Жаңалықтар

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 02.03.2023 09:00 1136

Алматы қаласындағы Сәтбаев университетінде «Верный шыңы: Қазақстандық команданың жаңа бағыты» атты деректі фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мансұр Сансызбайұлы Әлімханов, Сәтбаев университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры:

«Бұл фильмнің таныстырылымы біздің университетте ұйымдастырылуы жайдан-жай емес. Негізі тарихи жағынан Сәтбаев университеті альпинизмнің қара шаңырағы саналады. Себебі Қазбек Уәлиев бастаған көптеген атақты альпинистер осы жерден шыққан. Себебі бізде спорт үйірмесі бар, оның ішіндегі құзға өрлеу үйірмесін былтырдан бастап қайта жаңғырттық. Қазіргі уақытта 30 студент осы спорт түрімен тұрақты түрде айналысуда».

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

Деректі фильмге 2022 жылы Халықаралық спорттық альпинизм федерациясы (ISMA) ұйымдастыруымен альпинизмнен өткен әлем чемпионаты негіз болған. Халықаралық сайыс кезінде Қазақстан құрамасы Орталық Тянь-Шань тауының қиындық санаты 6В болатын солтүстік-батыс қабырғасы бойымен Верный шыңына алғашқы болып көтерілген болатын. Сол жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет бірінші орынды жеңіп алып отыр.

Шынайы оқиғаға негізделген деректі фильмдегі негізгі көріністерді түсірген қатысушылардың өздері. Яғни олар тек шыңға өрмелеген спортшы ғана емес әр түрлі қиындықтағы кадрларды қорықпай түсірген бейнеоператор да бола білген. Команда құрамында: Тен Максим Валентинович (спорт шебері), топ жетекшісі және Шестернин Роман Валерьевич (спорт шебері), Крупа Леонид Андреевич (спорт шебері), Абдураимов Зәкіржан Зәріпжанұлы (спорт шеберлігіне үміткер), Лайнопуло Станислав Федорович (І орта деңгей). Сонымен қатар командар жаттықтырушылары: Скопин Артем Алексеевич (спорт шебері), Титов Вячеслав (спорт шебері) болған.

Одан бөлек панорамалық көріністерді дронмен түсірген операторлар Николай Матюшин, Александр Ананьин, Михаил Головко.

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

«Верный шыңы: Қазақстандық команданың жаңа бағыты» атты деректі фильмнің идеясы мен сценарий авторлары әрі фильмді монтаждағандар Роман Шестернин мен Леонид Крупа. Анимациялық әсерлерді жасағандар Михаил Головко мен Леонид Крупа.

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

Альпинистер жүріп өткен бұл жолдың жалпы ұзындығы 1670 м, бүкіл трассаның биіктік айырмашылығы 910 метрді құраған.

Верный құзы биіктігі 5250 метр мұның Кафедралды собор, Минск шыңы, «Тянь-Шаньдық Пти-Дрю» сынды бірнеше атаулары бар. Ол Орталық Тянь-Шань, Батыс Көкшаал-Тоо жотасы аймағында орналасқан, қара гранит тастардан түзілген үлкен қабырға.

«Бұл ауданның өрмелеу аймақтары әлдеқайда аз, басқа шыңдарға қарағанда азырақ зерттелген, бірақ мүлде «бос орын» деп те айтуға болмайды. Ауданның өзі ауа-райының тұрақсыздығымен ерекшеленеді, яғни мұнда «күн-қар-боран-қайта күн» болып, бір күнде бірнеше рет өзгеріп отырады», - дейді қазақтан шыққан тұңғыш альпинист, геология-минералогия ғылымының кандидаты Қазбек Уәлиев.

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

«Верный шыңындағы команда таңдаған бағыттың басты ерекшелігі мыналар болды: ең алдымен қабырғаның тіктігі, оның негізгі бөлігі тік қабырғалардың сериясын, ішкі бұрыштар мен каминдерді бейнелейді. Бұл жердің бедері қиын, монолитті, мұздықтарға тік шаншылғандай үшкір, сондай-ақ біз таңдаған сызбаның эстетикалық сұлулығы - яғни құздың ұшар басына дейін тікесінен тік жүрерліктей болғаны бізге жеңіс әкелді», - дейді топ жетекшісі Максим Тен.

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

Фильм шыңға өрмелеудегі бір сапарда болған қиын да қызықты сәттерді 50 минутқа сыйғыза білген. Қайталанбас әсерлі кадрлар мен үйлесімді музыка және актерлердің қағытпа қалжыңдары фильмнің қызықтылығын арттыра түскен. Жалықтырмайды, бір сағатқа жуық уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласың.

Осы фильмнің жарыққа шығуына ұйытқы болғандар Қазақстан Республикасының альпинизм және спорттық өрмелеу федерациясы, «Тұйық су» альпинистік лагері және Алматы қалалық альпинизм федерациясы.

Фильмді дайындағандардың айтуынша, бұл жоба коммерциялық емес, тек қана альпинизмнің танымалдылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түсірілген.

Экстремалды жағдайда түсірілген деректі фильмнің алғашқы көрсетіліміне еліміздегі барлық альпинистер қауымы шақырылған екен. Шара соңына Қазбек Шәкімұлы барлық альпинистік топқа арнайы естелік сыйлықтар табыстады.

Верный шыңын бағындырған Қазақстан құрамасы

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстандық альпинистердің «Гималай қақпасы» Эверест шыңын бағындырғанына 40 жыл толды. Осы уақыт аралығында: 249 қазақстандық өз еркімен шыңға шыққан немесе 68 экспедицияға қатысқан болса, сегізмыңдық шыңдарға 170 рет көтерілген, 12 шыңға тұңғыш рет жол салған, 2 рет «Piolet d’Or Asia» атты Азияның алтын мұз балтасын, 1 рет «Piolet d’Or» атты Әлемнің алтын мұз балтасын иеленген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға