Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен даниялық Якоб Банк (20-0, 11 KO) арасындағы жекпе-жекті санкциялады. Бұл туралы WBO хабарлады.
WBO президенті Густаво Оливьери әлеуметтік желідегі парақшасында боксшылар тарапына жекпе-жек бойынша келісімге келу үшін 15 күн берілгенін мәлімдеді. Егер осы мерзім ішінде тараптар жекпе-жек шарттарын келісе алмаса, промоутерлік сауда-саттық өткізіледі.
Re: Vacant WBO Super Middleweight (168 lbs.) World Championship Please be advised that the WBO World Championship Committee has ordered negotiations between Zhanibek Alimkhanuly and the first AVAILABLE contender, WBO #3 World-Rated Jacob Bank, to vie for the vacant WBO Super Middleweight World Championship. The parties are granted fifteen (15) days to negotiate and reach an agreement. Should an agreement not be reached within the prescribed period, purse bid proceedings will be ordered accordingly. The official Negotiation Order to be published shortly. @WorldBoxingOrg
— Gustavo Olivieri, Esq. (@OlivieriLaw) September 22, 2026
Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы WBO-ның бұрынғы әлем чемпионы Хамза Ширазбен жекпе-жек өткізуге тырысқан еді. Алайда британдық боксшы «қазақ стилімен» жұдырықтасудан бас тартып, чемпиондық белбеуден айырылды.
25 жастағы Якоб Банк қазіргі таңда рейтингте үшінші орында тұрғандықтан, бос қалған титулға қолжетімді үміткер саналады. Ал рейтингтің екінші сатысындағы Диего Пачеко қазірдің өзінде басқа қарсыласпен жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Якоб Банк кім?
Якоб Банк – 25 жастағы дат боксшысы. Ол кәсіпқой бокстағы мансабын 2020 жылы бастаған. Банк әуесқой бокстан кәсіпқой рингке өткеннен кейін қысқа мерзім ішінде өз салмағындағы рейтингтерде жоғарылай бастаған. Оның ресми сайты да боксшының 2020 жылы кәсіпқойға ауысқанын көрсетеді.
Банктың басты ерекшелігі – кәсіпқой бокста әлі жеңіліп көрмегені. Қазіргі рекорды – 20 жеңіс, 11 нокаут. Яғни өткізген барлық жекпе-жегінде жеңіске жеткен.
Даниялық боксшы оңқай позициясында жұдырықтасады. Оның нокаутпен жеңу көрсеткіші 55 пайызға жуық. Бұл оның тек төрешілер шешіміне сеніп қоймай, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алатын боксшы екенін көрсетеді.
Еуропадан әлемдік деңгейге
Банк кәсіби мансабында бірнеше маңызды титулды жеңіп алған. Ол WBO Youth және WBO European белбеулеріне ие болған. Кейін WBO Global Super Middleweight титулын да иеленді. 2026 жылдың қаңтарында Банк бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скалмен жұдырықтасып, оны нокаутпен жеңді. Ал сәуірде намибиялық Паулинус Нджолонимумен кездесіп, оны да мерзімінен бұрын ұтты. Дәл осы жеңістен кейін Банк WBC рейтингіндегі позициясын айтарлықтай жақсартып, әлемдік титулға таласуға жақындады.
Биыл 25 шілдеде ол Польша өкілі Павел Аугустпен кездесіп, жекпе-жекті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Осылайша өзінің жеңіліссіз рекордын сақтап қалды.
Банктың мақсаты – әлем чемпионы болу
Даниялық боксшы бұған дейін әлемдік деңгейдегі жекпе-жекке дайын екенін ашық айтқан. WBC оның Нджолонимумен жекпе-жегінен кейін Банктың әлем чемпионы атағына таласуға дайын екенін жазды.
Банктың өз сайтында оның басты мақсаты – үздік боксшылармен жұдырықтасып, әлемдік деңгейге шығу екені көрсетілген. Боксшы өзінің үлгі тұтатын спортшыларының қатарында Флойд Мейвезер мен Миккель Кесслерді атаған.