WhatsApp мессенджері пайдаланушыларды интернет-алаяқтардан қорғауға арналған жаңа құралды сынақтан өткізіп жатыр. Жаңа мүмкіндік күмәнді хабарламаларды анықтап, қолданушыға алдын ала ескерту жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа функция қалай жұмыс істейді?
WABetaInfo порталының мәліметінше, жаңа функция Android жүйесіне арналған WhatsApp-тың 2.26.22.2 бета-нұсқасында байқалған. «Scam Alert» деп аталатын құрал белгісіз нөмірлерден келген хабарламаларды автоматты түрде талдап, алаяқтық белгілері байқалған жағдайда пайдаланушыға ескерту жібереді. Егер жүйе хабарламаны күмәнді деп таныса, чат терезесінде арнайы хабарлама пайда болады. Осыдан кейін қолданушы өзі шешім қабылдайды: контактіні бұғаттай ма, шағымдана ма немесе әңгімені жалғастыра ма — таңдау өз еркінде болады.
Әзірлеушілердің айтуынша, жаңа мүмкіндік бейтаныс адамдармен хат алмасуға шектеу қоймайды және ешбір хабарламаны автоматты түрде бұғаттамайды. Оның негізгі мақсаты — ықтимал қауіп туралы алдын ала хабарлап, пайдаланушының сақтығын арттыру.

Сурет: WabeTaInfo сайты
Нені білу маңызды?
Жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі — оның міндетті емес екендігі. Scam Alert әдепкі күйде өшірулі болады. Сондықтан бұл мүмкіндікті қолданғысы келетіндер оны қосымша баптауларынан өздері белсендіруі тиіс.
Сонымен қатар ескерту барлық хабарламаға бірдей шықпайды. Ол тек алгоритм хабарламадан алаяқтыққа тән белгілерді анықтаған жағдайда ғана көрсетіледі. Құралдың іске қосылғаны басқа пайдаланушыларға көрінбейді және байланыс процесіне ешқандай әсер етпейді.
WhatsApp хат алмасуды оқи ма?
Құпиялылық мәселесіне қатысты да түсініктеме берілген. Ақпаратқа сәйкес, хабарламаларды талдау толықтай пайдаланушының құрылғысында жүзеге асады. Яғни хат алмасу мазмұны қосымша тексеру үшін WhatsApp серверлеріне жіберілмейді.
Бұл тәсіл мессенджердегі түпкілікті шифрлау жүйесінің сақталуына мүмкіндік береді. Соның арқасында хабарламалар бұрынғыдай үшінші тұлғаларға да, платформаның өзіне де қолжетімсіз болып қала береді.
Функция қашан қолжетімді болады?
Қазіргі уақытта Scam Alert функциясы әзірлеу кезеңінде тұр. WhatsApp оның нақты қашан іске қосылатынын әзірге жариялаған жоқ. Алдымен мүмкіндік бета-нұсқаларда сынақтан өтіп, кейінгі жаңартулардың бірінде барлық пайдаланушыларға қолжетімді болуы мүмкін.