Volkswagen компаниясы ID. Buzz Cargo электр фургонының доңғалақ базасы ұзартылған жаңа нұсқасын сериялық өндіріске қосты. Көлік Германияның Ганновер қаласындағы зауытта шығарылады.
Volkswagen Commercial Vehicles баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа модификация зауыт конвейерінен шыға бастады. Енді кәсіпорында ID. Buzz моделінің барлық нұсқасы өндіріледі. Алдағы уақытта олардың қатарына ID. California Cruise кемпері де қосылмақ.
Volkswagen ID. Buzz жолаушыларға арналған электр вэні мен оның жүк тасымалдауға бейімделген ID. Buzz Cargo нұсқасы алғаш рет 2022 жылдың наурызында таныстырылған. Кейін модельдік қатар GTX спорттық нұсқасымен және доңғалақ базасы ұзартылған жолаушылар модификациясымен толықты. Енді осындай өзгеріс коммерциялық фургонға да енгізілді.
Жүк бөлігінің көлемі ұлғайды
ID. Buzz Cargo LWB нұсқасының басты ерекшелігі – доңғалақ базасының стандартты модельмен салыстырғанда 250 миллиметрге ұзартылуы. Соның нәтижесінде жүк бөлігінің ұзындығы 2458 миллиметрге жетіп, көлемі 4,4 текше метр болды. Бұл кәдімгі нұсқадан 0,5 текше метрге артық.
Жаңа фургон артқы және толық жетекті нұсқаларда ұсынылады. Екі модификацияда да сыйымдылығы 86 кВт·сағ болатын аккумулятор орнатылған. Ал стандартты доңғалақ базасы бар модельде бұл көрсеткіш 79 кВт·сағ еді.
Артқы жетекті нұсқаның электр қозғалтқышы 286 ат күшін өндіреді. Ал екі қозғалтқышпен жабдықталған толық жетекті модификацияның жиынтық қуаты – 340 ат күші. Екі нұсқа да салмағы 1800 келіге дейінгі тіркемені сүйрей алады.
Жүк көтеру мүмкіндігі артқы жетекті модельде 700 келі болса, толық жетекті нұсқада 606 келіні құрайды.
Еуропаллетті еркін тиеуге мүмкіндік бар
Ұзартылған модификацияның жүк тиеу есігі 190 миллиметрге кеңейтілген. Бұл өлшемі 1200 × 800 миллиметр болатын еуропаллетті көлікке еркін тиеуге мүмкіндік береді.
Кабина екі немесе үш орындық болып жасақталған. Орындықтар бел тұсын механикалық реттеуге арналған тірекпен жабдықталған.
Жаңа ID. Buzz Cargo LWB моделінде физикалық батырмалары бар руль дөңгелегі қарастырылған. Сондай-ақ жүргізушіге көмек көрсететін жүйелер жиынтығы жаңартылып, бағдаршам сигналдарын тану функциясы қосылған. Жүйе қызыл шамды анықтаған жағдайда көлікті автоматты түрде баяулатып, тоқтата алады. Бұдан бөлек, фургонды бір педаль арқылы басқару мүмкіндігі енгізілген.
Сыртқы құрылғыларды қуаттандыруға болады
Жаңа электр фургоны V2L (Vehicle-to-Load) функциясымен жабдықталған. Оның көмегімен қуаты 3,6 кВт-қа дейінгі сыртқы құрылғыларды көліктің аккумуляторынан қуаттандыруға болады.
PowerSocket адаптері екі нұсқада ұсынылады: тұрмыстық Schuko ашасымен және кемпингтерде қолданылатын CEE 230 В розеткасына арналған түрімен.
Сонымен қатар Innovision ақпараттық-ойын-сауық жүйесі жаңартылып, қосымшалар дүкені қайта жасақталған.
Германия нарығында Volkswagen ID. Buzz Cargo LWB артқы жетекті нұсқасының бастапқы бағасы 48 490 еуроны құрайды. Толық жетекті модификация 50 630 еуродан басталады.