27 қыркүйекте Ясмина Тоқсанбаева Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен марафондық қашықтықта жеңіске жетті. Ол 42,195 шақырымды 3:22:20 уақытта бағындырды.
Алтыннан қалай айырылып қалдық?
Ясмин Тоқсанбаева 42 шақырымдық марафонды 3 сағат 22 минутта жүріп өтті. Жеңімпаз ретінде танылып үлгермей жатып, жапон тарапы қазақстандық атлеттің үстінен шағым (протест) түсірді. Тоқсанбаеваның аяқкиімін тексеруді сұрады. World Athletics ұйғарымы бойынша спорт аяқкиімінің табаны 40 милиметрден аспауы керек. Ал Тоқсанбаева киген ASICS Magic Speed 4 спорт аяқкиімінің табаны 43 мм деп көрсетілген. Сөйтіп спортшы алтын жүлдесінен айырылып, төртінші орында тұрған жапон қызы қола медальға ие болды. Жарыстың алтыны қытайлық Даньцзэн Цюйцзунға берілсе, отандасы Ма Ли күміс жүлде алды.
Тоқсанбаева киген ASICS Magic Speed 4 спорт аяқкиімі – жапон бренді. Кейінірек World Athletics тыңғылықты тескеру жүргізген екен. Ұлттық Олимпиада комитеті де тексерістің басы-қасында болған. Аталған ұйым спортшыға қажетті қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс істеген.
ҰОК тарапы қарсы шағым түсірді ме?
ҰОК-тың хабарлауынша, жарыс аяқталғаннан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес әйелдер мен ерлер арасында жүлделі орындарға ие болған үш спортшының аяқкиімі міндетті тексеруден өткізілген. Тексеру барысында техникалық делегаттар қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева киген аяқкиім үлгісінің World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екенін анықтады.
Мәселені одан әрі қарау үшін қазақстандық спортшының аяқкиімі суретке түсіріліп, тиісті мәліметтермен бірге ресми қорытынды алу үшін World Athletics-ке жолданды. Халықаралық федерацияның жауабы келгенге дейін марапаттау рәсімі кейінге шегерілді, – деп жазылған ҰОК хабарламасында.
World Athletics-тің спорттық аяқкиімге қойылатын талаптары халықаралық федерация Кеңесінің 2026 жылдың 19 наурызындағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енді. Бұл жөнінде World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияға тиісті ақпарат жолданды. Аталған ережелер күшіне енген сәттен бастап жарысқа қатысушылардың барлығы үшін міндетті болып саналады. Оларды сақтамау спортшы нәтижесінің жойылуына әкелуі мүмкін.
World Athletics спортшы пайдаланған аяқкиім үлгісінің жарыстарда қолдануға рұқсат етілген модельдер қатарына кірмейтінін ресми түрде растады. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасына тиісті өзгеріс енгізіледі, – деп жауап берді ҰОК.
Мұндай жағдай бұрын тіркелді ме?
Биыл Азия ойындарында мұндай жағдай бұған дейін жетісайыста өнер көрсеткен ирандық спортшы Мохитзадеге қатысты да болған. Тексеру барысында оның пайдаланған аяқкиім үлгісі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екені анықталды. Ережеге сәйкес оның нәтижесі жойылды. Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұған дейін төртінші орында тұрған қазақстандық Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.
2021 жылы Вена марафонында эфиопиялық Дерар Хуриса жеңіске жеткен-ді. Алайда оның жеңісін есепке алмады. Себебі аяғында табаны 50 мм-лік Adidas Adizero Prime X аяқкиімі болған. Ал спортшыларға жарыс кезінде табаны 40 мм-ден қалың аяқкиім киюге болмайды.
Федерация спортшының құқығын қорғайды
Аталған жағдай бойынша Жеңіл атлетика федерациясы спортшының құқықтары мен мүддесін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді. Қазір федерация қабылданған шешімге қатысты наразылық білдіріп, тиісті шағым жіберген. Жауапты ұйымның айтуынша, аталған бренд мақұлданған тізімде бар.
World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген. Осыған байланысты федерация Ясминаның құқықтары мен мүддесін қорғау жұмысын әрі қарай жалғастырады, – деді Жеңіл атлетика федерациясы.
Сонымен бірге Федерация өз жауапкершілігін де жоққа шығармайды. Спортшының сапалы дайындығы мен жарыстағы нәтижесінен бөлек, белгіленген регламенттер мен техникалық талаптарды сақтау, сондай-ақ халықаралық спорт ұйымдарында спортшылардың мүддесін тиімді қорғау да маңызды.
Федерация өз тарапынан Ясминаға толыққанды оқу-жаттығу процесін, медициналық-биологиялық сүйемелдеуді және дайындыққа қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етті. Бұл еңбектің нәтижесі жарыс жолында көрінді. Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті. Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді, – деп жауап берді Жеңіл атлетика федерациясы.
Ясмина Тоқсанбаева кім?
Ясмина Тоқсанбаева мұнымен тоқтамайтынын, алда бұдан да биік белесті бағындыруға бар күшін салатынын мәлімдеді. Қолдау білдірген барша жанкүйерге риза екенін жеткізді. Өзі 2004 жылы 16 қарашада дүниеге келген. Бастапқыда ел ішіндегі жарыстарда Тараздың атынан шыққанымен, қазір Алматы қаласының намысын қорғайды.
Бапкерлері – Зифа Галиулина, Елена Юда, Майя Созонова, Әлібек Бабабек. 2022 жылы ол ел чемпионатында топ жарды. Артынша әлемдік додаларға қатысып, өзін көрсете бастады. 2023 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қола медаль алды.
2025 жылы ересектер арасындағы Азия чемпионатында 20 км қашықтықта қола медаль алды. Биыл жазғы Универсиада ойындарында 6 орын алып, Токиода өткен ересектер арасындағы Әлем чемпионатына қатысты.