Жаңалықтар

Заңгер: Қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейі орташа

Халықтың құқықтық санасын арттыру – азаматтық қоғамды қалыптастыру жолындағы маңызды қадамның бірі.
Заңгер: Қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейі орташа
Фото: baq.kz 19.09.2022 20:17 2481

Әлемде болып жатқан жаһандану процестері әлеуметтік-құқықтық мәдениетті арттыруды талап етіп отыр. Қазіргі әлемде еліміздің қарқынды дамуының басты шарты, ең алдымен, құқықтық мемлекет құру. Себебі бұл – тек құқықтар мен бостандықтардың сақталуының кепілі ғана емес, сонымен қатар еліміздің инвестициялық тартымдылығының басты өлшемі. 

Алайда біз жоғарыда атап өткен мәселелерді халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, дамытпайынша мүмкін емес. Өткен жылдың соңында Қазақстан заң үстемдігінің жаһандық рейтингінде үш позицияға көтеріліп, WJP-тің 2021 жылға арналған есебінде әлемнің 139 елінің ішінде 66-орынға көтерілген болатын. Мамандар мұның жақсы көрсеткіш екенін айтып отыр, алайда азаматтардың құқықтық саладағы сауатын арттыру мәселесі әлі де өзекті.

Халықтың құқықтық санасын арттыру – азаматтық қоғамды қалыптастыру жолындағы маңызды қадамның бірі. Оның біздің ел үшін неліктен өзекті екенін түсінуіміз керек. Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасы өзін құқықтық мемлекет ретінде бекітеді, сәйкесінше қоғам да бір болуы керек. Алайда халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттырмайынша, бұған қол жеткізу мүмкін емес. Азаматтар мемлекеттік органдардың, заңды немесе жеке тұлғалардың өздеріне заңмен берілген өкілеттіктер шегінде ғана әрекет ете алатынын түсінуі керек.

Жалпы адамдарға әртүрлі мәселелерді шешу үшін құқықтық реттеу қажет. Олардың ауқымы өте алуан түрлі, ол отбасылық қатынастар, жеке меншік құқығын қорғау, өмір мен денсаулық қауіпсіздігі, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру болуы мүмкін. Қазақстандық қоғам азаматтың еркін дамуын басшылыққа алуы керек. Адамның қабілеттерін дамыту және пайдалану тек жеке азаматқа ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы болатындай жағдай жасау. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір азамат өз құқығын ғана емес, міндеттерін де білуі керек. Сонымен қатар, өз мүдделерін қорғай білу ғана емес, сонымен қатар басқа тұлғаның заңды шекарасын бұзбау маңызды. Әрине, елдегі барлық заңдарды білу мүмкін емес, бірақ оның негізгі ережелерін кем дегенде жалпы түрде түсіну керек. Қарапайым тілмен айтқанда, ненің жақсы, ненің жаман екенін әркім білуі тиіс. Бұл - құқықтық мемлекет қағидаттарының негізі.

Қазақстан заң үстемдігі индексінде 66-орында

Дегенмен елдегі жағдай жаман емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, өткен жылдың соңында Қазақстан заң үстемдігінің жаһандық рейтингінде үш позицияға көтерілді. WJP-тің 2021 жылға арналған есебінде әлемнің 139 елдің ішінде 0,52 балмен 66-орынды иеленді. Алайда соңғы үш жылда Қазақстанның индексі өскен жоқ және 0,52 деңгейінде тұр. Республиканың жаһандық рейтингте үш позицияға көтерілуіне Қазақстанға орын берген басқа елдердің көрсеткіштеріндегі өзгерістер әсер еткенін атап өткен жөн.

Ұлттық жоспар бойынша 2021 жылы жоспарланған көрсеткіш 0,53 болуы керек еді, алайда ол орындалған жоқ. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтындағы өткен жылдың есебінде бұл есепті кезеңдегі бағалау нәтижелеріне COVID-19 пандемиясы салдарынан туындаған әлеуметтік-экономикалық факторлар халықтың негізгі адам құқықтарына қол жеткізу деңгейіне теріс әсер еткені жөнінде айтылады.

Төмендегі диаграммаға қарасақ, соңғы жылдары Қазақстанның заң үстемдігі индексіндегі позициясы жақсарғанын көруге болады.

Заңгер: Қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейі орташа

Заң үстемдігі рейтингі (2021)

Еске салайық, әлемдік заң үстемдігі индексі – мемлекеттердегі құқықтық мемлекеттің қағидаттарына негізделген және құқықтық ортамен қамтамасыз етілуі жағынан жеткен жетістіктерін бағалайтын зерттеу нәтижесі. Аталған индекс 8 фактордан тұрады. Атап айтсақ, билік институттарының өкілеттіктерін шектеу, сыбайлас жемқорлықтың болмауы, ашық үкімет. негізгі құқықтарды қорғау, тәртіп және қауіпсіздік, реттеуші құқық қолдану. азаматтық сот төрелігі және соңғысы қылмыстық сот төрелігі.

Көрсеткіштердің мәні 0-ден (ең төмен) 1-ге (ең жоғары) дейінгі балл бойынша бағаланады. 2021 жылы аталған зерттеуге қатысқан елдер саны өскен. Мысалы, 2020 жылы 128 мемлекет болса, былтыр 139-ды құраған болатын.

Жалпы индексте соңғы үш жылда ешқандай позицияны жоғалпаудың өзі жақсы көрсеткіш екенін айтады мамандар. Өйткені жаһанды жайлаған пандемия салдарынан барлық сала зардап шекті. Осындай қиын-қыстау кезеңде де елеміз өз позициясын сақтап қалды.

Дегенмен заң үстемдігі рейтингіде еліміздің көрші мемлекеттердің көбінен жоғары тұрғанымен, елдегі жемқорлық, ашық үкімет, адамдың құқығын қорғау жағынан алғанда бірқатар шешу керек мәселе бар. Ол үшін сарапшылар халықтың құқықтық сауатын ашу қажеттігін алға тартып отыр. Өйткені азаматтар заңды жақсы білсе, өз құқығын қорғау алса, көп мәселе өзінен-өзі шешімін табар еді.

Қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейі орташа

Осы тұста қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейіне қандай деңгейде деген заңды сұрақ туындайды. Белгілі заңгер Айшат Уәлиолланың пайымынша, еліміздегі азамттардың құқықтық сауат деңгейі – орташа. Халықтың осы бағытта сауатын арттыру үшін әлі де көп жұмыстану қажеттігін тілге тиек етті.

«Мен қазақстандықтардың құқықтық сауат деңгейіне орташа деген баға қояр едім. Нашар деп айтуға келмейді, ал жақсы деуге әлі де көп ізденіп, жұмыстануымыз керек. Құқықтық сауаттылығымыздың кері кетіп жатқанына себеп аз емес. Мәселен, бізде заңдар ай сайын өзгеріске ұшырап жатады. «Жаңа толықтырулар мен өзгерістерді енді түсіндім, енді игердім» деп жатқанда, бұл заң келер айда тағы жарамсыз болып, тағы басқа өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Менің ойымша, билік пен халық арасында көпір жоқ, түсіндірме жұмыстарды тек есеп беру үшін ғана жүргізіліп жатқандай әсер қалдырады. Бұл сөзіммен үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығарып жатқаным жоқ, бірнеше тақырыпта теледидардан бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Қазір бұрынғыдай емес, біраз ашықтық бар»,-деді ол.

Дегенмен оның сөзінше, қазір көпшілігіміз теледидар көрмейміз. Сондықтан халықтың сауатын арттыру үшін басқалай тетіктерді пайдалану қажет. «Бірақ, қазір көбіміз теледидар көрмейміз, ал әлеуметтік желіде блогерлер тек өздерінің «лайк» пен қаралымын бейту үшін әр тақырыптың басын бір шалып, соңында өздерінің ақылы сабақтарына жарнама жасаумен шектеліп келеді. Тағы бір себеп ретінде пікір тұрақсыздығын айтар едім. Яғни қарапайым халық билік өкілінің түсіндірмесі мен сөзіне аса қатты сене қоймайды, содан соң бейнероликтер астындағы кім көрінгеннің пікіріне қосыла кетіп, арандатушылыққа жол беріліп жататындығы да өз кезегінде кері әсерін беріп жатқаны бар»,-деп атап өтті заңгер.

Оның сөзінше, қазіргі таңда осы бағытта бірқатар жұмыс қолға алынды. «Мәселен, бұгінгі таңда көптеген үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ), кеңестер орталығы, заңгерлер палаталары ашылып, біраз жұмыстар жасалынып жатыр. Яғни тек құқық қорғаушылар ғана емес, Палата реестрінде бар қатардағы заңгерлер де жеке азаматтарды қабылдап, өз мүмкіншілігінде оларға құқықтық көмектерін беріп, адамдардың құқықтық сауатын ашу мақсатында семинар-тренинг, біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылуда»,-деді маман.

Жалпы пандемия кезінде барлық сала онлайнға көшті. Алаяқтардың алдау формалары өзгеріп шыға келді. «Банктенбіз» деп телефон арқылы хабарласатын, хат жолдайтындар саны одан сайын көбейе түсті. Осылайша, құқықтық сауаты аз адамдар солардың жемтігіне айналып отыр дейді мамандар. ІІМ мәліметінше, биыл жыл басынан бері 12 мыңнан астам интерннет-алаятық тіркелген. Салдарынан адамдар 7 млрд теңгесінен айырылған. Сондықтан да мамандар өз құқығын білу, заң бойынша сауатын ашу қазір бұрынғыдан өзекті болып отырғанын жеткізді.

«Қазір алаяқтардың саны күн санап артып отыр. Олар күресу де оңай шаруа емес. Әсіресе қаржы жағынан, мәселен, банктен заңсыз несиелер рәсімдеу секілді аялаяқтық фактілері көптеп тіркеліп отыр. Олардың алдын алу үшін бірнеше ұсынысымды айтар едім. Ең алдымен, онлайн несие алуды алып тастау керек деп ойлаймын. Адамдар аяқтай банкке барып алатын болса, алаяқтық саны азаяр еді. Әйтпесе, қазір адамның жеке деректерін білсең, несие рәсімдеу де оңай болып кетті. Сонымен қоса несие алу процесін қатаңдату керек. Бұдан бөлек алаяқтардың қоңырауын фильтрлейтін (сүзбе, бұғаттау, базаға енгізу, т.б) жүйе енгізу керек деп ойлаймын. Сонда ғана бұл мәселе реттеледі»,-деп Айшат Уәлиолла өз ұсыныстарымен бөлісті.

«Заңды теориялық қана емес, тәжірибе жүзінде де қолдануды үйрету керек»

Бұдан бөлек ол елдегі тағы бір мәселеге тоқталып өтті. Оның пайымынша, бізде бәрі теориялық тұрғыда, ал әлемде не өзге көрші елде білімді тәжірибеде қолдана алу мүмкіндігі бар. 

«Мысалы, студенттер қылмыстық істі өз бетінше зерделеп, сот процесін (бір студент—судья, бірі—қорғаушы, бірі— прокурор болып рөл ойнау арқылы) өткізеді. Ал бізде студент түгілі, сол салада жұмыс істеп жүрген кей заңгеріміз өз ойын дұрыс жеткізіп, мардымды сөйлей алмайды. Тіпті көптеген судьямыз қазақша түсінбегендіктен, әділ шешім шығара алмай, болмаса амалсыз талапты орысша беруге мәжбүр болып жататыны өтірік емес»,-деді ол.

Осы тұста ол әлемдік тәжірибені көшіріп алмай, өзімізге қарай бейімдеп алу керегін алға тартты. «Осы тұрғыда, әлемдік тәжірибе көз салып тұрғанымыз абзал, әрине. Десе де әлемдік тәжірибені, олардың шешімін, дағлыларын, талап-ережесін түбегейлі көшіріп алмай, тек керегін алу керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бізде еліктеушілік басым. Әр елдің салты басқа. Біз өзіміздің менталитетімізге сай, дінімізге керағар келмейтін үрдісті қалыптастыруымыз керек. Сосын білікті маманның түсіндірмесіне жүгінген дұрыс деп санаймын. 

«Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген нақыл сөз бар ғой, қандай сала болмасын әр жерде өз саласының маманы тұрғаны дұрыс»,- деді заңгер.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін не істеу қажет?

Бұдан бөлек заңгер елімізде құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін бірқатар мәселені қолға алу қажет екенін атап өтті.

«Сенім телефонын әр сала бойынша (қаржылық, діни, еңбек, тұрмыстық тб) ашу. Сонымен қоса мектеп табалдырығынан бастап жалпылама құқықтық сауат туралы пәнді оқытып қана қоймай, әр салаға қатысты жол беріліп келген заңсыздықтарды мысалға ала отырып, одан шығу жолын балаға таңдату арқылы талдануы қажет. Осылайша, қателікпен жұмыс жасауды практикалық жүзінде қолға алу керек. Яғни балаға тек ереже, бапты жаттатырмай, оған мысал келтіре отырып, оның жағдайдан дан шығу амалын өзі табуға бейімдеу керек. Сол кезде ол тәжірибе жинайды, болашақта алаяқтардың арбауына, теріс жолға түсу ықтималдығы төмендер еді»,-деді Айшат Уәлиолла.

Сонымен қоса ол ақпараттың да қолжетімді болу керегін тілге тиек етті. Жалпы мамандардың көбі заң саласындағы қазақ тіліндегі мәтіндер түсініксіз екенін айтып жүр. Біздің спикеріміз де осы мәселені реттеу керегін атап өтті. «Сонымен бірге заңға, құқықтық сауаттылыққа қатысты орталық емес, онымен кең көлемде айналысатын агенттік не департамент ашылуы тиіс. Біздің болашағымыз жастар, сол себепті аталмыш жүйеге қоғам белсенділерін, жұмыссыз жастарды тағы басқа әлеуметтік топты тарту керек»,-деп баса айтып өтті ол.

Сөз соңында белгілі заңгер аляқтардың құрбаны болмас үшін азаматтар өз құқығын білумен қоса, бірқатар мәселеге назар аудару керегін атап өтті.

«Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы құқықтық тұрғыдан саналы, құқықтық жағынан мәдениетті болуы қажет. Ол үшін, аңғалдықты қойып, адалдыққа бет бұру керек. Құқықтық сауатсыздығымыздан бұрын, біз тегін дүниеге, ақшаға әуеспіз. Желілік алаяқтық, ақшамды бір компанияға салып, оның пайызын көбейтем деп, бар ақшасынан айырылу да құқықтық сауатсыздықтың салдары. Қазіргі заманда тегін деген дүние жоқ. Білікті заңгердің ақысын қымбат көріп, тегін, арзан нәрсені іздеп жүріп, «қақпанға» қалай түсіп қалғандарын өздері де байқамайды. Әркім өзінен бастау керек, ізденіп, заңды бір оқып тұрған артық етпейді. Сондықтан да азаматтарды сақ, қырағы болуға шақырамын»,-деп түйіндеді ол сөзін.

Жалпы құқықтық мәдениетті қалыптастыру азаматтардың қоғамдық-саяси және мәдени өсуіне, олардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттыруға ықпал ететінін түсіну маңызды. Басқаша айтқанда, әрбір азаматтың өзін немесе бір топ адамды өздерін заңды түрде қорғай алуын қамтамасыз ету қажет, бұл ел ішінде де, шетелде де нарықтық қатынастардың дамуына оң әсер етеді. Мамандардың айтуынша, көп адам құқықтық сауаттылықты арттыру үшін бір ғана тұрақты бағдарлама қажет және мәселе шешіледі деп қателеседі. Дегенмен, алдыңғы қатарлы Батыс елдерінде де қалыптасқан азаматтық мәдениет қалыптасқанына қарамастан, бұл бағытта мемлекет тарапынан тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құқықтық сананың жоғары болуы тек заңдарды сақтау ғана емес, сонымен бірге басқалардың заңсыз әрекеттеріне төзбеу екенін де түсіну керек. Өйткені көп қылмыс көпшіліктің үнсіз келісімімен жасалады. Мысалы, егер адам қоғамдық немесе жеке меншікке зиян келтіру фактісінің кездейсоқ куәгері болса, ол бұл туралы дереу құзырлы органдарға хабарлауы керек. Сондықтан да демократиялық институттарды дамыту тек биліктің не бір топтың ғана мүддесі емес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының үлкен жауапкершілігі болуы тиіс.

Мемлекет өз тарапынан қазір халықтың құқықтық мәдениетін арттыру мәселесіне үлкен көңіл бөлуде. Түрлі құқықтық түсіндіру жұмыстары, дөңгелек үстелдер, лекциялар, семинарлар, брифингтер өткізіледі. Қоғамның құқықтық санасын арттырмайынша, ел мен қоғамды жаңғырту үдерісі жай ғана мүмкін емес екенін атап өткен жөн.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға