Павлодар қаласында «Ертіс толқыны» облыстық жобасы шеңберінде ашық аспан аясында «Час Х – Тәртіп кодексі» атты ашық алаң көрерменнің жылы ықыласына бөленді.
Аталған іс-шараға Аққулы ауданы жастары белсенді қатысып, өз өнері мен бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Бағдарлама аясында тұрғындар мен жастарға арналған музыкалық концерттік бағдарлама, қызықты ойындар, арт-аймақ, интерактивті фотозона және «Адалдық ағашы» акциясы ұйымдастырылды. Акция барысында қатысушылар адалдық, әділдік және заңға құрмет туралы өз ой-пікірлері мен ізгі тілектерін жазып, ағашқа ілді.
Сонымен қатар, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заң мен тәртіп құндылықтарын насихаттау мақсатында ашық микрофон ұйымдастырылып, қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, ән орындауға мүмкіндік алды.Іс-шара барысында ұлттық және спорттық ойындар өткізілді. Атап айтқанда, асық ату, садақ ату, арқан тарту, гир көтеру және шашка сайыстары ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен және жеңімпаз атанған қатысушылар медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жаннұр Ахметжанованың мәлімдеуінше іс- шара жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және қоғамдағы “Заң мен тәртіп” қағидаттарын дәріптеуге бағытталды.