Жаңалықтар

Үйіне оралған азаматтар саны 20 мыңға жақындады

Үйіне оралған азаматтар саны 20 мыңға жақындады
Фото: ТЖМ 19.04.2024 11:05 653

Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 118 180 адам құтқарылып, эвакуацияланған, оның ішінде 44 254 бала, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева жедел ақпарат ұсынды.

Оның айтуынша, Су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 19 715 адам үйлеріне оралды. Эвакопункттерде 8 821 адам қалады, оның ішінде 3 885 бала. 4 370 тұрғын үй мен 2 737 аула аумағынан су бұрылды.

10,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,4 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 989 жеке тұрғын үй, 1 091 аула аумағы су астында қалуда, - деді спикер.

ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті атқаруда. Жедел желі телефонына 1 971 қоңырау түсті.

Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 44 137 адам,  4 642 техника, 858 су сору құралы, 341 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылды, сондай-ақ волонтерлер де белсенді қатысуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға