Жаңалықтар

Ұзақ өмір сүру үшін не істеу керек? Әйелдерге кеңес

13.05.2025 17:33 18195
Ұзақ өмір сүру үшін не істеу керек? Әйелдерге кеңес

Статистикаға сүйенсек, дүние жүзінде әйелдер ерлерден орта есеппен 4-5 жылға ұзағырақ өмір сүреді екен. Ал Қазақстанда бұл айырмашылық одан да көп – шамамен 8 жыл: 2024 жылғы дерек бойынша қазақстандық әйелдердің орташа өмір жасы 79,42 жыл болса, ерлердікі 71,33 жыл. Неге бұлай? Әйелдердің ұзақ өмір сүруінің құпиясы неде және сіз өз өміріңізді қалай ұзарта аласыз? Бүгін осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғаймыз.

Әйелдер ерлерге қарағанда неге ұзақ өмір сүреді?

Әлемдегі ең қарт адамдардың көпшілігі – әйелдер. Бұл құбылысты ғалымдар бірнеше себеппен түсіндіреді, әрі барлығы да қарапайым әрі түсінікті факторлар:

  • Табиғаттың генетикалық сыйы. Әйел ағзасында екі Х-хромосома болады, бұл генетикалық қорғаныс қызметін атқарады. Бұл артықшылық ауыр науқастарға қарсы тұруға көмектеседі.

  • Эстроген гормоны. Бұл гормон жүрек пен қан тамырларын қорғайды, сүйектерді қатайтады, жасушалардың қартаюын баяулатады.

  • Әдеттер мен өмір салты. Әйелдер денсаулығына жиі көңіл бөліп, дәрігерге уақытылы қаралады. Олар зиянды әдеттерге аз әуес, дұрыс тамақтануға бейім келеді.

  • Эмоциямен жұмыс істей білу. Әйелдер ішкі сезімін жиі сыртқа шығарып, жылау арқылы жеңілдейді. Бұл күйзелісті азайтып, жүйке жүйесін сақтайды.

Әрине, бұл орташа көрсеткіштер. Ал ұзақ әрі мағыналы өмір сүру үшін әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек. Ендеше, төмендегі кеңестер кез келген жастағы әйелге пайдалы болмақ.

Ұзақ өмір сүрудің 5 құпиясы

  1. Дұрыс тамақтану. Ағзаңызға пайдалы тағамдар беріңіз. Көкөніс, жеміс, жаңғақ, дәнді дақылдар, сапалы ақуыз көздері – бәрі денеңізді қоректендіреді. Қант пен қуырылған тағамдарды азайтып, тойып емес, жеткілікті мөлшерде тамақтаныңыз.

  2. Қозғалыс – тіршіліктің негізі. Күніне 30 минуттық жаяу серуен немесе жеңіл жаттығулар жасау денсаулықты жақсартып, ағзаны сергітеді. Лифтінің орнына баспалдақпен көтеріліңіз, үйде еркін қимылдап, би билеңіз – қозғалыстың кез келген түрі пайдалы әрі өміріңізге оң әсер етеді.

  3. Стресске берілмеңіз. Күйзелісті басқаруды үйреніңіз. Жақсы ұйықтаңыз, хоббиіңізбен айналысыңыз, тыныс алу жаттығуларын жасап көріңіз. Сабыр сақтауды әдетке айналдырсаңыз, көңіл күйіңіз де, денсаулығыңыз да жақсара түседі.

  4. Әлеуметтік белсенділік. Достарыңызбен, туыстарыңызбен араласыңыз. Адаммен сөйлесу, бөлісу, жылы сөз айту да – рухани күш. Қоғаммен байланыс үзілмеген адам жалғыздыққа ұшырамайды, ол – денсаулық кепілі.

  5. Зиянды әдеттерден аулақ болыңыз. Темекі, алкоголь, ұйқыны дұрыс қантпай жүру – бұлар ағзаны тез әлсіретеді. Бұл әдеттерді ерте тоқтатып, орнына пайдалы дағдылар енгізсеңіз, өміріңізге үлкен өзгеріс әкелесіз.

Ұзақ өмір сүру – тек табиғаттың сыйы емес. Бұл – күнделікті жасап жүрген әрекетіміздің, өмір салтымыздың нәтижесі. Тамақтану, қимыл-қозғалыс, позитивті ойлау, жақсы адамдармен араласу – бұлар сіздің болашағыңызға жасалған ең жақсы инвестиция. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға