WhatsApp мессенджері пайдаланушылардың хат алмасуын жеңілдететін жаңа функцияларды енгізуге дайындалып жатыр.
Енді қосымша хабарлама ішіндегі телефон нөмірін, мекенжайды, күн мен уақытты, сондай-ақ электрондық пошта адрестерін автоматты түрде анықтап, олармен бірден әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, қосымшада жоспарланған кездесулер мен іс-шараларды басқаруға арналған жеке бөлім пайда болуы мүмкін.
Хабарламаның ішіндегі ақпаратты пайдалануға болады
Жаңа жаңартудың басты ерекшелігі – WhatsApp хабарламадағы маңызды ақпаратты автоматты түрде танып, оны пайдалануға қажетті әрекеттерді ұсынады.
Мәселен, біреу сізге телефон нөмірін жіберсе, оны көшіріп, контактілерге сақтауға немесе бірден қоңырау шалуға болады. Ал хабарламада кездесу өтетін күн мен уақыт көрсетілсе, оны күнтізбеге қосу немесе WhatsApp ішінде жаңа іс-шара жасау мүмкіндігі ұсынылады.
Қосымша мекенжайларды да анықтай алады. Бұл жағдайда пайдаланушыға оны картадан ашу немесе көшіру нұсқалары көрсетіледі. Электрондық пошта адресін басу арқылы оны көшіріп алуға немесе пошта сервисінде ашуға болады.
Ол үшін қосымша мәтіндегі тиісті ақпараттың астын үзік сызықпен белгілейді. Пайдаланушы сол мәтінді басқанда, экранда қолжетімді әрекеттер жазылған шағын мәзір пайда болады. Маңыздысы, бұл функция тек сізге келген хабарламаларда ғана емес, өзіңіз жіберген хабарламаларда да жұмыс істейді.
WhatsApp-та «Іс-шаралар» бөлімі пайда болады
Тағы бір жаңалық – қосымшаның баптауларында «Іс-шаралар» (Мероприятия) деген арнайы бөлімнің пайда болуы. Бұл бөлім арқылы пайдаланушылар кездесулер мен түрлі шараларды жоспарлап, бұрын құрылған іс-шараларды қарап, оларды басқара алады.
Жаңа іс-шара құру кезінде оның атауын, өтетін күні мен уақытын, мекенжайын көрсетуге болады. Қажет болған жағдайда бейнеқоңырауға арналған сілтемені де қосу мүмкіндігі қарастырылған.
Мұндай мүмкіндік әсіресе WhatsApp арқылы жиі кездесулер ұйымдастыратын, жұмыс мәселелерін талқылайтын немесе достарымен ортақ жоспар құратын адамдарға ыңғайлы болмақ.
Жеке хаттардың құпиялығына әсер ете ме?
Жаңа мүмкіндік туралы ақпаратпен бірге пайдаланушылар арасында құпиялылық мәселесі де туындауы мүмкін. Өйткені қосымша хабарламалардың ішіндегі ақпаратты автоматты түрде анықтайды.
Әзірлеушілердің мәліметінше, бұл процесс тікелей пайдаланушының смартфонында жүзеге асады. Яғни телефон нөмірлері, мекенжайлар, күндер мен электрондық пошта адрестері арнайы алгоритмдер арқылы құрылғының өзінде танылады.
Хабарламалардың мазмұны мен анықталған деректер WhatsApp серверлеріне жіберілмейді. Осылайша, жаңа функция хат алмасудағы түпкілікті шифрлау жүйесіне әсер етпейді. Егер пайдаланушыға мәтінді автоматты түрде белгілеу мүмкіндігі қажет болмаса, оны баспай-ақ, хабарламаны бұрынғыдай оқи беруіне болады.
Жаңа мүмкіндіктер қашан іске қосылады?
Қазіргі уақытта WhatsApp жаңа функцияларды Android және iOS жүйелеріндегі құрылғыларға кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Алайда олар әзірге барлық пайдаланушыға бірдей қолжетімді емес.
Қосымшаны жаңартқанымен, жаңа мүмкіндіктерді көрмегендерге біраз күтуге тура келеді. Компания олардың барлық құрылғыда қашан пайда болатынын әзірге нақтылаған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін WhatsApp тағы екі жаңа функцияны сынақтан өткізіп жатқаны хабарланған еді. Оның бірі чаттардың безендірілу үлгісін басқа пайдаланушылармен бөлісуге мүмкіндік берсе, екіншісі дауыстық хабарламаларды бірнеше тілде мәтінге айналдыруға арналған.