Жаңалықтар

Вейптерге қатысты заң Мәжіліске қайтарылды

Вейптерге қатысты заң Мәжіліске қайтарылды
Фото: © Pixabay.com 14.03.2024 12:02 429

Бүгінгі Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң халықты сапалы және толықтай медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу арқылы зиянды өтеуге мемлекет кепілдік берген пациенттердің құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында әзірленді.

Заңмен мыналарға:

— медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге;

— медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін енгізуге;

— медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер белгілеуге, медициналық мамандықтың мәртебесі мен тартымдылығын арттыруға;

— вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салуды, сондай-ақ шегілмейтін темекі заттарын, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды жарнамалауға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулер ұсынылды.

Заңды қарау барысында Сенат мыналарды:

шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, оларға демеушілік көрсету үшін жауаптылықты регламенттейтін нормаларды алып тастауды;

шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің тауар белгісінің элементтерін және (немесе) атауын пайдалана отырып, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға, сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделер ұтыс ойындарын, лотереяларды өткізуге тыйым салуды белгілеуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілетін түзетулермен әскери дәрігерлердің әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтін ақылы медициналық қызметпен айналысу құқығы бекітіледі. «Резидент-әскери дәрігер» деген жаңа ұғым енгізіледі, осыған байланысты оларды оқыту, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың мерзімі, әскери лауазымға тағайындау және әскери қызметтен босату мәселелері регламенттеледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға