Жаңалықтар

Вакцина әйелдердегі онкологияның өсуін тоқтатуы мүмкін

Вакцина әйелдердегі онкологияның өсуін тоқтатуы мүмкін
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 12.03.2024 13:15 355

Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық иммундау бағдарламаларының басшылары, жетекші клиницистер, республикалық және өңірлік деңгейдегі денсаулық сақтауды ұйымдастырушылар үшін ДДҰ-ның адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау мәселелері жөніндегі апталық республикалық семинар-тренингі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Семинардың қатысушыларына АПВ-ға қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі, онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының профилактикасы,  вакцинациялауға деген сенім туралы жаңартылған ақпараты бар оқу модульдері ұсынылды.

Бүгінгі таңда иммундау еліміздің халық денсаулығын сақтау саласындағы ұлттық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. АПВ-ға қарсы вакцинациялау адам папилломасы вирусымен зақымдану деңгейін және онкологиялық аурулардың, әсіресе жатыр мойны обырының (ЖМО) дамуын төмендетеді. Қазақстанда жыл сайын ЖМО-ның 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан жыл сайын 600-ден астам әйел қайтыс болады, - деп атап өтті ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова.

ДДҰ Қазақстандағы өкілі адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялаудың көмегімен жатыр мойны обырының жиілігін айтарлықтай төмендетуге болады деп есептейді.

Қаржылық тиімді және дәлелді медициналық-санитариялық іс-шараларды, соның ішінде қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялауды, сондай-ақ обыралды зақымданулардың скринингі мен емдеуді жүргізу және обырдың инвазивті түрлерін диагностикалау мен емдеуге қолжетімділікті кеңейту арқылы біз жатыр мойны обырын қоғамдық денсаулық проблемасы ретінде жоя аламыз және бұл ауруды өткен кезеңге қалдыра аламыз. Жатыр мойны обырынан бірде-бір әйел өлмеуі керек. Біздің күш-жігерімізді біріктірейік. Жатыр мойны обырын жоюға  барлық елдердің күші жетеді, - деп атап өтті ДДҰ-ның ҚР-дағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыла, АПВ-ға қарсы вакцинациялау мәселелері бойынша семинар-тренингке қатысушыларға сөйлеген сөзінде.

Адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцина 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанда қолданылады.

Еуропа, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Латын Америкасы елдерінің көпшілігін қоса алғанда, әлемнің 117 елі адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакциналарды өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді.

Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізу 2024 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

ДДҰ ұсынымына сәйкес АПВ-ға қарсы вакцинациялау үшін қажетті топ-9-14 жас аралығындағы қыздар болып табылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық вакцинациялау күнтізбесіне сәйкес ДДҰ ұстанымын және Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультациялық тобының ұсынымдарын ескере отырып, 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізу жоспарлануда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға