Жаңалықтар

Үйсіндерді ыдырату саясаты да болды

Үйсіндерді ыдырату саясаты да болды.
16.10.2014 06:14 3775

Еске сала кетсек, б. з. б. 60 жылы, Үйсін ТКА-сының, Оңғайдың өмірінің соңында Хəн əулетіне уəде ретінде берген өсиетін аруаққа (Саншора Жөншікүнбиге жəне одан арғыларға) жат, қиянат санап, алдыңғы аруақ - Саншора өсиетінен аттамай, күнбилікке Нəбиді шығаруы сыртқы Хəн əулеті мен Ғұн қағанатының, ішкі тəуелсіздікті жақтайтындар мен хəншілдердің Үйсін билігіне деген таласын анағұрлым паш етуге сіріңке бола кеткен-ді.

Əу бастан билікке өз жиендерін шығару арқылы Үйсінді Хəнге бағындыруды жоспарлаған Хəн жақ Нəбидің күнби болғанын естіп қатты қапаланған. Бұл отқа Нəбидің таққа шыққаннан соңғы ұстанған хəншіл емес, дербесшіл жолы тіпті май құя түскен. Алдыңғы жақта айтқанымыздай, Саншораның Ғұн күнбишесінен туған Нəби таққа шыққаннан кейін, Хəн əулетіне де, үйсіндегі хəндерге де, тіпті хəншіл үйсіндерге де салқын саясат ұстанған сыңайлы. Сосын хəндер мен хəншіл үйсіндер оны жаратпай “аусархан”, “есер хан” атаған. Б. з. б. 53 жылға келгенде, саяси мақсаты Нəби күнбидің бөгетінен орындалмайтын болғанына көзі əбден жеткен оң күнбише Лю Жиею Нəбиді, ордасындағы сияпатқа шақырып, дайындаған жендеті арқылы өлтірмек болды. Бірақ Нəби ауыр жараланған беті қашып құтылды да, Қызылкүрендегі өз ордасына, өз жақтастары жаққа барды. Нəбидің ұлы Шичиншу астанадағы Лю Жиею бастаған Хəн жақтың адамдарының сарайын қоршауға алды. Ал, Үйсіннің тусыртынан Хəннің Батыс Өңірге қойған басқағы Жың Жи, Такламакан жиегіндегі қалалық хандықтардан əскер құрап, қалың қолмен бой көрсетті. Оның үстіне Чаң Хуй бастаған, кезінде чяңдарды тас-талқан еткен Шин Ушян қостаған топ 15 мың қолмен Дунхуаңға жетті. Сол арада тың игеріп(алдағы соғыс ұзаққа созылады деп мөлшерлегені ғой), Үйсінге шабуылдаудың дайындығына қамданды.

Айлар өткесін, Оңғайдың ұлы Өжет əрі əкесіне өзі мұрагер болғысы келіп, əрі хəндерге қай мəміледе болу мəселесінде Нəбимен келісе алмайтынына көзі жетіп, оны жою арқылы Хəн жаққа жағынуды, сол арқылы өзінің күнбилігін Хəн тарапқа мойындатуды көздеп, оқыс шабуылмен жаралы Нəбиді өлтірді де, өзін күнби деп жариялады.

Хəн тарап, əрине, Ғұн жиендерінің де, өзге дербесшіл үйсіндердің де Үйсін тағына шығуына қатты қарсы еді. Сондықтан Хəн əулеті Өжеттің күнбилігін мойындамай, бір тараптан сырттай, шығарған қалың қолы арқылы əскери қысым жасауын жалғастырды. Өжетті берілуге қыстады. Енді біртараптан əрі күйеуі Өжетпен жақын, əрі өзі тіл-жақты, Үйсіннің ішек-қарнын түгел білетін Фың Ляу ханымды Хəн Шюанди патша шақыртып алып, Үйсін жағдайынан есеп тыңдады. Үйсінге қолданатын саясатты ақылдасты. Сосын оны Өжетке жіберіп, Өжетті Хəн жақтағылармен рақайласуға көндіруді тапсырды. Аяғында Өжет кіші күнби болуға көніп, Ұлы күнбилікті Хəн жиені жаққа - Оңғайдың үлкен ұлы Өңкейге беруге көнді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға