Жаңалықтар

Визасыз режим заңсыз жүруге болады дегенді білдірмейді – шығыстанушы

Визасыз режим заңсыз жүруге болады дегенді білдірмейді – шығыстанушы
Фото: El.kz 23.05.2023 09:23 993

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында екі ел арасындағы визасыз режимге қол қойды. Қытай секілді алпауыт мемлекетпен мұндай байланыс Қазақстанға не береді? Жалпы, визасыз режимнің тәртібі қалай? Бұл режимге күдікпен қарау қажет пе? Бұл сұрақтарды El.kz ақпарат агенттінің тілшісі шығыстанушы Олжас Бейсенбайға қойып көрді.

El.kz: Екі ел біраз келісімге келді. Жалпы, "Орталық Азия – Қытай" саммиті Қазақстанға қандай мүмкіндік береді деп ойлайсыз?

Олжас Бейсенбай: "Орталық Азия – Қытай " форматының алғашқы кездесуі 2020 жылы өткен болатын. Бүгінгі таңда мемлекетер бірқатар өзекті мәселеге қатысты сұрақтарды бетпе-бет талқылауға көшті. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқан еді. Былтыр күзде Қытай төрағасы елімізге келіп, маңызды мәлімдеме жасады. Сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ҚКП партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселесі бойынша да уағадалдастыққа қол жеткізілді. Міне, осындай маңызды қарым-қатынастардың логикалық жалғасы Қытайдың Сиань қаласында өтіп жатқан  "Орталық Азия – Қытай" саммиті.

Постпандемия кезеңінде Азияның экономикалық өсімі дүнижүзілік экономикаға айтарлық әсері бар екені айтылуда. Ғалымдардың пайымдауынша, биыл экономикалық өсім Азияда 4,5 пайыз болады. Халықаралық валюта қорының мәліметінше, Қытай және Үндістан секілді Азиядағы алпауыт елдердің экономикасының бір пайыз өсімі өңірдегі басқа елдердің 0,3 пайыз өсіміне тікелей ықпал етеді. Сол себепті біз үшін Қытаймен сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытта маңызды болып отыр. Қазақстан мен Қытай арасындағы  сауда айналымы 24 млрд АҚШ долларға артты. Екіжақты теміржол арқылы жүк тасымалы 23 млн тоннадан асты. Қытай елімізге ең көп инвестиция салатын 5 елдің қатарына кіреді.  

Қытайдың сыртқы сауда айналымында Қазақстан 40 орында тұр. Қытайдың сауда алаңында үлкен орын алмасақ та, мұндай байланыс экспортқа өнімдерімізді ұсынуға мүмкіндік береді.  Ал шын мәнінде, елімізде Қытай импортының үлесі көп. Сондықтан Қытаймен қарым-қатынас қайта қарқын алған кезде еліміздегі тауарлардың бағасы қысқа мерзімде арзандайды деп кесіп айтуға болмайды. Өйткені Қазақстандағы тауар бағасының өсімі әртүрлі нарықтың және факторлардың ықпалына байланысты.

El.kz: Қазақстан мен Қытай арасында қандай саланың келешегі зор немесе дамытуға қолайлы болып отыр?

Олжас Бейсенбай: Қазақстан-Қытай арасындағы перспективасы үлкен бағыт – көлік-транзит саласы. Қазіргі таңда екі ел арасында 5 шекаралық көлік өткізу пункті, 5 – мұнай-газ тасымалдау құбыры бар. Сондай-ақ 2 теміржол желілер  мен «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы орналасқан. Мұның бәрі бізге көлік-логистикалық байланысымызды одан әрі кеңейтуге жол ашады.

Елімізде Ақтау мен Құрық порттары және қытайдың Ляньюньган портында Қазақстанның терминалы бар. Қазіргі таңда оның үстіне біз Сианьдағы құрғақ портта Қазақстанның логистикалық орталығын ашып жатырмыз. Сиань – Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды көлік-логистикалық хаб. Ол біздің жүк тасымалындағы мүмкіндігіміз бен транзиттік әлеуетімізге ықпал етеді деп ойлаймын. Онымен қоса «Достық – Мойынты» бағытында қосымша теміржол маршруты ашылады және алдағы жылдары Қазақстан жағындағы «Аягөз – Бақты» теміржол учаскесі іске қосылады. Жалпы, болжам бойынша 2025 жылға қарай Қазақстан-Қытай арасындағы теміржол жүк айналымы 40 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылға қарай екі ел арасында сауда-экономикалық байланыс 35 млрд долларға өседі.

Тұтастай алғанда, қос мемлекет басшыларының арасындағы жүздесу жоғары деңгейде өтті. Атап айтқанда, Сиань қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылды және жоғарыда айтқан логистика орталығының іргетасы қаланды. Бірінші күні-ақ екі басшылары 23 құжатқа қол қойды. Оның ішінде қоғам арасында ең көп талқыланып жатқан – «визалық шектеулерді алып тастау» туралы екіжақты келісім. Құжаттың жобасы қоғам назарына ұсынылып, алдын-ала кең талқылаудан өтті. Әрине ондағы ұсыныстар бұл бастаманың барысында ескерілуі қажет деп есептеймін. 

El.kz: 30 күндік визасыз режим қоғам арасында қызу тақыланды. Бұл «пандемия немесе басқа да жағдайда кесірі тиіп жүрмей ме» деген азаматтарға не айтасыз?

Олжас Бейсенбай: Осыған дейін Қытай азаматтары Қазақстан территориясы арқылы 72 сағат транзиттік тоқтауға мүмкіндік алған еді. Былтырғы жылы Қытай, Үндістан және Иран азаматтарына Қазақстанда 14 күнге визасыз келуіне жол ашылған. Ал енді осы жылғы жасалған келісімдерге сәйкес, Қазақстан-Қытай арасында 30 күндік визасыз режим енгізілді. 30 күндік визасыз режим екі ел азаматтарына көбіне туристік, іскерлік мақсаттарда және емделу үшін берілмек. 

Бұл құжаттың жобасына қарайтын болсақ, ақ қаразға қара сиямен жазылып тұр. Яғни, екі ел азаматтары бір-біріне жұмыс істеу мақсатында не ақылы қызмет көрсету үшін бара алмайды. Осы келісім жобасының 6 және 8 пункттеріне қарайтын болсақ, қандай да бір қауіпсіздік жағдайы, пандемия және ерекше ситуация болғанда бұл шешімді уақытша немесе ішінара тоқтата тұруға болады. Бұл екіжақты келісім арқылы жүзеге асады. Екіншіден, азаматтар шекарадан өтер кезде екінші тарап себебін түсіндірместен бас тартуға да құқылы. Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік мәселесіне нақты ден қойылған деуге болады. Визасыз келу – ешқандай ережесіз, заңсыз жүре беру керек дегенді білдірмейді. Оның бүкіл регламенті нақты бекітілген. Тек біздің ІІМ нақты қадағалап отыруы қажет.

Қытаймен қарым-қатынаста соңғы он жылда бекітілген 3 маңызды құжат бар. Соның бірі «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік» туралы келісім. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық, көршілік қарым-қатынастан бөлек, өзара үлкен сенім бар. Визалық шектеулерді алып тастау біріншіден, Қазақстан азаматтарына және екіжақты байланысқа деген сенімнің белгісі. Қытай пандемия кезінде COVID-19-ға қарсы қатаң карантиндік шектеулер қолданғанын білесіздер. Сондықтан қазіргі таңда халықтық дипломатияға назар аударылып отыр. Екіншіден, бұл бастама кәсіпкерлік пен сауда-экономикалық байланыстың бойына қан жүгіртеді деп болжауға болады. Себебі, биыл қаңтар мен наурыз аралығында екі ел арасындағы сауда айналымы 5,9 млрд АҚШ долларға жеткен. Ол былтырғы көрсеткішке қарағанда 28 пайызға асып отыр. Транскаспий дәлізі арқылы жүкі тасымалы 67 пайызға артқан, сондай-ақ Ақтау портында да тауар тасымалы 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Яғни қай жағынан қарасақта өзара қатынас қарқын алып келе  жатқанын байқауға болады.

El.kz: «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 10 жыл толды. Бүгінгі таңда қандай екі тап қандай нәтижелерге қол жеткізді?

Олжас Бейсенбай: Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 6 дәлізі бар. Соның үш бағыты Орталық Азия арқылы өтеді. Оның ішінде 2 маршруты Қазақстан арқылы өтеді. Бұл дәліз Қазақстан үшін аса маңызды. Дәліздің жедел тасымалы мен тиімділігі Қазақстан үшін транзиттік түсімдерді арттырады. Екінші жағынан, Қытайдың Ляньюньган портындағы Қазақстанның терминалы еліміздің тауарларын Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне және Корея мен Жапонияға тасымалдауға мүмкіндік береді. Мәселен, 2022 жылдың нәтижесі бойынша Вьетнам мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы - 23,4 пайызға өскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 525,7 млн долларға артқан. Сол себепті Қазақстанға жаңа сауда жолдары ашылды деуге болады.

El.kz: Қытаймен мұндай ауқымды сауда байланысынан кейін Еуразиялық Экономикалық Одақ әлсірей ме?

Олжас Бейсенбай: Біздің Қытаймен ынтымақтастығымыз Еуразиялық экономикалық одақтың әлсіреуіне әкелмейді. Себебі, қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Еуразиялық экономикалық одақпен ұштастыру туралы жоғары деңгейдегі уағдаластық бар. Бұл Қытай мен Ресей басшыларының кездесуінде де жиі айтылады. Сондай-ақ Ресей мен Қытай арасындағы сауда айналымы 190 млрд доллардан асты. Басқа да Еуразиялық одаққа кіретін елдермен екіжақты байланысы ілгерілеп келеді. Сол себепті ҚХР-ның екіжақты әрі көпжақты байланысы әлі де тұрақты дами береді деп болжауға болады. Қытай өзінің институттары мен құрылымдары арқылы аймақтағы жобаларды қаржыландыруға көңіл бөліп жатыр. Қытай қаржыландыратын 11 банк Таяу Шығыстың  28 елінде өзінің мекемелерін ашқан. Әлемдік аренада Қытай сауда-саттық жағынан ғана емес, қаржылай интеграцияны дамытуға көңіл бөліп келе жатқанын анық көреміз. Бұның барлығы бір жағынан Қытайдың аймақтағы өзіндік нормалар мен стандарттарын енгізуге талпынып жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары Қытайдың сыртқы саясатында жаһанды басқару жүйесін реформалау туралы жиі айтылып келеді. Қазақстан тарапы өз ұлттық мүддесін алға қоя отырып, екіжақты байланыстың тиімді тұстарын ескеріп, Орталық Азияның ішкі интеграциясына және әлемдік саясаттың басқа да қатысушыларымен әріптестік байланысын нығайта беруі тиіс деп есептейміз.   

El.kz: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға