2027 жылы Қазақстанда 500, 1 000 және 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноттар айналымнан шығарылады. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін бұл ақшамен дүкендерде төлем жасау мүмкін болмайды.
Ұлттық банктің мәліметінше, ескі және жаңа үлгідегі банкноттар қатар айналымда жүрген кезеңде сауда орындары олардың екеуін де қабылдауға міндетті. Алайда бұл мерзім аяқталған соң ескі банкноттар заңды төлем құралы болып саналмайды.
Қандай банкноттар айналымнан шығарылады?
2027 жылы мына банкноттарды айналымнан шығару көзделген:
- 500 теңге (2017 жылғы үлгі) – 24 желтоқсанға дейін;
- 1 000 теңге (2014 жылғы үлгі) – 27 наурызға дейін;
- 10 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 27 маусымға дейін қолданыста болады.
Осы мерзімдерден кейін аталған банкноттармен тауар сатып алуға және қызмет ақысын төлеуге болмайды. Дегенмен оларды айырбастау мүмкіндігі сақталады.
20 000 теңгелік банкнот қашан жаңарады?
2027 жылы жаңа үлгідегі 20 000 теңгелік банкнотты айналымға енгізу жоспарланған. Осыдан кейін 2013–2015 жылдардағы үлгідегі банкноттар біртіндеп айналымнан алына бастайды. Ескі және жаңа банкноттар қатар қолданыста болған кезеңде тұрғындар екеуімен де төлем жасай алады.
Айта кетейік, 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкнот 2026 жылдың маусымында айналымнан шығарылған.
Бастапқыда 10 000 теңгелік ескі банкнотты да сол уақытта айналымнан шығару жоспарланған еді. Алайда оның халық арасында кеңінен қолданылуына байланысты Ұлттық банк бұл мерзімді бір жылға ұзартты. Ал 2027 жылы монеталарды айналымнан шығару жоспарланып отырған жоқ.
Ескі ақшаны қайда және қашанға дейін айырбастауға болады?
Айналымнан шығарылған банкноттарды екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде үш жыл ішінде айырбастауға болады. Банкноттарды айырбастау мерзімі:
- 500 теңге (2017 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 25 желтоқсаннан 2030 жылғы 24 желтоқсанға дейін;
- 1 000 теңге (2014 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 28 наурыздан 2030 жылғы 27 наурызға дейін;
- 2 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2026 жылғы 25 маусымнан 2029 жылғы 24 маусымға дейін;
- 10 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 28 маусымнан 2030 жылғы 27 маусымға дейін.
Белгіленген мерзімде ақшасын айырбастап үлгермеген тұрғындар Ұлттық банктің аумақтық филиалдарына жүгіне алады. Онда айналымнан шығарылған банкноттар мерзім шектеусіз қабылданады.