Жаңалықтар

Заманауи мұғалім білімін күнделікті жаңартып отыруы тиіс – Дәмеш Исаханова

47 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Дәмеш Исахановамен сұхбат
Заманауи мұғалім білімін күнделікті жаңартып отыруы тиіс – Дәмеш Исаханова
Фото: жеке мұрағат 27.10.2022 19:00 3158

Шәкірт кеудесіне білім нәрін құйып, адамдық пен адалдықтың парқын түсіндіретін ұстаздардың еңбегін дәріптеу қашанда маңызды іс саналады. Біз Дәмеш Исаханованы кейіпкер еттік. Қазақстанның үздік мұғалімінен ұстаздық жолы мен қазіргі білім беру жүйесі туралы білдік.

- Ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп болды?

- Ұстаз болу – менің бала күнгі арманым еді. Жалпы өзім екі мектепте білім алғанмын. Ауылда оқып жүрген кезімде алғашқы ұстазым – Юнг Элла Федеровна болды. Алғаш орыс тілі сабағына бірде-бір сөз білмей бардым. Бірақ ұстазым қысқа мерзімнің ішінде тілді игеруіме ықпал етті. Кейіннен ауылдағы мектеп жабылып, әрі қарай Семей қаласындағы №2 мектеп-интернатта білім алдым. Әрине ауылдан қалаға келгенде бірқатар қиындықты бастан өткердім. Енді жаңа мектепке келген кезімде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім жақтыра қоймады. Оны іштей сезетінмін. Сөйтіп, ойлана келе ұстаз болу туралы шешім қабылдадым. Тіпті ол «Өскенде кім боласың?» деп сұраған кезде «Мұғалім боламын» деп айтатынмын. Сондықтан ұстаздық жолға жақсы көретін емес, керісінше ұнатпайтын мұғалімім алып келді десе де болады.

- Өзіңізден түлеп ұшқан шәкірттеріңіздің ішінде үмітіңізді ақтап, елдің дамуына үлес қосып жүрген танымал тұлғалар көп болар.

- Түлектерімнің қатарында елдің дамуына елеулі үлес қосқан журналистер, министр Дархан Қыдырәлі, Мадияр Меңілбеков, Алмат Айдарбеков сынды тұлғалар бар. Өз басым сабақ берген шәкірттерімнің бәрі жетістікке жетті, үмітімді ақтады деп есептеймін.

- 7-сынып оқушыларына арнап орыс әдебиеті мен хрестоматиясы оқулығын шығарған екенсіз. Бұл идея сізге қайдан келді?

- Бұл кітаптар Кеңес Одағы кезінде шықты. Кезінде мектеп-интернатта жұмыс істедім. Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу педагогикалық институтының эксперименттік базасы болатын. Ол жердегі ғылыми қызметкерлер сабағымызға қатысып тұратын. Бір күні Клара Жаданова бірлесіп кітап жазу туралы ұсыныс тастады. Сөйтіп, авторлар қатарына қосылдым. Ол оқулық қазіргідей жылдам басыла қойған жоқ. 1 жыл бойы оқушыларға сабақ беру арқылы кітапты сынақтан өткіздім. Одан кейін оқулықтың қолжазба нұсқасы министрліктің жанындағы ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшелеріне таратылды. Кітапқа рецензия жазылып, талқыланды. Тек содан кейін баспаға басуға жіберілді.

Ал қазіргі кітаптардың ішіндегі өріп жүрген қателерді көргенде, өзімнің автор емес екеніме қуанамын.

- Тәуелсіздікке дейінгі білім беру мен қазіргі оқыту жүйесінің айырмашылығы бар ма? Сол кездегі мен бүгінгі оқушылардың білімге деген ынтасы қандай?

- Әрине 1991 жылға дейінгі мен кейінгі кезеңнің айырмашылығы бар. Кеңес одағы кезінде көбіне идеология басым болды. Кітаптағы мәтіннің бәрінде міндетті түрде Кеңес үкіметі, партияға қатысты ақпараттар кездесетін. Бірақ ол кездегі балалардың оқуға деген ынтасы жоғары болатын.

Қазіргі жаңартылған оқу бағдарламасына толығымен қанағаттанбаймын. Себебі бізде ұлттық нышан жоқ. Көбіне Батысқа еліктеп, оқушылар аударма оқулықтармен білім алып жүр. Алысқа бармай-ақ өзіміздің орыс тілі мен әдебиеті кітабында тұтас жүйе жоқ, әрбір жерден жұлынған мәтіндерден тұрады. Сондықтан бүгінгі оқыту жүйесіне көңілім толады деп айта алмаймын. Біз әлі де адасып жүрген сияқтымыз. Болашақта кемшіл тұстары түзіле ме деген үміт бар.

- Педагогикалық ұстанымыңыз бар ма?

- Әр педагогтің өзінің ұстанымы бар. Менікі – оқушыға тұлға ретінде қарау. «Бұлақ көрсең, көзін аш!» демекші, шәкірттің бойындағы бір ұшқынды көріп, оны әрі қарай лаулатып жандыру қажет.

- Бүгінде мұғалімдердің қоғамда алатын орны мен мәртебесі қаншалықты жоғары?

- Өзіңіз сұрақ бергендей, Кеңестік және Тәуелсіздік жылдарындағы білім беруді салыстырдым. Меніңше, Кеңестік кезінде ұстазға деген құрмет жоғары болды. Өзім ауылымда жұмыс істеп жүрген кезімде мұғалімдерді дүкенде кезексіз өткізе беретін. Бізге «ұстаз» деп ерекше құрметпен қарайтын еді.

Бүгінде педагогтердің жалақысын бірнеше есеге көтеріп, «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданды. Осы бойынша ағартушылар мәртебесі артуы тиіс. Қоғамда сондай түсінік қалыптасқан да болар. Дегенмен кей жағдайда, заманауи талаптарға жауап бере алмайтын оқытушылар кездесіп жатады. Қазіргі оқушылардың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы мүлде басқа. Олар ақпараттық технологияны жете меңгеріп, кез келген мағұлматты еркін таба алады...

Ал қазір көбіне мұғалім «қолбала» болып жүреді. Сондықтан ұстаздың мәртебесін көтеру өзіне де байланысты. Өйткені білімді мұғалім өзінің орнын біледі. Өкінішке қарай, соңғы уақыттары білімсіз ұстаздар шығып жатыр. Енді олар соның орнын толтыру үшін бастыққа жалпақтауға, жағымпаздануға бейім болады. Сол үшін де оның ел алдындағы мәртебесі де төмендейді.

- Осы уақытқа дейін алған бірнеше награда мен медаліңіз бар. Оның ішінде «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі мен Александр Пушкин атындағы халықаралық алтын медальді ерекше атап кетуге болады. Бұл марапаттарға қалай ие болдыңыз? Сізді қалай іріктеп алды?

- Алған марапаттарым еңбегіме қарай берілді деп есептеймін. Кезінде оқушыларым республикалық олимпиадаларға қатысып, орын алып келетін. Ал жеңімпаз атанған оқушының ұстазын министрлік өзі марапаттайтын.

Ал «ҚР Білім беру ісінің үздігі» деген төсбелгіге ұжым ұсынды. Бұл марапатқа осылайша ие болдым.

Александр Пушкин атындағы халықаралық алтын медальді «Орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының халықаралық қауымдастығы» берді. Олар жылына 10 үздік ұстазды іріктеп, медальмен марапаттайды. 1991 жылы мені бұл медальді алуға министрліктер ұсынған екен. Сөйтіп, Қазақстан бойынша орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстаз ретінде бірінші болып медальдің иегері атандым. Ол да бір еңбегімнің бағаланғаны деп ойлаймын.

- XXI ғасырдың заманауи ұстазының бейнесі қандай болуы тиіс?

- Заман өзгере келе, адам да өзгеруі керек. Замануи мұғалім ақпараттық технологияны игеріп, өзінің білімін 3-5 жыл сайын емес, күнделікті жаңартып отыра білуі тиіс. Ұстаздың ең алдымен адамгершілігінің болуы маңызды. Баланы жақсы көріп, оған өзінің бар мейірімін төксе, ол нағыз мұғалім болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға