Үйдегі Wi-Fi қауіпсіз бе? Желіні қорғаудың қарапайым бес жолы

Үйдегі Wi-Fi қауіпсіз бе? Желіні қорғаудың қарапайым бес жолы
Фото: unsplash.com/ Dreamlike Street

Үйдегі Wi-Fi желісі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Телефон, ноутбук, теледидар, тіпті «ақылды» шамдар мен тұрмыстық құрылғылар да бір роутерге қосылады.

Алайда желі дұрыс қорғалмаса, оған бөтен адамдар қосылып, интернет трафигін пайдалануы немесе жеке деректерге қауіп төндіруі мүмкін.

Мамандар үйдегі Wi-Fi желісінің қауіпсіздігін арттыру үшін бірнеше қарапайым қадамды ұсынады.

Роутердің әкімшілік логині мен құпиясөзін өзгертіңіз

Көптеген роутерлерде бастапқыда «admin/admin» немесе «admin/1234» сияқты стандартты логин мен құпиясөз орнатылып тұрады. Мұндай деректерді өзгеріссіз қалдыру қауіпті.

Роутердің басқару панеліне әдетте браузер арқылы кіруге болады. Оның мекенжайы құрылғының сыртындағы жапсырмада көрсетіледі. Көбіне бұл 192.168.0.1 немесе 192.168.1.1 болады.

Басқару жүйесіне кірген соң стандартты логин мен құпиясөзді бірден ауыстырған дұрыс. Құпиясөз кемінде 12 таңбадан тұрып, бас және кіші әріптерді, сандар мен арнайы белгілерді қамтығаны жөн.

Қауіпсіз шифрлау түрін таңдаңыз

Wi-Fi желісінің қорғанысы қолданылатын шифрлау стандартына да байланысты. WEP секілді ескірген хаттамалар қазіргі қауіпсіздік талаптарына сай келмейді.

Роутер қолдайтын болса, WPA2-PSK (AES) немесе одан да заманауи WPA3 стандартын таңдаған дұрыс. WPA3 алдыңғы нұсқаларға қарағанда бұзуға төзімдірек саналады.

Желі құпиясөзі де қарапайым болмауы керек. «12345678», «qwerty», туған күн немесе телефон нөмірі секілді оңай комбинациялардан бас тартқан жөн. Құпиясөз неғұрлым ұзын әрі күрделі болса, желіні бұзу да соғұрлым қиын болады.

Қонақтарға бөлек желі ашыңыз

Үйге келген қонақтарға негізгі Wi-Fi құпиясөзін берудің орнына бөлек қонақ желісін пайдалануға болады.

Көптеген заманауи роутерлерде Guest Network функциясы бар. Оны іске қосып, жеке атау мен құпиясөз орнатуға болады.

Мұндай желіге «ақылды» колонка, шам, розетка сияқты интернетке қосылатын тұрмыстық құрылғыларды да қосуға болады. Егер роутерде Client Isolation функциясы қарастырылса, оны қосқан жөн. Бұл қонақ желісіндегі құрылғылардың негізгі желідегі басқа құрылғыларға қол жеткізуін шектейді.

Қандай құрылғылар қосылғанын тексеріп тұрыңыз

Wi-Fi желісіне қанша құрылғының қосылып тұрғанын көп адам біле бермейді. Ал тізімде бөтен құрылғы болса, бұл тек интернет трафигінің жұмсалуына емес, қауіпсіздікке де қатер төндіруі мүмкін.

Роутердің басқару панеліндегі «Қосылған құрылғылар», «Клиенттер тізімі» секілді бөлімдерден желіге қосылған барлық құрылғыны көруге болады.

Егер белгісіз телефон, компьютер немесе басқа техника байқалса, оны желіден ажыратып, Wi-Fi құпиясөзін ауыстырған дұрыс.

Роутердің бағдарламалық жасақтамасын жаңартыңыз

Роутердің firmware деп аталатын ішкі бағдарламасын жаңартып отыру да маңызды.

Өндірушілер құрылғылардағы осал тұстар анықталған сайын қауіпсіздік жаңартуларын шығарады. Алайда көптеген қолданушы бұл жаңартуларды орнатуды елемейді.

Роутер баптауларынан «Firmware Update» немесе «Бағдарламалық жасақтаманы жаңарту» бөлімін тауып, жаңа нұсқаның бар-жоғын тексеруге болады. Қажет болса, өндірушінің ресми сайтынан да құрылғы моделіне арналған соңғы жаңартуды қарастырған жөн.

Үйдегі Wi-Fi қауіпсіздігі күрделі техникалық білімді талап етпейді. Стандартты құпиясөзді ауыстыру, заманауи шифрлауды таңдау, қонақ желісін пайдалану, қосылған құрылғыларды бақылау және роутерді уақтылы жаңарту – жеке деректер мен үй желісін қорғаудың ең қарапайым әрі тиімді тәсілдерінің бірі.

Оқи отырыңыз