Жаңалықтар

Үйленетін жастардың дәрігермен кеңесуі керек пе?

Осы сауал бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Өйткені жаңадан отау құрған жастардың перзент сүю қуанышына бөлене алмай жүргендерін жиі естимін.
04.08.2014 09:04 4528

Осы сауал бүгінгі таңда өзекті болып отыр. Өйткені жаңадан отау құрған жастардың перзент сүю қуанышына бөлене алмай жүргендерін жиі естимін. Бұл сұраққа медицина ғылымдарының докторы Ишанбай Қарақұлов өзінің «Сырласу» атты кітабында былай деп жауап берген еді:

Үйленетін жастардың дәрігермен кеңесуі керек пе?

« - Мезгіл-мезгіл дәрігерге көрініп, денсаулығын тексертіп, онымен кеңесіп тұру, медицина мен санитария мәселелерінен хабардар болу – әрбір сауатты, мәдениетті адамның қоғамдық та азаматтық та міндеті. Көңілдің қошы, еңбектің өнімділігі, адамның бақытты да ұзақ өмір сүруі ең алдымен денсаулыққа байланысты... (Демек, өзіңізді сауатты адаммын деп есептесеңіз, жылына бір рет денсаулығыңызды тексертіп тұрыңыз).

...Бұл қағиданы көбінесе жастар, әсіресе семья құратын жастар ерекше ескеруі тиіс. Өйткені жас отаудың алдында ұстаған мақсатының ойдағыдай орындалуы түптеп келгенде мықты денсаулыққа келіп тіреледі. (Олай болса, есіңізде болсын отбасын құрмас бұрын болашақ жарыңыздың денсаулық жағдайын білгеніңіз жөн). Өздерінің үйлену тойына материалдық жағынан даярланумен қатар мәдени, медицина жағынан даярлануға міндетті. Екі жастың жыныстық сәйкестігіне, екеу ара махаббатына, болашақ ұрпақ өсіруіне, семья тағдырына мұның тікелей қатысы бар. Бұл мәселеге сексуалдық құштарлықтың әсерімен жеңіл-желпі қарап, өмір-бақи өкініп жүргендер де, қосылмай жатып ажырасатындар да аз емес. (Ия, үйлене салып ажырасу «модаға» айналып барады. Мейлі ажыраса берсін, бірақ одан әрмен қыз тағдыры қалай болмақ? Ал егер екеуінің арасында бала қалса ше? )

...Әдепсіз жастар арасында жыныстық жұқпалы аурулар жиі кездеседі. Мұны жастардың болашақ жар таңдауға немқұрайлы қарайтынымен ғана түсіндіруге болады. Тіпті, керек десеңіз, бұл қыздар мен жігіттердің махаббатты бағаламай, ұяттан безіп, батыс жастарына еліктеуінің, жасы үлкендердің ақыл-кеңесімен санаспауының салдары деу керек. Әрине, бұған жұбайына қыз күйінде қосылуына немкетті қараушылық, баса түсіру мен маскүнемдік сияқты жаман әдеттердің де ықпалы болғаны сөзсіз. (Ақиқатын айтайықшы, бүгіндері қыз болып қосылу деген өте сирек дүние. Оған кім кінәлі? )

Жаңадан қосылған жастардың арасында түрлі жыныстық аурулардың болуы кейін басқа семья мүшелеріне, жақындарына және балаларына да залалды болуы мүмкін. Неге десеңіз, ондай жастардың көбі ауруларын өздеріне де, өзгелерге де жасырып қатты қателеседі.

Сонымен, әрбір жас қыз бен жігіттің мезгілімен компьютерлік құрылғылардың көмегімен және тағы басқа жаңа әдістермен екі жастың бір-біріне жарасымдылық, сәйкестік жақтарын да тексеру зиян болмайды. Мәселен, Венгрияда осы әдісті пайдаланып, үйленгендердің тек үш пайызы ғана ажырасады екен. Мұндай жаңалықтармен санаспауға болмайды».

Бұл материал 1989 жылы жарияланған еді. Одан кейін қаншама жастар шаңырақ құрып, оның қаншасы ажырасып кетті. Әрине, бұл ажырасудың бір себебі ғана. Бірақ назар аударуға тұрарлық фактор. Қалай десек те, ұлт болашағы жастар денсаулығына тікелей байланысты. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға