Жаңалықтар

Қыс мезгілінде организмге қандай витаминдер қажет?

Дәруменге бай тағамдар
Қыс мезгілінде организмге қандай витаминдер қажет?
10.12.2020 12:11 7202

Қыс мезгілінде күн сәулесінің жетіспеушілігі мен қозғалыстың аздығы түрлі вирустарды жұқтыртып, ауруға ұшыратады. Ия, расымен, қыс пен күзде адам организмі көптеген витаминді қажет етеді. Алайда арнайы маманның тағайындауынсыз олардың кез келгенін қабылдай беруге болмайды. Алдымен сараптама арқылы ағзадағы деңгейін тексеру керек. Сонымен қатар бізге дәрумендердің көп мөлшері бар тағамдарды біліп жүру де артық етпейді.

Без-имени-1.jpg

С витамині

Иммунитетіміздегі негізгі дәрумендерінің бірі – С витамині. Ол теріні нәрлендіріп, сүйектер мен тістерді сау қалпында ұстайды, жараларды емдейді. Оның цитрусты жемістерде көп екендігі бәрімізге белгілі. Сондай-ақ қызанақ, қырыққабат, көк шөптер мен болгар бұрышында С витамині жеткілікті мөлшерде болады.

D витамині

D витаминінің тәуліктік дозасын алу үшін жарты сағатты күн астында өткізсе жетеді. Жаз мезгілінде бұл қиындық тудырмағанмен, күз бен қыста бәріміз іс жүзінде «күн» дәруменін қажет етеміз. Сонымен бірге ол бізге маңызды минералды заттарды сіңіруге және метаболизмді реттеуге көмектесіп қана қоймай, жасушалардың дұрыс дамуына ықпал етеді және иммундық жүйені реттейді. Қазіргі әлемдік пандемия кезінде де адам организміндегі D витаминінің коронавирус инфекциясына қарсы тұра алатыны жөнінде де көп айтылып жүр. Қыс сияқты суық мезгілде оны жеткілікті мөлшерде алу үшін май, сүт, жұмыртқа, саңырауқұлақ, бауыр майы мен майлы балық жеген жөн.

Темір

Темір иммунитетті көтеру үшін өте маңызды, сондай-ақ, ол бізге сергек жүруге көмектеседі. Ал нақтырақ айтсақ, темір бүкіл ағзаны тамақтандырып, бүкіл денеге оттегін жеткізеді. Темірді өз деңгейде ұстап тұру үшін ет, үрмебұршақ, қошқыл жапырақты көкөністер, құс еті және теңіз өнімдерін жеу керек.

Мырыш

Биыл қыс мезгілінде бізге мырыш аса қажет. Бірнеше ауқымды зерттеулер мырыш жетіспеушілігінің коронавирус инфекциясын асқындыратынын растаған екен. Сонымен қатар мырыш организмде антиоксидант рөлін атқарады, тіндерді қалпына келтіруге көмектеседі, гормондарды теңестіреді, сау иммунитетті қалыптастырып, ас қорытуды жақсартады.

Мырыш шпинатта, сиыр етінде, үрмебұршақта, теңіз өнімдерінде, асқабақ тұқымдастарында және жаңғақтарда өте көп.

Фолий қышқылы

Фолий қышқылы көбінесе жүкті әйелдерге тағайындалады, өйткені оның жетіспеушілігі ұрық дамуының тежелуіне әкелуі мүмкін. Алайда жүкті әйелден бөлек, кез келген адам үшін бұл элемент аса қажет. Фолий қышқылы көңіл-күйді реттеуге көмектеседі, бұл әсіресе қыстағы көңілсіздік кезінде маңызды. Сонымен қатар, ол жүрек ауруы, қант диабеті және онкологиялық аурулардың қаупін азайтуға көмектеседі.

Фолий бұршақ, үрмебұршақ, жасымық, авокадо, жаңғақтар мен брокколиде көп.

А витамині

Бұл маңызды дәрумен де антиоксидант қызметін атқарып, сүйектерді, тістерді және жұмсақ тіндерді сау қалпында сақтайды. Оған қоса дененің табиғи қорғанысын қолдау арқылы сау иммундық жүйені қалыптастырады. А витаминін шпинаттан, сәбізден, өріктен және тәтті картоптан алуымызға болады.

Е витамині

Бұл дәрумен қыс мезгілінде теріні және шашты ылғалдандыруға керек. Қыста бас терісі құрғап, шаш түскіш болады, осы орайда Е витамині ылғал тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.

Жержаңғақ, брокколи, күнбағыс дәндері және кешью жаңғағы Е витаминіне өте бай.

Дәрумендерді қалай қабылдау керек?

Біз жоғарыдағы дәрумендердің қай тағамдарда кездесетінін айтып өттік. Жеміс-жидек пен көкөністердің көп мөлшерін тұтыну адам ағзасына зиянын тигізбегенмен, витаминдердің өзін тағамға биологиялық қоспа ретінде пайдаланғанда аса сақ болып, тағайындалған нұсқаулықты білген жөн.

Оларды кем дегенде бір ай ішінде ішу керек. Ал D витаминін қабылдау екі-үш айға дейін созылуы мүмкін. Айта кетерлігі олардың бәрі бір-бірімен үйлесе бермейді. Жапония сияқты тағамдық қоспаларды тұтыну мәдениеті анағұрлым дамыған елдерде дәруменнің бір түріне қарағанда ең көп дегенде үш-бес микроэлемент пен витаминнен құралған жиынтықты алуға сұраныс жоғары екен.

Егер дәрумендер бір-бірімен дұрыс үйлеспейтін болса, онда олар едәуір нашар сіңеді. Оларды таңертең немесе күндізгі уақытта сумен және рұқсат шырынмен ішкен дұрыс. Алайда қантты газдалған, энергетикалық сусындармен, шаймен, әсіресе, кофемен ішуге болмайды. Сондай-ақ тамақтанған соң жарты сағаттан кейін қабылдау өте тиімді.

Түрлі деңгейдегі депрессияға, мазасыздыққа ұшыраған және көңіл-күйі бірқалыпты емес адам адамдар, алдымен дәрігермен кеңесіп, қандай витаминдердің жетіспейтінін анықтайтын анализ тапсыруы керек. Ал өзге жағдайларда әрдайым оларды қабылдап жүру иммуниттетті нығайтып, денсаулықты сақтайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға