Ұйықтамайтын Астана: түнгі қаланың көзге көрінбейтін батырлары

 коллаж AI / El.kz
Фото: коллаж AI / El.kz

Түнгі Астананың көркіне көз тоймайды. Кейбір тұрғындар қаланың кешкі келбетін Нью-Йорк пен Дубайға ұқсатады. Себебі елорда – ешқашан ұйықтамайтын қала. Түн ортасы ауғанда кімдер жұмыс істейді? Бір түнде Астанада қанша шам жанады? El.kz интернет-порталы Астананың түнгі экономикасына шолу жасап көрді.

Тұрғындар тәтті ұйқы құшағына енгенде, Астананың тіршілігі қыза түседі. Бірі науқастардың өмірі үшін күрессе, енді бірі қоғамдық тәртіпті күзетеді. Ал қала көшелерінде такси жүргізушілері мен курьерлердің қозғалысы таң атқанша тоқтамайды.

Бүгінде халқы миллионнан асқан елорда тәулік бойы қозғалыстағы мегаполиске айналды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың басында Астана халқы 1 662 755 адамға жетті. Қала экономикасының бір бөлігі дәл осы түнгі уақытта жұмыс істейді.

Фото: El.kz

Түнгі қаланың көрінбейтін кейіпкерлері

Астана түнде ерекше кейіпке енетінін жоғарыда айттық. Күндізгі қарбаластың орнын жарыққа малынған көшелер мен даңғылдар басады. Бірақ бұл әсем көріністің артында мыңдаған адамның еңбегі жатыр.

Түнгі ауысымда жұмыс істейтіндердің қатарында дәрігерлер, жедел жәрдем қызметкерлері, полиция инспекторлары, өрт сөндірушілер, күзетшілер, коммуналдық сала мамандары, әуежай және теміржол қызметкерлері, такси жүргізушілері мен курьерлер бар.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, Астанадағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,3 пайызды құрайды. Қаладағы еңбек нарығының қарқынды дамуы қызмет көрсету секторындағы тәулік бойы жұмыс істейтін кәсіптердің көбеюіне ықпал етуде.

Фото: El.kz

№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының медбикесі Сайра Есімхан үшін түнгі ауысым – үйреншікті жұмыс тәртібі. Ол аптасына 4-5 рет түнгі кезекшілікке қалатынын айтты.

Ауру уақыт таңдамайды. Көп жағдайда балалардың дене қызуы дәл түнде көтеріліп жатады. Сондықтан ата-аналар алаңдап, ауруханаға жүгінеді. Түнгі уақытта кішкентай пациенттер жиі түседі. Олардың әрқайсысына ерекше мейірім мен қамқорлық қажет. Кейде бала қорқып жылайды, кейде ата-анасының өзі абдырап тұрады. Ондай кезде тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да қолдау көрсету маңызды, – дейді Сайра Есімхан.

Кейіпкеріміздің сөзінше, түнгі ауысым күндізгі жұмыстан әлдеқайда күрделі. Өйткені балалардың жағдайы күтпеген уақытта өзгеруі мүмкін.

Түнде қала тынышталып қалғандай көрінеді. Бірақ ауруханадағы өмір бір сәтке де тоқтамайды. Біз үшін ең бастысы – баланың жағдайын тұрақтандырып, ата-ананың көңіліне сенім ұялату, – дейді медбике.

Сайра Есімхан секілді мыңдаған медицина қызметкері елорда тұрғындарының денсаулығын тәулік бойы күзетіп жүр. Олардың еңбегі көбіне көзге көрінбегенімен, түнгі Астананың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды салалардың бірі болып қала береді.

Астананы не үшін Нью-Йоркке ұқсатады?

Астананы алғаш көрген шетелдік туристердің көбі қаланың түнгі келбетін ерекше атап өтеді. Биік ғимараттардың жарығы, көпірлердің безендірілуі, әкімшілік нысандардың иллюминациясы қаланы әлемдік мегаполистерге ұқсатады.

Сәулетші-урбанист, Vision Zero Community қоғамдық қорының жетекшісі Ерқанат Заитовтың пікірінше, Астананы Нью-Йоркпен немесе Дубаймен салыстыру кәсіби урбанистикалық бағалаудан гөрі әсерлі метафораға көбірек ұқсайды. Бұл қалалар ауқымы, даму тарихы, экономикасы, климаты, халық тығыздығы, көлік жүйесі, туристік ағыны және тұрғындардың өмір салты тұрғысынан бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді.

Фото: El.kz

Мысалы, Нью-Йорктің өзінде ғана 8 миллионнан астам адам тұрады, ал агломерациясындағы халық саны 20 миллионнан асады. Бұл – жұмыс орындары, туристер және тәулік бойы қызмет көрсетуге сұранысы өте жоғары әлемдік қаржы орталығы. Ал Дубай халықаралық бизнес, логистика және туризм хабы саналады, онда шетелдік тұрғындардың үлесі өте жоғары. Астана болса мүлде басқа жағдайда дамып келеді және өзге міндеттерді атқарады, – дейді урбанист.

Дегенмен жарықтандыру жүйесі Астананың өзіндік брендіне айналған. Әсіресе Есіл жағалауы, Тұран даңғылы мен Мәңгілік Ел даңғылын көрген жұрт қаланың түнгі көрінісін Нью-Йорк, Дубай немесе Сингапурға ұқсатып жатады.

Астананы Нью-Йоркпен немесе Дубаймен заманауи сәулеті мен ғимараттардың жарықтандырылуына қарап салыстыруға да сақтықпен қараған жөн. Себебі жарқын сәулеттік жарықтандыру мен зәулім ғимараттар – қаланың сыртқы келбетін айқындайтын белгілер ғана. Астананың ерекшелігі басқа мегаполистерге ұқсастығында емес, оның әлемдегі ең жас астаналардың бірі ретінде қатаң дала климаты жағдайында бой көтеруінде. Қысқа тарихи кезең ішінде мұнда елдің жаңа әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы қалыптасты, – дейді Ерқанат Заитов.

Урбанистің айтуынша, Астананы «қазақстандық Нью-Йорк» немесе «Орталық Азиядағы Дубай» ретінде емес, жергілікті климатты, мәдениетті, өмір салтын және Қазақстан тұрғындарының қажеттіліктерін ескеретін өзіндік даму жолын іздеп жатқан дербес қалалық құбылыс ретінде қарастырған әлдеқайда қызықты.

Бір түнде қанша шам жанады?

Астана қаласы әкімдігінің және «Астана қалалық жарық» мекемесінің мәліметтеріне сәйкес, қалада шамамен 50 мыңнан астам жарық нүктесі жұмыс істейді. Оның ішінде көшелер, даңғылдар, саябақтар, жаяу жүргіншілер аймақтары мен қоғамдық кеңістіктер бар.

Ресми деректер бойынша, қаланы жарықтандыру үшін тәулігіне орта есеппен 67 мың кВт/сағат электр энергиясы жұмсалады. Ай сайын бұл көрсеткіш шамамен 2 миллион кВт/сағатқа жетеді.

Фото: El.kz

Бұл көрсеткіш жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Қыс мезгілінде қараңғы уақыт ұзақ болғандықтан, энергия шығыны да артады.

Қаланың жарықтандырылуы тек эстетикалық міндет атқармайды. Сапалы жарық қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.

Түнгі экономика қарқынды дамуда

Әлемдік тәжірибеде «түнгі экономика» ұғымы бар. Оған тәулік бойы жұмыс істейтін қызмет көрсету орындары, көлік жүйесі, қауіпсіздік құрылымдары мен логистикалық қызметтер кіреді.

Астанада бұл сектор жыл сайын кеңейіп келеді. Онлайн жеткізу қызметтерінің дамуы, тәулік бойы жұмыс істейтін дәріханалар мен дүкендердің көбеюі қала тұрғындарының өмір салтын өзгертті.

Дегенмен түн ортасынан кейін де түрлі қызмет салаларының жұмыс істеуі қаланың күрделеніп, көп функциялы жүйеге айналып келе жатқанын көрсетеді. Бұл тәуліктің әртүрлі уақытында қызметтерге сұраныстың бар екенін және «кешке ұйықтайтын қала» моделінен икемдірек қалалық ырғаққа көшу процесін аңғартады, – дейді сәулетші-урбанист.

Оның пікірінше, қаланың тәулік бойы белсенді болуы оның дамығанын толық көрсетпейді. Маңыздысы – қоғамдық кеңістіктердің сапасы, көліктің қолжетімділігі, көшелердің қауіпсіздігі және тұрғындардың қаланы кез келген уақытта еркін пайдалана алуы.

Астана үшін мұндай ырғақтың артықшылықтары да, қиындықтары да бар. Артықшылықтарына экономикалық белсенділіктің артуын, қосымша жұмыс орындарының ашылуын, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлылықтың өсуін жатқызуға болады. Ал қиындықтары қатарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сапалы жарықтандыру, көліктің қолжетімділігі, шу деңгейін бақылау, қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстау және коммуналдық қызметтердің түнгі уақытта тиімді жұмысын ұйымдастыру мәселелері бар, – дейді Ерқанат Заитов.

Сарапшылар пікірінше, халық санының өсуі мен урбанизацияның күшеюі түнгі экономиканың да қарқынды дамуына әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы жылдары Астана халық санының өсу қарқыны бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі болып отыр. Қала халқының тұрақты өсуі қызмет көрсету саласына, көлік инфрақұрылымына және тәулік бойы жұмыс істейтін сервистерге сұранысты арттыруда.

Фото: El.kz

Шын мәнінде, түнгі уақытта дамыған қаланың басты көрсеткіші – жарқырап тұрған ғимараттардың саны емес. Негізгі өлшем – көшедегі адамдардың болуы, қоғамдық көліктің жұмыс істеуі, қауіпсіз қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігі және тұрғындардың автокөліксіз де еркін әрі жайлы қозғала алуы. Қалалық ортаның сапасын әлемдік мегаполистермен сырттай салыстырудан гөрі, дәл осы критерийлер анағұрлым нақты бағалауға мүмкіндік береді, – дейді урбанист.

P/s: Түнгі Астана – жарқыраған шамдар мен зәулім ғимараттар ғана емес. Бұл – тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін көз ілмей еңбек ететін мыңдаған адамның маңдай тері. Қала ұйқыға кеткен сәтте де оның жүрегі соғуын тоқтатпайды, ал сол ырғақты сақтап тұрғандар – түннің көрінбейтін кейіпкерлері.

Оқи отырыңыз