WhatsApp жұмысқа керек жаңа қызмет қосты: не өзгерді?

WhatsApp жұмысқа керек жаңа қызмет қосты: не өзгерді?
Фото: El.kz архиві

WhatsApp мессенджеріндегі Meta AI жаңа мүмкіндікке ие болды. Енді қолданушылар жасанды интеллектіге құжат, кесте немесе презентация жіберіп, оның мазмұнын талдата алады. Жаңа функция көлемді файлдан қажетті ақпаратты жылдам табуға немесе негізгі деректерді қысқаша жинақтауға мүмкіндік береді.

Meta AI файлмен қалай жұмыс істейді?

Қолданушы Meta AI чатына файл тіркеп, оған қатысты тапсырма бере алады. Мәселен, ЖИ-ден құжаттың қысқаша мазмұнын жасауды, кестедегі белгілі бір көрсеткішті табуды немесе презентациядағы негізгі ақпаратты бөліп көрсетуді сұрауға болады.

Бұл мүмкіндік әсіресе көлемді есептермен, статистикалық кестелермен немесе презентациялармен жұмыс істейтіндерге пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, бірнеше ондаған беттен тұратын есепті толық оқып шықпай-ақ, Meta AI-ден негізгі көрсеткіштерді жинақтап беруді сұрауға болады.

Жүйе PDF, DOC, DOCX, XLS, XLSX, PPT, PPTX, CSV, TXT және JSON секілді кең таралған файл форматтарын қолдайды.

WhatsApp мәліметінше, бір сұрауға тоғыз файлға дейін тіркеуге болады. Әр файлдың көлемі 40 МБ-тан аспауы тиіс. Ал WhatsApp Web арқылы бір файл тіркеуге мүмкіндік бар.

Функция iOS, Android және Windows құрылғыларында қолжетімді. Дегенмен Meta AI әзірге барлық елде бірдей жұмыс істемейді. Тіпті бір елдің өзінде жаңа мүмкіндік кей қолданушыда пайда болып, енді бірінде қолжетімсіз болуы мүмкін.

Қалай пайдалануға болады?

Ол үшін WhatsApp-та Meta AI чатын ашып, файл тіркеу батырмасын басып, «құжат» бөлімінен қажетті файлды таңдау керек. Одан кейін файлға қатысты сұрақ немесе тапсырма жазып, хабарламаны жіберуге болады.

Мәселен, «осы құжаттың негізгі тұстарын қысқаша жаз», «кестедегі ең жоғары көрсеткішті тап» немесе «презентациядағы басты үш қорытындыны бөліп көрсет» деген тапсырмалар беруге болады.

Құпиялық мәселесіне мән берген жөн

WhatsApp мәліметінше, Meta AI қолданушының құрылғысындағы файлдар мен фотоларға өздігінен қол жеткізе алмайды. ЖИ тек қолданушының өзі чатқа жіберген материалдармен жұмыс істейді. Meta AI-мен хат алмасу және оған файл жіберу де міндетті емес.

Компания Meta AI-мен жұмыс кезінде жіберілген сұраулар мен материалдар ЖИ қызметін көрсету және оның жұмыс сапасын жақсарту мақсатында Meta тарапынан өңделетінін ескертеді. Қолданушы Meta AI-мен болған чатты және оған жіберген файлдарын кейін өшіре алады.

Сонымен қатар компания ЖИ берген жауаптардың әрдайым дәл бола бермейтінін ескертеді. Сондықтан жұмысқа, ресми құжаттарға немесе маңызды шешімдерге қатысты деректерді түпнұсқа ақпаратпен қайта тексерген дұрыс.

WhatsApp-та тағы қандай жаңалықтар бар?

Бұған дейін WhatsApp топтық чаттарға арналған бірнеше жаңа құралды таныстырған еді. Соның бірі – «@барлығы» (@everyone) командасы. Ол бір хабарлама арқылы топтағы барлық қатысушыға ескерту жіберуге мүмкіндік береді. Қатысушысы 32 адамнан асатын топтарда бұл мүмкіндікті тек әкімшілер пайдалана алады.

Сондай-ақ сауалнамаға дауыс беру мерзімін белгілеу, қатысушылардың атын жасыру және сұрақты жариялағаннан кейін 15 минут ішінде редакциялау мүмкіндіктері қосылды.

Тағы бір жаңалық – бұрыннан бар топтың қатысушылары негізінде жаңа чат ашу. Бұл жағдайда адамдарды қайтадан жеке-жеке шақырудың қажеті жоқ.

Жаңа функциялар қолданушыларға кезең-кезеңімен ұсынылады. Сондықтан жаңартулардың барлығы бір уақытта барлық аккаунтта пайда болмауы мүмкін.

Оқи отырыңыз