Үйде отырып миллионер атану: Астанада AI-фестиваліне өтінім қабылдау басталды

 Astana AI Film Festival
Фото: Astana AI Film Festival

Елордада жасанды интеллект көмегімен түсірілген қысқаметражды туындылардың Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық байқауы жарияланды.

Ұйымдастырушылар дүниежүзілік доданың шымылдығы түрілгенін айтып, ресми порталда өтінім қабылдауды бастап кетті. Бәске тігілген қаламақы көлемі - қомақты 1 миллион АҚШ доллары.

Заманауи технология мен шығармашылықты ұштастырған бұл жобаның егжей-тегжейін анықтадық.

Astana AI Film Festival

Байқаудың биылғы негізгі тақырыбы - «The future worth living in» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Жауапты шешім қабылдайтын қазылар алқасының басты талабы -  ұсынылатын туындының басынан аяғына дейін тек жасанды интеллект желілері арқылы таспалануы. Яғни адам сипаттамасы (промпт) негізінде нейрожелі өз бетінше бейнебаян әзірлеп шығуы тиіс.

Режиссерлер бақ сынайтын екі негізгі бағыт белгіленді:

Басты тақырыптық бағыт: болашақ әлемнің бейнесін ерекше концепциямен суреттеу.

Astana AI Film Festival

Ашық секция: Мұнда қатысушылар бес кәсіби номинация (үздік режиссура, визуалды тіл, үздік сюжет, ерекше идея және үздік кейіпкер) бойынша өзара бақ сынайды.

Байқау ережесіне сәйкес, үміткерлердің еңбегі 3 минуттан 10 минутқа дейінгі қысқаметражды шеңберді қамтуы шарт. Мамандардың пайымдауынша, 2,5 ай мерзім - сапалы дүние шығаруға әрі ойды жинақы жеткізуге ең қолайлы уақыт.

«The Future of Worlds Within» - бұл біз ертеңін көргіміз келетін бейнелер әлемі. Креаторлар бүгіннен бастап іске кірісе алады. Ой қорытып, туындыны таспалауға тура екі жарым ай уақыт беріледі, - деп атап өтті жоба авторы Айзатулла Хуссейн.

Қаржылық бәйге: жүлде қоры қалай үлестіріледі?

Халықаралық доданың бір миллион долларлық қаламақысы келесідей тәртіппен бөлінеді:

Басты тақырып бойынша:

Бас жүлде (Гран-при): 450 000 доллар;

 ІІ орын: 200 000 доллар;

 ІІІ орын: 100 000 доллар.

Astana AI Film Festival

Ал ашық секцияның бес дербес номинациясы бойынша оқ бойы озық шыққан әр жеңімпазға 50 000 доллардан табысталады.

Мұндай қомақты қаржылай ынталандыру - отандық креативті индустрияның әлемдік аренада салмағын арттыруға септігін тигізбек. Ұйымдастырушы Алмас Жалидің айтуынша, бұған дейін мұндай ірі сыйақы тек Дубайдағы халықаралық форумда ғана тігілген. Алайда ол жақта бүкіл қаржы бір ғана авторға берілсе, Қазақстандағы дода бірнеше таланттың бағын ашуға мүмкіндік береді.

Ең маңыздысы - бұл қаражатқа мемлекет қазынасынан бірде-бір теңге жұмсалмаған. Ұйымдастыру алқасы қаржыны толықтай отандық және халықаралық жеке инвесторлар есебінен құраған. Ал мемлекеттік органдар шетелдік қонақтарды күту, логистика және инфрақұрылым жағынан ғана қолдау көрсетеді.

Astana AI Film Festival

Іріктеу кезеңдері: маңызды мерзімдер

Жобаның уақыт кестесі нақты бекітілген:

25 мамыр – 15 тамыз: Өтінімдерді қабылдау кезеңі. Ниет білдірген кез келген үміткер aaiff.ai ресми порталы арқылы тіркеле алады.

15 тамыз – 15 қыркүйек: Қазылар алқасының сараптауы. Әлем бойынша түсетін мыңдаған жұмыстың ішінен ең үздік 30-40 туынды шорт-параққа іріктеліп алынады.

1 қазан: Астанадағы EXPO аумағында қорытынды іс-шаралардың басталуы. Іс-шара ауқымды Жасанды интеллект апталығымен (Astana AI Week) ұштасады.

3 қазан: Салтанатты марапаттау рәсімі және жеңімпаздар есімін жариялау.

Astana AI Film Festival

Кәсіби студияның қажеті жоқ: үйде отырып бақ сынау мүмкіндігі

Байқаудың басты ерекшелігі - қолжетімділігінде. Бүгінде кәсіби камера, қымбат жарық құрылғылары немесе үлкен түсірілім тобы жоқ таланттардың өзі тек интеллектуалды әлеуеті мен идеясы арқылы миллиардтар нарығына жол тарта алады.

Қатысу тәртібі қарапайым:

  1. Нейрожелі көмегімен 3-тен 10 минутқа дейінгі бейнебаян әзірлеу.
  2. Дайын еңбекті YouTube платформасына немесе Google Диск қоймасына жүктеу.
  3. Ресми сайтқа сілтемесін жолдап, қысқаша аннотация қалдыру.

Ескерту: Егер туынды YouTube-ке жүктелсе, сипаттама бөліміне міндетті түрде «Special for Astana AI Film Festival» тіркесін, автордың аты-жөнін және #SpecialForAAIFF хэштегін жазу қажет.

Канн деңгейіндегі амбиция

Қазақстанның бұл қадамы - әлемдік үрдісті уақытында аңғарудан туған стратегиялық шешім. Классикалық кинофестивальдер форматында Канн немесе Венеция сынды алпауыттармен бәсекелесу қиын екені даусыз. Алайда жасанды интеллект кинематографиясы - әлі ешкім еншілемеген, дәстүрі қалыптаспаған жаңа соқпақ.

Қазірден бастап осы көштің басында тұру - елімізді алдағы 5-6 жылда цифрлық өнердің жаһандық орталығына айналдыруға жасалған үлкен қадам.

Авторы: Қаламқас Нысанбай

Оқи отырыңыз