оның ішінде 29 жоба өз өнімдерін шетелге экспорттап, 1,5 миллиард теңге табыс тапқан. Жеке компаниялар аталған жобаларға 20,7 миллиард теңге инвестиция құйды. Бұл бөлінген гранттардың жалпы көлемінің 36,4 пайызына тең.

Бағдарлама іске қосылған 2016 жылдан бері барлығы 286 ғылыми жоба нарыққа шыққан. Оның 55-і машина жасау, металлургия, металл өңдеу, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларына бағытталған. Тағы 37 жоба геология, пайдалы қазбаларды өңдеу және жаңа материалдар жасау салаларында жүзеге асырылуда. Ал қолдау тапқан жобалардың шамамен 40 пайызы ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі.

Қазақстандық ғалымдардың маңызды жетістіктерінің бірі – энергетика саласына арналған жаңа технологияларды әзірлеу. Мәселен, «Балауса» фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ағынды аккумуляторларға қажетті ванадийдің аралас оксидтерін өндіру технологиясын жасап шығарды. Сұйық электролит қолданылатын мұндай аккумуляторлар -10 градустан +40 градусқа дейінгі температурада тұрақты жұмыс істей алады. Қазіргі уақытта компания өз өнімдерін Австрия мен Ресейге экспорттайды.

Назарбаев Университетінің ғалымдары да аккумулятор технологияларын дамытуға үлес қосып келеді. Олар литий-ионды батареяларға арналған материалдарды өндірудің жаңа әдісін әзірлеген. Мұндай ғылыми шешімдер энергия сақтау жүйелерін жетілдіруге және отандық технологиялық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.

Металлургия саласында да қазақстандық ғылыми жаңалықтар нақты өндіріске енгізілуде. Атап айтқанда, «Қазақмыс Прогресс» компаниясы Satbayev University Металлургия институтының технологиясын пайдаланып, тазалығы жоғары техникалық селен өндіреді. Дайын өнім шетелдік нарықтарға экспортталады. Бұл отандық ғылыми зерттеулердің өнеркәсіптік өндірісте қолданылып, халықаралық нарықта сұранысқа ие бола алатынын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы саласында да қазақстандық ғалымдар бірқатар тиімді технологиялық шешімдер ұсынып отыр. Мәселен, ECOSave компаниясы тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарының жапырақ бетінде жақсы сақталуына көмектесетін «БиоЛип» биопрепаратын өндіреді. Аталған өнімді сатудан түскен табыс 1,7 миллиард теңгеден асқан. Бұл 2022-2025 жылдардағы гранттық конкурстарда жеңіске жеткен жобалар арасындағы ең жоғары коммерциялық нәтижелердің бірі болып саналады.

Ал Black Biotechnology жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамында гуминді заттар, соның ішінде фульво қышқылдары бар органикалық жемшөп қоспаларын шығарады. Мұндай қоспалар жануарлардың микроэлементтерді жақсы сіңіруіне көмектеседі. Компания өз өнімдерін Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан нарықтарына экспорттайды.

«Восток-Аквакультура» компаниясы да ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізіп отырған кәсіпорындардың бірі. Компания балық өсіру шаруашылықтарында жем өндіруге пайдаланылатын артемия цисталарын, яғни ұсақ шаянтәрізділердің жұмыртқаларын терең өңдеу технологиясын әзірлеген. Бұл технология патенттеліп, дайын өнім Қытайға жеткізіліп жатыр.

Қазақстандық ғалымдар ветеринария саласындағы зерттеулерге де ерекше көңіл бөлуде. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті аусылға қарсы тазартылған, инактивтелген вакцина жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Вакцинаны әзірлеу кезінде Орталық Азияда таралған вирус штамдары ескерілген. Жобаның негізгі мақсаты – вакцинаның қауіпсіздігін арттыру және жануарларды қауіпті жұқпалы аурудан қорғау.

Сонымен қатар «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны бруцеллёзге қарсы BRUVAC және BRUCON вакциналарын өндіруді жолға қойған. Бұл өнімдер Әзербайжанға экспортталады. Ғалымдар вакциналарды өндіру барысында бактерияларды биореакторларда өсіру технологиясын, қоректік орталардың құрамын және өндірісті басқару жүйесін жетілдірген.

Елімізде ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылдан бастап Қазақстанның ірі кәсіпорындары ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындауға белсенді қатыса бастады. 2024–2025 жылдары бизнес өкілдері мен ғалымдардың қатысуымен 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілген. Бұл кездесулерде өнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, оларды ғылыми тұрғыдан шешу жолдары қарастырылды.

Мәселен, KAZ Minerals компаниялар тобына арналған хакатонда геологиялық барлау, пайдалы қазбаларды байыту, экология және цифрлық мониторинг мәселелері көтерілді. Кездесу қорытындысы бойынша бес басым жоба іріктелді.

Астанада OpenAI және NVIDIA компанияларының қатысуымен HackAlem AI іс-шарасы да ұйымдастырылды. Оның қатысушылары халықаралық серіктестердің жалпы құны 1,5 миллион долларға дейін жететін технологиялық және білім беру ресурстарына қол жеткізді.

Ғылыми зерттеулерді кәсіпорындардың нақты қажеттіліктерімен байланыстыру мақсатында Қазақстанда ғылыми-технологиялық міндеттердің бірыңғай тізілімі құрылып жатыр. Бұл жүйе арқылы кәсіпорындар өз өндірісіндегі мәселелерді ғалымдарға тікелей ұсынып, оларды шешуге бағытталған зерттеулерге бастамашы бола алады.

Бұдан бөлек, QazInnovations тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған гранттарды қарастырған. Мұндай қаржыландыру ғылыми әзірлемелер негізінде прототиптер жасап, оларды өнеркәсіптік өндіріске дайындауға мүмкіндік береді.

Ғылыми жобаларды қаржыландыру тәртібіне де өзгерістер енгізілген. Енді үш жылдық ғылыми жобалар келісімшарт жасалған күннен бастап толық 36 ай бойы жүзеге асырылады. Бұл зерттеушілерге жобаларын жоспарланған мерзімде аяқтауға қолайлы жағдай жасайды.

Алдағы 2027–2029 жылдары Қазақстанның ғылыми саясаты отандық технологияларды дамытуға және өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталмақ. Осы мақсатта жасанды интеллект, болжамды талдау және жаңа технологиялық шешімдерді дамытуға басымдық беріледі.

Атап айтқанда, Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институтымен (KISTI) бірлесіп, AI SilkNet форсайт және болжамды аналитика орталығы дамытылып жатыр. Орталықтың негізгі міндеті – болашағы зор технологияларды анықтау, ғылыми зерттеулердің перспективалы бағыттарын белгілеу және инновациялық шешімдерді өндіріске енгізуге ықпал ету.

Жалпы, қазақстандық ғылыми әзірлемелердің коммерцияландырылуы отандық ғылымның нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізе бастағанын көрсетеді. Бүгінде ғалымдардың еңбегі энергетика, металлургия, ауыл шаруашылығы, ветеринария және басқа да салаларда кеңінен қолданылып келеді.

Ғылыми жобалардың нарыққа шығуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, жеке инвестициялар тартуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ел экономикасының технологиялық әлеуетін арттыруға ықпал етуде. Ең бастысы, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нығайып, қазақстандық кәсіпорындардың нақты сұраныстарына жауап беретін жаңа технологияларды жасауға жол ашылып отыр.

Осылайша, отандық ғалымдардың зертханаларда жасаған жаңалықтары біртіндеп зауыттар мен өндіріс орындарының күнделікті жұмысына еніп, Қазақстанның инновациялық экономикасын дамытуға нақты үлес қосуда. Бұл үрдіс алдағы жылдары еліміздің технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз