Қазақстанда жарияланған бос жұмыс орындарының 30-40 пайызына қажетті маман табылмайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында айтты.
Министрдің мәліметінше, Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер 840 мыңға жуық бос жұмыс орнын жариялаған. Олардың басым бөлігіне қазақстандықтар орналасқанымен, кейбір салаларда маман тапшылығы әлі де байқалады.
Жалпы, азаматтарымыз бос жұмыс орындарының 60-70 пайызына орналасады. Алайда 30-40 пайыздай жұмыс орны толтырылмай қалады. Сондықтан жұмыс берушілер бос орындарды уақытылы толтыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға мәжбүр, – деді Асқарбек Ертаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстанға үш мыңға жуық шетел азаматы жұмыс істеуге келеді. Бұл ретте шетелдік мамандар негізінен жергілікті еңбек нарығында кадр жетіспейтін салаларға тартылады.
Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды сұранысқа ие мамандықтарға даярлау және жұмысқа орналастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ еңбек нарығына қажетті мамандарды оқыту тетіктерін жетілдіру көзделген.