Елімізде Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Бұдан бөлек, Үржар әуежайының жолаушылар терминалы жаңғыртылуда. Азаматтық авиация комитеті жаңа нысандардағы жұмыстың қай деңгейге жеткенін және құрылыстың қашан аяқталатынын мәлімдеді. Жоспар бойынша Зайсандағы әуежай құрылысы 2026 жылғы қарашада, ал Қатонқарағай мен Кендірлідегі нысандар желтоқсанда аяқталуға тиіс.
Кендірлідегі әуежай
Жаңа әуежай Маңғыстау облысындағы Кендірлі демалыс аймағында, Каспий теңізінің жағалауынан шамамен 13 шақырым жерде салынып жатыр.
Қазір нысандағы жұмыстың 54 пайызы аяқталған. Газ құбыры тартылып, сыртқы байланыс желілері жүргізілген. Ұшу-қону жолағы, перрон, ұшақтардың қозғалуына арналған жол, жолаушылар терминалы, кіреберіс жол және әкімшілік-техникалық ғимараттардың құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.
Кендірлі әуежайы ішкі және халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге есептелген. Жоба бойынша ол жылына 1,3 миллион жолаушы қабылдай алады.
Бұған дейін Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал және Қызылордаға, сондай-ақ Нүкіс, Баку мен Астраханға рейс ашу мүмкіндігі қарастырылғаны хабарланған. Жобаның алғашқы кезеңінде ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы салынады. Ол Q-400, ATR және CRJ үлгісіндегі ұшақтарды қабылдай алады.
Кейін әуежай инфрақұрылымын кеңейтіп, Airbus A320 және Boeing 737 секілді ірі жолаушылар ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік жасау көзделген.
Зайсандағы әуежай
Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан әуежайының құрылысы аяқталуға жақын. Қазір нысанның дайындығы 95,3 пайызға жеткен.
Ұшу-қону жолағы, перрон, ұшақтардың қозғалуына арналған жол мен кіреберіс жолдар салынып біткен. Негізгі сыртқы инженерлік желілер тартылып, жарықпен белгі беру жүйесі орнатылған. Қазір жолаушылар терминалы мен әкімшілік-техникалық ғимараттар салынып, қажетті жабдықтар орнатылып жатыр. Құрылысты 2026 жылғы қарашада аяқтау жоспарланған.
Әуежай Зайсаннан шамамен 25 шақырым жердегі Сәтбай ауылының маңында, бұрынғы әскери аэродромның орнында салынып жатыр. Құрылыс 2025 жылғы наурызда басталған.
Жоба бойынша ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,2 шақырым болады. Қажет болған жағдайда оны кейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Жолақ Bombardier Q400 және ATR-72 секілді өңірлік бағыттарға қатынайтын ұшақтарды қабылдауға лайықталады.
Әуежай аумағында төрт ұшаққа арналған перрон, аумағы 4 мың шаршы метрге дейін жететін жолаушылар терминалы, диспетчерлік мұнара, апаттық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған.
Терминал сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдай алады. Алғашқы жоспар бойынша Зайсан әуежайы 2026 жылғы маусымда дайын болуы тиіс еді. Кейін құрылыс мерзімі қарашаға ауыстырылды.
Бұған дейін Зайсаннан Астана, Алматы және Өскеменге, сондай-ақ Қытайдың Үрімші, Алтай және Қанас бағыттарына рейс ашу жоспарланғаны хабарланған.
Қатонқарағайдағы әуежай
Қатонқарағай ауданындағы жаңа әуежайдың дайындығы 79 пайызды құрайды.
Ұшу-қону жолағы, перрон, ұшақтардың қозғалуына арналған жол, республикалық маңызы бар автожол және модульдік қазандық салынып біткен. Қазір жолаушылар терминалы, әкімшілік-техникалық ғимараттар мен инженерлік желілердің құрылысы жүріп жатыр. Жобаны 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.
Әуежай Қатонқарағай мен Үлкен Нарын ауылдарының арасында, Солдатово ауылының маңында салынып жатыр. Қатонқарағай ауылынан нысанға дейінгі қашықтық шамамен 38 шақырым.
Әуежайдағы ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,2 шақырым, ені 35 метр болады. Оған асфальт-бетон төселеді. Жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қабылдай алады деп жоспарланған.
Бұған дейін Қатонқарағайдан Астана, Алматы және Өскеменге ішкі рейстер, Қытайдың Алтай және Қанас бағыттарына, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына халықаралық рейстер ашылуы мүмкін екені айтылған.
Алайда нақты қандай әуе компаниялары ұшатыны және тұрақты бағыттар тізімі әзірге бекітілмеген. Бұл мәселе әлі пысықталып жатыр. Алғашқы жоспар бойынша Катонқарағайдағы әуежай құрылысы 2026 жылғы қыркүйекте аяқталуы керек еді. Кейін мерзім желтоқсанға шегерілді.
Үржар әуежайы да жаңғыртылып жатыр
Елдегі әуежай инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жаңа үш нысанмен шектелмейді. Абай облысындағы Үржар әуежайының жолаушылар терминалын жаңғырту да қолға алынған.
Жоспар бойынша терминалдың өткізу мүмкіндігі сағатына 100 жолаушыға дейін ұлғайтылмақ.Үржар туристер көп баратын Алакөлге қатынайтын негізгі бағыттардың бірі болғандықтан, әуежай инфрақұрылымын жаңарту өңірге келетін жолаушыларға қызмет көрсету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Әуежайлар не үшін салынып жатыр?
Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлідегі жобалардың ортақ ерекшелігі – үшеуі де туристік әлеуеті бар өңірлерде жүзеге асырылып жатыр.
Кендірлі Каспий жағалауындағы туризмді дамытуға бағытталса, Қатонқарағай мен Зайсандағы жаңа әуежайлар Шығыс Қазақстанның шалғай туристік аймақтарына жетуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа әуежайлардың халықаралық бағыттарға қызмет көрсету мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Зайсан мен Қатонқарағай бойынша Қытай бағыттары, Кендірлі бойынша Әзербайжан, Өзбекстан және Ресей қалалары аталған. Нақты рейстер әуе компанияларымен келісім жасалып, бағыттар бекітілгеннен кейін белгілі болады.
Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа әуежайларды пайдалануға беру және сертификаттау жұмыстары жүргізіледі. Ал тұрақты рейстердің басталу мерзімі мен бағыттары әуе компанияларымен келісілгеннен кейін нақтыланады.